Қарағанды облысында ақбөкендер 150 гектар аумақтағы арпаны таптап тастады. Шаруалар пайдаға асар өнім қалмағанын айтып арызданып отыр, деп жазады Egemen.kz ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Шет ауданында 150 гектар алқапқа арпа еккен Аман Кәрібаевтың егістігі бос қалды. Ол киіктер табынын қанша қарауылдаса да жылдам қозғалатын оларды тоқтатып үлгермеген. Кейінгі кездері жиі қайталанған бұл құбылыстан егістік киіктерге тапталып, бос қалған. Енді шаруа кімнен өтемақы сұрарын білмей дал болып отыр.
«Еккен арпаларым жүз шақты сиырдың азығы еді. Киіктер шегірткедей қаптап келіп қалады. Қорықшылармен бірігіп қанша қуса да айналып келе береді. Біз олармен қандайда да бір жолмен күресуіміз керек. Әйтпегенде бәріміз бірге нансыз қаламыз», деді Аман Кәрібаев.
Оқиға орнына инспекторлар барып, акт жасағанымен, шығынды өндіріп алатын ешкім болмаған. 2023 жылы Қарағанды облысында киіктердің егін алқаптарын таптаған 23 жағдайы тіркелген. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай жағдай практикада болмағанын алға тартып, шығынды өтеу механизмі белгіленбегенін мәлімдеді.
«Біз мұндай мәселемен бұрын соңды айналысқан емеспіз. Ақбөкендер үй жануары емес, сондықтан оларды бір бағытқа айдап, қамап ұстай алмайсың. Енді егінді олардан қорғаудың тәсілін қарастыру керек. Мотоциклдерге мініп оларды баяу айдайтын топ болғаны жөн секілді», Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев.
1 жылдың ішінде Бетпақдалада өрген киік саны 700 мыңнан 1 миллион 150 мыңға дейін өсіп, таралу географиясы ұлғайған. Мамандар болашақта егістік алқаптары киіктер үшін сүйікті орынға айналуы мүмкін деп болжап отыр.