Жақында әлемнің ең биік шыңын бағындырған танымал отандық альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Анар Бұрашева, сондай-ақ аты аңызға айналған Ле-Ман автожарысының мерейтойлық сайысына Қазақстан атынан алғаш рет қатысқан Александр Артемьев «Арыстан» мамандандырылған лицейінде, «NNEF» қоғамдық қорының филиалында кездесу өткізді. Спортшылар лицей оқушыларына кәсіби жетістіктері жайлы баяндап, алдағы мақсаттарын бөлісіп, жастарды жігерлендіріп, оларды жетістікке жетуге шабыттандырып қайтты, деп жазады Egemen.kz.
Лицей оқушыларының алдында сөз сөйлеген майор Мақсұт Жұмаев әлемнің ең биік шыңын бағындырған сәттегі әсерімен бөлісті.
«Біз биіктігі 8848 метр Эверест шыңын бағындырып келгенімізге екі-үш апта ғана болды. Қазақтың екі қызы - Анар Бұрашева мен Жәмиля Башированың Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Эверестті бағындыруы айтулы оқиға», деді ол.
Джомолунгма биігін үш дүркін бағындырған Мақсұт Жұмабаев лицей оқушыларымен алдағы күзде қайта қауышып, шыңды бағындыру жайлы түсірілген деректі фильмді көрсететіні туралы айтты. Мақсұт Жұмаев бұл жолғы биіктікті бағындырған сәтін Қазақстанның біртуар батырлары – армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың және Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлованың жүз жылдық мерейтойына арнағанын мәлімдеді.
«Лицейде жасалған жағдайларға қарап, балалардың дамуы мен өсуі үшін орасан зор мүмкіндіктер жасалғанын айтуға болады, ал олардың қатаң конкурстық іріктеуден сүрінбей өткендігі олардың қажырлы еңбегінің көрсеткіші. Олардың алда зор, өршіл мақсат қоя біліп, сол мақсатқа жетулеріне тілектеспін», деді Эверестті алғаш бағындырған қазақ қызы Анар Бұрашева.
«Ең алдымен, кездесу көңілімнен шыққанын айта кетейін. Әуелде, бәрін басқаша елестеткен едім», деп автокросстан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Александр Артемьев кездесуден алған әсерімен бөлісті.
«Мұнда балалар тек спорттық және әскери пәндерді оқиды деп ойладым, бірақ лицей оқушылары сурет салып, музыкалық аспаптарда ойнайтынын, робототехникамен де айналысатынын көрдім. Мұғалімдердің де құрамын қарап шықтым және тек әскери мамандарды ғана емес, жалпы білікті мамандарды дайындап шығаратына сенімдімін. Менің ойымша, шығармашылық орта, тіпті оқушылардың мүмкіндігінше жан-жақты дамуына, бойындағы таланттарын ашуына өте қолайлы орта жасалған деп айтар едім», деді Александр Артемьев
«Арыстан» лицейінің тәрбиеленушілеріне спортшылар өздерінің кәсіби жетістіктері туралы айтып берді. Балалар өз кезегінде спортшылардың қай жастан бастап кәсіби спортпен айналыса бастағаны жайлы, кәсіпқой спортшыларды не шабыттандыратыны және не алаңдататыны, қандай мақсаттар қойып, сол мақсатқа қалай жетуді жоспарлайтыны жайлы түрлі сауал қойды. Кейіннен спортшылар озат оқушылардың ашық рейтингімен танысып, сыныптардағы заманауи интерактивті панельдердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін бағалай алды.
«Балалардың көздерінде от бар, олардың бойынан интеллект, қызығушылық, білімге деген құштарлықты көрдім. Әрине, әскери тәртіптің аздап әсері бар, кейбірінің сұрақтары жаттанды, бірнеше рет дайындалған сияқты көрінгенімен, десе де балалар мені таң қалдыра алды. Қазір олар жеке пікірін, өмірге деген көзқарастарын қалыптастыратын өте қызықты кезеңде. Балалардың сәттілік пен жетістікке жетіп, мақсатты дұрыс қойып, басымдықтарды айқындай білуге үйренуіне тілектеспін», деді Александр Артемьев.
Лицей қонақтары білім ордасын аралап, тир, бассейн, көркем шығармалар көрмесін тамашалап, оқыту үрдісінің қалай ұйымдастырылғанын бағалап, лицей оқушыларының жетістіктерімен, соның қатарында спорттың үш түрінен әлем чемпионы атағын жеңіп алған лицейдің он бірінші сынып оқушысының жетістігімен танысты.
«Арыстан» лицейінде «Бірегей тұлғалармен кездесу» форматындағы іс-шаралар ай сайын өткізіледі. Лицей оқушыларына әскерилер, спортшылар, өнер қайраткерлерімен кездесу ұйымдастырылып отырады. Мұндай кездесулер болашақ офицерлердің ой-өрісін кеңейтуге, олардың бойында жеке қабілеттерін дамытуға және өршіл мақсаттар қоя білуіне септігін тигізіп, олардың түрлі салаларда жоғары нәтижелерге жетуіне шабыттандырары сөзсіз.