Инвестициялық әлеует біртіндеп артып келе жатыр. «ASER» консалтинг агенттігі арнайы зерттеу жасап, еліміздің инвестициялық тартымдылығына қатысты бірқатар факторды тізбелейді. Оның ішінде – қолайлы географиялық орналасу, тұрақтылық пен ашықтық және инфрақұрылымды белсенді дамыту бар.
Үш маңызды критерий
Консалтинг агенттігінің пайымынша, жобаны бағалау кезінде инвестор өзіне капиталды салу немесе салмау туралы шешім қабылдауға көмектесетін бірнеше маңызды критерийді назарға алады:
Рентабельділік. Инвестор бірінші кезекте жобаның күтілетін кірістілігіне талдау жасайды. Олар бизнестің рентабельділік индексіне (PI), өсім әлеуетіне, ақша ағынына, инвестиция қайтарымына (ROI) және басқа да маңызды қаржылық көрсеткіштерге бағалау жүргізеді. Өтеу мерзімі. Инвесторлар үшін салған капиталдан түскен таза кірістің шығынмен теңесетін мерзімін білу өте маңызды. Мерзімді бағалау кезінде есептеудің қарапайым немесе динамикалық тәсілі қолданылады. Қарапайым бағалау көп жағдайда өтелу мерзімі 1-3 жыл аралығын құрайтын қысқамерзімді жобаларды есептеу үшін қажет болады. Ал динамикалық тәсілмен есептеген жағдайда кірістің әрқалай түсімі және мүмкін тәуекелдер ескеріледі, сондықтан бұл тәсіл әлдеқайда дәл болып саналады. Тәуекел деңгейі. Тәуекелдер әртүрлі болуы мүмкін: қаржылық, нарықтық, операциялық, құқықтық және тағы басқа.
Инвесторларды қайдан табуға болады?
Республикада әртүрлі жеке және мемлекеттік инвестициялық агенттіктер бар. Сонымен бірге, жоба үшін әлеуетті инвесторларды іздеумен айналысатын ұйымдар да жұмыс істейді. Компания солардың ең маңыздысы мен танымалдарын тізбелейді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры». Шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға арналған мемлекеттік қор кәсіпкерлікті дамыту үшін грант пен инвестицияларды қоса алғанда, түрлі бағдарлама мен құрал ұсынады. «Ғылым қоры» АҚ. Қорды Білім және ғылым министрлігі құрған (кейін бұл ведомствоның атауы және құрылымы ауысып кетті). Ол жоғары коммерциялық табыс әкелуі мүмкін перспективалы ғылыми жобаларды гранттық қаржыландырумен қамтамасыз етеді. Кандидаттарға қойылатын басты талап – ел экономикасының басым салаларындағы маңызды міндеттерді шешу. Қор қызметі шеңберінде 140-тан астам жоба жүзеге асып үлгерді.ASER сарапшылары түрлі жобаларды қаржыландыратын негізгі банктік ұйым ретінде Еуропалық қайта құру және даму банкін айтады.
«Банк түрлі саладағы (энергетика, инфрақұрылым, химия өнеркәсібі, туризм, агроөнеркәсіп кешені, «жасыл» технологиялар) шағын және орта бизнесті қолдайды және қаржыландырады. Елдегі жұмыс істеген уақытында банк жалпы сомасы 10 млрд доллардан асатын 300-ден аса жобаны қаржыландырды. Қазір де бұл қаржы ұйымымен ынтымақтастық сәтті жалғасып жатыр», делінеді зерттеуде.
Елде сондай-ақ стартаптар үшін ресурс пен қолдау ұсынатын бизнес инкубаторлар мен акселераторлар бар. Соның ішіндегі ең танымалдары:
Astana Hub. Хаб Techpreneurs, Scalerator, Startup Academy, Seed Money деп аталатын түрлі инвестициялық бағдарламалар көмегімен стартаптар мен инновациялық жобаларға қаржылық қолдау көрсетеді. Tech Garden. Бұл – инновациялық жобалар мен технологиялық стартаптарды қолдауға мамандандырылған бизнес инкубаторы мен акселераторы. Мұнда табиғи жер қойнауын пайдаланушылар инвестор болады. Nuris Technopark. Технопарктің мақсаты – технологиялық жобалар мен инновациялық стартаптарды қолдау және дамыту. Резиденттерге 2 бағдарлама қолжетімді, олар – 12 аптаға созылатын «ABC Incubation» және 10 аптаға есептелген «QUICK START XIV».Елімізде өсім әлеуеті жоғары жас компаниялар мен стартаптарды қаржыландыратын бірнеше венчурлық қор жұмыс істейді.
MyVentures. Компанияның басымдық беретін бағыттары – fintech, e-commerce, жасанды интеллект, медицина, корпоративтік бағдарламалық қамтамасыз ету. Activat VC. Қор әлі даму сатысында тұрған перспективалы IT-стартаптарды іздейді. Sturgeon Capital. Жоғары технологиялық стартаптарды іздеумен және дамытумен айналысатын британиялық инвестициялық компания. Falconry. IT саласындағы жобаларды қолдауға маманданған қор. Кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлерге эксперттік қолдау көрсетумен айналысады.
Кедергілер мен тәуекелдер
Салалар мен өңірлерді дамытудың жалпы стратегиясының болмауы; Өңірге инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың қаралып отырған өңірдің нақты қажеттіліктерімен үйлеспеуі; Жер учаскелерін бөлу үдерісінде инфрақұрылым мен ашықтықтың жоқтығы; Техникалық жағдай және қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің әлсіздігі; Газдандырудың жүйесінің баяулығы, электр энергиясының тапшылығы және қойма үй-жайларының болмауы.Еліміз 2029 жылға таман экономика айналымын 450 млрд долларға жеткіземіз және соған дейін 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартамыз деп жоспарлап отыр.