Дүниежүзілік экономикалық форум маусым айында жаһандық гендерлік алшақтық туралы жыл сайынғы есебін жариялады. Алғаш рет 2006 жылдан бері жарияланып келе жатқан есептің биылғы шығарылымы 146 мемлекетті қамтыған. Оның 102-сі жыл сайынғы есепте үзіліссіз талданып келеді.
Гендерлік алшақтық индексі 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшенеді және әлем бойынша гендерлік алшақтықтың азаю не өсу мөлшерін есепке алады. Гендерлік паритетке жету және елдердің гендерлік алшақтығын бағалау үрдісі білім деңгейі, денсаулық әрі өмір сүру көрсеткіші, экономикалық белсенділік пен мүмкіндіктерге қолжетімділік және саяси құқықтарды кеңейту секілді төрт өлшем бойынша жүргізіледі. Зерттеуде қамтылған мемлекетаралық салыстырулар гендерлік алшақтықты жоюдың ең тиімді саясатын анықтайды.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, 2024 жылы гендерлік паритет аздаған көрсеткішпен алға жылжуды көрсетті. Дегенмен қарқынды өзгеріс деңгейі жоқ. Әлемде ер мен әйел арсындағы тепе-теңдікке жету үшін индекстің экономикалық және саяси аспектілері бағаны бойынша ең ұзақ уақытты талап етеді. Осыған қарамастан индекс алғаш жарияланған 2006 жылдан бері көп салада ілгерілеушілік бар. Кейінгі онжылдықта бүкіл әлемде экономикалық және саяси салалардағы гендерлік паритет айтарлықтай жақсарды. Мысалы, жоғары басшылық, министрлер мен Парламенттегі лауазымдардың жалпы паритеті екі есеге артты.
Биылғы басылымға енгізілген барлық 146 ел бойынша 2024 жылғы жаһандық гендерлік алшақтық көрсеткіші 68,5% көрсеткішті берді. Өткен жылғы басылымға енгізілген 143 елдің тұрақты үлгісімен салыстырғанда, жаһандық гендерлік алшақтық 68,5-тен 68,6%-ке дейін қысқарды. 2006 жылдан 2024 жылға дейін үздіксіз қамтылған 101 елде гендерлік алшақтық көрсеткіші оң нәтиже көрсетті. Биылғы деректерге сүйене отырып, толық тепе-теңдікке жету үшін әлі 134 жыл қажет болатыны анықталды.
2024 жылғы Жаһандық гендерлік алшақтық есебі ешбір ел толық гендерлік теңдікке қол жеткізбегенін көрсетсе де, басылымға енгізілген экономикалардың 97%-ы гендерлік теңдікте 60%-дан астам алшақтықты жойғанын көрсетті.
Әлемдік рейтинг деректерін сараласақ Исландия (93,5%) қайтадан 1-орында және он жылдан астам уақыт қатарынан индексте көш бастап келеді. Сондай-ақ, ол гендерлік алшақтықты 90%-дан астамға қысқартқан жалғыз экономика. Үздік 10-ға кіретін қалған тоғыз экономиканың сегізі өз алшақтықтарының 80%-дан астамын қысқартты.
Аймақтар бойынша Еуропа (75%) мен Солтүстік Америка (74,8%) гендерлік алшақтықты қысқарту көрсеткіші бойынша алда келеді. Орталық Азияның паритетке ұмтылысы 2006 жылдан бері +2,3 көрсеткішке өсіп, 69,1%-ға жетті. Аймаққа кіретін 7 мемлекеттің ішінде Армения (72,1%), Грузия (71,6%) және Қазақстан (71%) топ басында.
Зерттеуге сүйенсек, Қазақстан жалпы рейтингте 71%-дан 76-орынға орналасты. Бұл – әлемдік орта ұпайдан жоғары көрсеткіш (68,6%). Жалпы, Қазақстан индекстің 4 негізгі индикаторының Білім беру және Денсаулық сақтау бойынша жаһандық орта ұпаймен тең, ал Экономикалық белсенділік пен мүмкіндіктер индикаторы бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Индекске сүйенсек Саяси құқықтарды кеңейту өлшемі жаһандық көрсеткіштен біршама төмен.
2024 жылғы есепте қамтылған 146 экономиканың ішінде денсаулық сақтау және өмір сүру саласындағы гендерлік алшақтық – 96, білім беру саласындағы үлгерім алшақтығы – 94,9, экономикалық қатысу мен мүмкіндіктер алшақтығы – 60,5 және саяси мүмкіндіктер алшақтығы 22,5 пайызға қысқарған.
2006 жылдан бастап ішкі индекстер 101 елдің тұрақты үлгісіне сүйене отырып, әртүрлі жерде өзгерді. Тұтастай алғанда, ең маңызды өзгеріс саяси мүмкіндіктерді кеңейтуде орын алды. Онда соңғы 18-басылымда паритет жалпы 8,3%-ға өсіп, 22,8%-ға жетті. Экономикалық қатысу, мүмкіндіктер және білім деңгейі бойынша паритет сәйкесінше 4,8 және 4,2 пайызға өскен. Денсаулық сақтау және өмір сүру 2006 жылмен салыстырғанда орташа төмендеу байқалған жалғыз қосалқы индекс (-0,2 тармақ).
Жаһандық гендерлік алшақтық есебіндегі деректерге сүйенсек, Денсаулық пен өмір сүру саласындағы гендерлік алшақтықты жою уақыты әлі белгісіз. Әрбір жеке субиндекстің даму қарқыны олардың тиісті мерзіміне тепе-теңдікке әсер ететінін ескере отырып, биылғы нәтижелер білім деңгейінің паритетін күтуді 20 жылға дейін (2023 жылдан бастап +4 жыл) және саяси мүмкіндіктерді кеңейтуді 169 жылға дейін (2023 жылдан бастап +7 жыл) ұзартты. Сонымен бірге экономикаға қатысу мерзімдері мен мүмкіндіктерін 152 жылға дейін (2023 жылдан бастап -17 жыл) ұзартқанын көруге болады.
Есеп әлемдегі гендерлік теңдіктің өзгеріс динамикасын саралауға, деректерді ғылыми негізде талдауға, аталған бағытта тиімді реформалар мен шешімдерді қолға алуда қосымша көмекші құрал бола алады.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы