Боз даланың бозторғайы атанған Кенен Әзірбаевтың мұрасы мәңгілік екеніне күмән жоқ. Биыл Кенекеңнің туғанына 140 жыл толып отыр. Әйгілі халық ақыны, композитор, әнші Кенен Әзірбаевтың мерейтойына қатысты іс-шараның бастауы тұлға туған топырақ Қордай жерінен басталуы заңдылық секілді.
Жамбыл Жабаев, Балуан Шолақ секілді дәуір дарабоздарымен рухани байланыс орнатқан даңқты өнер иесі бүгінде қазақ-қырғыз халқына ортақ тұлғаға айналып отыр. Содан да болса керек, Қордай топырағында өткен «Алатаудың бұлбұлы» атты халықаралық фестивальға асыққан Алатаудың арғы бетіндегі сүйегіне өнер қонған оғландар Тәңіртаудың бергі бетіне асты, оларды қордайлықтар бауырға басты.
Иә, мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шараға айыр қалпақты ағайындардың ақындары мен манасшылары арнайы ат басын бұрды. Кенен өнеріне бас иген олар осылайша ілтипат көрсетті. Өңірдің айтыскерлері мен жыршы-термешілері де Қордай төрінен табылып, аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараның көркін қыздырды.
«Қордайдың ғана емес, қазақ даласының мақтанышына айналған Кенен Әзірбаевтың мерейтойына орай қолға алынған іс-шараға еліміздің әр қиырындағы таланттар ғана емес, бауырлас елдің манасшылары мен ақындары да келіп жетті. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Осылайша, олар ақынның мұрасына құрмет көрсетіп отыр. Осының өзі-ақ даңқты дарын иесінің мұрасы ешқашан өлмейтіндігін айқындап тұр емес пе?» дейді аудан әкімі Бекзат Болатбеков.
Қоңырлатып ән салған қордайлық өнерпаздар қонақтарды сән-салтанатымен күтіп алған соң аудан басшысы көрші елден келген мәртебелі меймандарға деген құрметін көрсетіп, арнайы сый-сияпат ұсынды. Уақытында талай ірі додада атой салған Күміскүл Сәрсенбаева жырдан шашу шашып, екі ел арасындағы достық пен бауырмалдықты шұрайлы шумақтарына арқау етті.
Елдік пен бірлік, бауырмалдық мәселелері, Кенен шығармашылығы әңгімеге арқау болған іс-шара барысында қырғыздарды бастап келген Азиз Бимырзаұлы мен облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Ахметжан Өзбеков екі елдің төл өнерін өркендетуге бағытталған меморандумға қол қойды.
Ұлттық өнердің өріне шығып, төрінде қалған Кенен Әзірбаев мұрасы дәріптелген фестиваль барысында екі елдің өнерпаздары өнерлерін ортаға салды.
Айырқалпақты ағайындар тарапынан бірнеше еларалық айтыстың жеңімпазы Мамбеттокто Мамбеторозо, манасшы Төлөбек Мұсаұлы, төкпе ақын Турат Жұмашев, термеші Бакыт Акматов сахнаға көтерілсе, қазақтар жағынан «Жеті қазына» жобасының жүлдегері Мерей Абуева, күйші Дидар Басықараев, айтыскер ақындар Әсет Дүйсебаев пен Нұрлыбек Құрманов өнер көрсетті.
Екі елдің сөз ұстаған азаматтары бұл күні алқын-жұлқын айтысқа түсіп, қандай да бір бәйгеге таласқан жоқ. Кенен мұрасының тереңдігі мен кемелдігі, өміршеңдігі туралы тереңнен толғанды. Елдік пен бірлікті, бауырлас елдердің татулығын шұрайлы шумақтарына сыйғызып, пендешілік атаулыға парасат биігінен қарады.
Кейіннен жамбылдық айтыскерлер мен қырғыз елінен келген өнерпаздар шағын футболдан жолдастық кездесу өткізіп, ащы терін шығарды. Мұнда да достық жеңді. Әйтсе де, қонақ сыйлап үйренген жамбылдық оғландар футболға тігілген жүлдені қонақтарға тарту етіп, кісілік көрсетті.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы