• RUB:
    5.53
  • USD:
    471.46
  • EUR:
    504.79
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Маусым, 2024

Дерек пен дәйек

28 рет
көрсетілді

Еуропа чемпионатының тұсаукесер бәсекелері бұған дейін мынадай есептермен аяқталған еді: 1960 жыл: Франция – Югославия 4:5, 1964 жыл: Испания - Мажарстан 2:1 (қосымша уақыт), 1964 жыл: Италия – КСРО 0:0, 1972 жыл: Бельгия – ГФР 1:2, 1976 жыл: Чехословакия – Нидерланд 3:1 (қосымша уақыт) пен Югославия – ГФР 2:4 (қосымша уақыт), 1980 жыл: Чехословакия – ГФР 0:1, 1984 жыл: Франция – Дания 1:0, 1988 жыл: ФРГ – Италия 1:1, 1992 жыл: Швеция – Франция 1:1, 1996 жыл: Англия – Швейцария 1:1, 2000 жыл: Бельгия – Швеция 2:1, 2004 жыл: Португалия – Грекия 1:2, 2008 жыл: Швейцария – Чехия 0:1, 2012 жыл: Польша – Грекия 1:1. 2016 жыл: Франция – Румыния 2:1 және 2020 жыл: Түркия – Италия 0:3.

«Еуро-2024» турнирінің тұсаукесер кездесуінде Германия құрамасының жартылай қорғаушысы Тони Кросс әріптестеріне 102 рет пас берді. Соның 101-і оларға дәл жетті. Бұл – 99 пайыздық көрсеткіш! Сөйтіп, 1980 жылдан бергі кезеңді есепке алсақ, сол уақыттан бері өтіп жатқан қарт құрлықтың басты доп додасының жаңа рекордтық көрсеткіші тіркелді. Аталған жарыста өнер көрсететін ең жас футболшылардың тізімін Ламин Ямаль бастап тұр. Испанияның ұлттық құрамасы мен «Барселонаның» вингері 13 шілдеде 17 жасқа толады. Содан кейінгі орындарда – Лео Зауер (Словакия, «Фейноорд») мен Варрен Заир-Эмерри (Франция, ПСЖ). Олардың екеуі де 17 жастағы жас жұлдыздар. Германияда өтіп жатқан турнирдегі ардагер ойыншылардың алдыңғы легінде Пепе тұр. Португалия құрамасы мен «Порту» клубы қорғаушысының жасы 41-де. Ол 1983 жылдың 26 ақпанында туды. Дәл сол мемлекеттің мақтанышы әрі әлемдік футболдың шоқ жұлдызы Криштиану Роналду мен Хорватияның марқасқасы Лука Модрич 1985 жылдың тумалары. Роналду 5 ақпанда, Модрич 9 қыркүйекте дүниеге келді. 39 жасқа келсе де, жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүрген осындай ойыншылардың өнеріне тамсанбау мүмкін емес. Англияның футбол федерациясы отандастары «Еуро-2024» жарысының жеңімпазы атанған жағдайда командаға 11,3 миллион еуро көлемінде бонус беретінін жария етті. Ал ұлттық құраманың бас бапкері Гарет Саутгейттің есепшотына бірден 4,7 миллион еуро аударылады.