Жамбыл облысында жайылымда 2,5 мыңға жуық есек жүр. Жұртшылық олардың қайдан келгенін, қалай көбейгенін білмейді, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Есек үйірі Байзақ, Талас аудандарының өрісін толтырған. Әңгісі ақырып, биесі бақырып, 4 ауылдың берекесін алады дейді жұрт. Басында 1 700-дей болған есектің саны қазір 2 300 басқа көбейген. Бірақ бағытын қайырып бағып, өрістеткен ешкім жоқ. Сөйтсе, жер иесі есек жинаған азаматпен келісімді бұзып, қоршалған қораның есігін ашып жіберген.
- Бос жатқан жерді уақытша берген. Содан біз қолға алғаннан кейін ол ана келісімшарт жасасқан адаммен келісімін бұзды ғой, – дейді Байзақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рысалиев.
Белгілі болғандай, бұл есек өнеркәсібін дамытуға басталған жоба екен. Жеке адамның жерін жалға алған азамат жер-жерден 25-30 мыңнан есек алып, жинаған. Ендігі жерде оның санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша, инвестиция құюға ниет білдірген инвестормен өңір басшылары ақылдасыпты.
- Біз есек шаруашылығын дамытып, өнімін Қытайға алып кетпекпіз. Қазір есек басын 10 мың басқа жеткізу жоспары бар. Оның сүті, еті – түрлі дәрі шығаруға таптырмас шикізат. Сұраныс өте зор. Бізге бағуға, жем-шөбін әзірлеуге 10 мың гектардай жер болса жетеді. Әкімдікпен келіссөз жүргіздік, – дейді қытайлық инвестор Суй Чын Ын 31 арнаға берген жауабында.
Жоба іске асса, өңірге 50 миллион юань, яғни 3,5 милиард теңге инвестиция құйылады. Бұл ұсынысқа жергілікті биліктің бүйрегі бұрылғандай. Ал етінің елге тарап кетпеуіне еш күмән болмауы керек.
- Есектерге чип салып, сол чиптерді базаға енгізіп, тіркеуге алу мәселесі жолға қойылды. Абай атамыздың да «Есектің артын жусаң да мал тап» дегені бар, – дейді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкей.
Осылайша, көп ұзамай Жамбыл облысынан есек етін экспорттау қолға алынатын болды. Алайда әзірге жері жоқ инвестор мыңғырған есекті басы ауған жаққа жіберуге мәжбүр.