Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 34,8 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Жергілікті мемлекеттік органдарда еңбек етіп жүрген қызметшілердің 28-і Мемлекеттік басқару академиясының түлегі болса, 5 маман «Болашақ» бағдарламасын аяқтаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ақпанда өткен Президенттік жастар кадр резерві форумындағы: «Елімізде ел игілігі үшін қызмет етуге дайын дарынды, талантты жастар көп. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек. Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», деген сөзі елге қызмет етуді енді бастаған жас мамандардың айнымас бағдарына айналуға тиіс.
Ал жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт», деді. Осы қағида барлық мемлекеттік қызметшінің негізгі ұстанымы болуға тиіс. Себебі мемлекеттік қызметші – ел саясатын алға жылжытушы тұлға.
Күнделікті жағдайда «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» деген сөздерді жиі естіп жүрсек те, осы сөздердің мағынасына терең бойламаймыз-ау деген күдік бар. Жақсы маман атану үшін адам бойында терең білім, әдептілік, төзім, үлкен жауапкершілік қасиеттері болуы керек. Бүгінде кей жастар «отбасылық дәстүрді жалғастырамын» деген желеумен атасынан бері жалғасып келе жатқан мамандықты таңдаса, басқалары жүрек қалауымен ғана барады. Өз қалауымен таңдаған мамандық немесе кәсіп жасты биікке көтереді. Себебі ол өзі ұнатқан мамандықтың қыр-сырына жету үшін аянбай көп ізденіп, аянбай тер төгеді. Классик жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген ұлағатты сөзі бар. Мемлекеттік қызметші ғұламаның қағидаттарын басшылыққа алса, өзіне де, адамдарға да пайдасы тиіп, тұтастай алғанда қоғамды алға жылжытады. Осы тәмсіл Президент айтқан «Адал адам» тұжырымдамасымен де үйлесіп жатыр. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы оңай емес, жауапкершілігі зор. Кейде оның жұмысы уақытқа да бағынбай жатады. Тұрғындар тарапынан мемлекеттік органдар қызметіне көңіл толмаушылық та жиі кездеседі.
Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кіруде басы артық кедергілерді жою мен қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соңғы өзгерістерде жастарға көп мүмкіндік берілгенін атап өткен жөн. Оның бір мысалы, мемлекеттік тапсырыспен жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектер бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусы бойынша ең төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданады. Бұл жерде жас маманға қойылатын талап – дипломы 3,33 GPA-дан жоғары болуға тиіс. Басқаша айтқанда, дипломындағы бағалары балдық жүйе бойынша 85-89% болуы керек. Осы енгізілген жаңашылдық нәтижесінде елімізде жүзден астам түлек, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 10 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес лауазымдарға конкурссыз қабылданды. Мәселен, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлектері мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жұмысқа алынды. Дәлірек айтқанда, А.Ідірісова, Д.Қалдығали, А.Тілектес, А.Шаратдинова орталық мемлекеттік органдардың Мұғалжар, Мәртөк, Темір және Хромтау аудандарындағы аумақтық бөлімшелеріне, А.Құрмантаева Алға аудандық мәслихат аппаратына, Н.Мұрат, Н.Қалданова, Н.Рахметова, Н.Фанилова, Қ.Қалағанов Алға, Әйтеке би, Хромтау, Шалқар, Темір аудандарының әкімшіліктеріне жұмысқа қабылданды.
Мемлекеттік қызметке енді келген жастарға осы сала ардагерлерінің ақыл-кеңесі өте маңызды. Жас қызметшілердің кәсіби бейімделуіне көмек көрсету мақсатында Тәлімгерлер кеңесі құрылды. Кеңеске мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен С.Шаңғұтов, С.Ботағарин, М.Жекеев, А.Мырзалин, С.Қалдығұлова, С.Еңсегенұлы кірді. Осы күнге дейін жас қызметшілер аға буын өкілдерінен көптеген ақыл-кеңес алды. Тәлімгерлер кеңесінің бір отырысында конкурссыз жұмысқа қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер ант берді. Еркін форматта өткен басқосуда жастар «Ауылда жұмыс жоқ деп айтуға болмайды. Ниеттенген адамға міндетті түрде жұмыс табылады. Қазақ аулын біз көтермесек, кім көтереді?» деп бастама көтеріп, Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым», «Отан туралы» өлеңдерін жатқа оқыды. Жиынды «Біз – жас мемлекеттік қызметшілер, білімді, жігерлі жастарды алтын бесігіміз – ауылға жұмысқа шақырамыз!» деп қорытындылады. Арлы, намысты, қайратты, отансүйгіш жастарымыз қазіргі уақытта ауылда кәсіпкерлікті дамытып, балабақшалар мен мектептерде, медицина, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, түрлі үйірме мен спорттық секция ашып, ауыл өмірін жақсартуға барынша үлес қосқандары абзал. Дана халқымыз «Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» дейді. Қай уақытта болсын елдің жүгін арқалап, мемлекеттік қызметте жүргендердің еңбегі Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Осы мақсатта жас буын мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады деген үлкен сенім бар.
Роза ШУМЕКЕЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы департаментінің бас маманы