• RUB:
    5.53
  • USD:
    471.46
  • EUR:
    504.79
Басты сайтқа өту
Білім 26 Маусым, 2024

Білім платформасының білгірлері

312 рет
көрсетілді

Қазақстан жаһандық білім платформасын бағындыруға ұмтылып келеді. Бір топ ғалымның авторлық курсы білім, соның ішінде жоғары білім саласының өкілдеріне белгілі «Сoursera» платформасына енгізілді. Бұл үрдісті отандық жоғары білім «экспортының» бастауы деуге болатындай.

«Coursera» және Қазақстан

«Сourserа» – әлемдегі беделді жоғары оқу орындарындағы профессор, оқытушылардың курсын оқуға мүмкіндік беретін онлайн білім беру алаңы. «Сoursera.org» сайтындағы ашық деректерге сүйенсек, бұл білім платформасын қазір 148 миллионнан аса адам қолданады. Осы сайтта жоба туралы: «Coursera» – бүкіл әлем бойынша жеке тұлғалар мен ұйымдарға икемді, қолжетімді, жұмысқа қатысты онлайн оқы­туды қамтамасыз ету үшін 300-ден аса жетекші университетпен және компаниямен серіктес. Біз практикалық жобалар мен курс­тардан бастап жұмысқа дайын сертификаттар мен дипломдық бағдарламаларға дейін оқытудың көптеген мүмкіндігін ұсынамыз», делінген.

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан халқына» қорының қол­дау­ы­мен әлемдік деңгейдегі озық оқу орын­дары­ның білім беру платформасын қазақстандық студенттерге онлайн тегін пайдалануға жағдай жасады. Нәтижесінде, шетелдік үздік дәрістер қазақ тіліне аударылды. Еліміздің студенттері «Coursera»-дағы әлемнің алдыңғы ондығына кіретін университет профессорларының 100-ден аса курсын қазақ тілінде оқыды. Міне, екіжақты келісімнің тағы бір тиімді тұсы, кезекті жетістігі десек болар. Қазақстандық жоға­ры оқу орнының оқытушы-про­фессорлар құрамы енді әлем­ге әйгілі өздерінің авторлық дәріс­те­рін «Coursera» платформасына енгізуге мүмкіндік алды.

 

Жасушаға саяхат

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақ­стан өңірлік университеті биология кафедрасының қауым­дастырылған профессоры Гүлназ Садықанова авторлық кур­сын «Coursera» платформасына ұсын­ды. Оның «Эукариоттық жасу­шаның құрылымдық-функ­цио­налдық ұйым­дас­ты­рылуы немесе жасушаға саяхат» деп аталатын онлайн-курсы әлемдік білім платформасының техникалық талаптар мен маз­мұндық бөлік бойынша оң сараптамалық қоры­тын­дысын алды. Жақын арада про­фессор «Coursera Kazakhstan» коман­дасымен бірлесіп, курс материалдарын «Coursera» әлемдік плат­формасына жүктей бастайды. Осылайша, ол «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында автор­лық жұмысты платформаға орна­лас­тыр­ған алғаш­­қы отандық ғалым атанбақ.

– Менің зерттеу пәнім – жасуша биологиясы. Курстың мақcаты – жаcушаны күрделі биологиялық жүйе ретінде зерттеу, оны физиология, генетика, молекулалық биологияны меңгеруде қолдану. Менің жұмысымда жасуша тео­рия­­сы, жа­сушаларды ұйым­дас­­тыру түр­ле­рі, эука­риоттық жасу­­ша­­­ның құ­­ры­лымдық-функ­цио­налдық жү­­йе­­­лері, гене­ти­ка­лық ақпаратты сақ­­­тау, көбейту және енгізу жүйе­­сі ту­ра­лы соңғы мәлі­мет­тер беріл­ген, – деді профессор.

Кейіпкеріміз өзінің авторлық курсын университеттегі «EdSmart Premium» интерактивті бейне­жазбасының жаңа мульти­ме­диялық студиясында сапалы да­йын­дауға мүмкіндік алды. Цифр­лық зертхана бейне-аудио жаб­дық­­тармен жабдықталған, бұл оқы­тушыларға заманауи әдістер мен құралдарды пайдалана отырып, «Coursera» платформасы үшін білім беру контенті мен курс­тарын дайындауға жағдай жасайды.

 

Сакралды Маңғыстау

Ш.Есенов атындағы Каспий тех­но­логия­лар және инжиниринг универ­ситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бибайша Ілиясқызының «Сакралды Маңғыстау» кур­сы­ «Сoursera» платформасына ен­гі­зілді. Қазақ тілінде әзір­ленген атал­ған курс тарих, этно­гра­фия, архео­логия, өлке­тану, мәде­ниет­тану салалары бо­йынша ізде­ну­ші­лерге, киелі ескерт­кіштерге қызы­ғушылық танытатын көп­шілік­ке, туристерге, өзін-өзі жетіл­­діруге ұмтылатын жастарға арнал­ған.

Курстың авторы Маңғыстаудың қасиетті жерлері бойынша экспе­дицияға қатысқан, сол экспедицияда түсірген бейнефрагменттер мен ғылыми мақалаларды курсына енгізіпті. Курстың мазмұнында әлемдік ғылымда жиі қолданылатын «қасиеттілік» ұғымына және қандай да бір объектілер мен құбылыстарды қасиетті деп тану критерийлеріне түсінік беріледі. Неолит, петроглифтер, Маңғыстаудың түрлі кезеңдерінен алынған деректер беретін символдар, діни-мифологиялық рәсімдерді, эпи­та­фиялық жазбаларды, фольк­лор­лық, эпикалық мұраны өткізу объектілерінен бастап сақ­тал­ған Маңғыстау облысының символ­да­рының қасиетті мәні, оның жал­пы адамзат өркениетінің қалып­та­суындағы орны талданады.

Бұл курс бастапқыда отан­дық тыңдаушыларға ұсыны­ла­ды. Алдағы уақыт­та басқа мем­ле­­кет­тердің тыңдау­шы­лары үшін де ха­лық­­аралық деңгейге шы­ға­ры­­ла­ды.

 

Бизнесті жоспарлау

Қазіргідей нарықтық заман­да әр адам өз бизнесін бас­та­ғы­сы келеді. Сол себепті Х.Дос­­мұ­хамедов атындағы Атырау уни­верситетінің аға оқытушысы, менедж­мент магистрі Айнұр Тажи­денованың «Бизнес жос­парлау негіздері» атты онлайн-курсы бизнес, қаржы, экономика ба­ғы­тында оқитын студенттерге ғана емес, кәсіпкерлікке бет бұр­ған­дарға да пайдалы болатын секілді.

– «Онлайн-курсты студенттер ауди­торияға кірмей-ақ қалаған уақытында оқып, дәрістерді тың­дап, тапсырмаларын орындап, сертификаттарын алып келсе, тиісті бағасын ала алады. Бұл студентке де, оқытушыға да тиімді. Ал мен онлайн-курс есебінен босаған уақытымды ғылыми зерттеулерге, мақалалар жазуға арнаймын, – дейді курс авторы.

2024 жылдан бастап «Coursera» платформасында жасанды интел­лект негізіндегі «Course Builder» конструкторы қосылды. «Course Builder» арқылы қысқа уақыт ара­лығында жаңа курстарды құрас­тырып, платформадан сәйкес мазмұнды жылдам табуға болады. Бұл оқытушыларға өте тиімді.

 

Дұрыс пайымдау ғылымы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры Айгүл Тұрсынбаеваның «Логика – дұрыс пайымдау ғы­лымы» атты курсы «Coursera» ға­лам­дық платформасының ката­логіне енгізілді. Бұл курс Еуразия ұлттық университетінде Цифр­лық даму және онлайн оқыту департаментінің заманауи мате­риалдық-техникалық жабдық­та­рының көмегімен жазылған.

Қазақ тіліндегі бұл курс бола­шақ философтар мен заң­герлерге, гу­манитарлық ғылымдар бойынша білімін кеңейткісі келетіндерге де пай­далы болмақ. Оқу курсы рефлек­сияның формалары мен заң­дылықтарын зерттеуге және сы­ни тұрғыдан ойлау мен талдау­ды және қорытынды жасауды дамы­туға бағытталған.

– Бұл – тек теориялық қана емес, сонымен қатар ойлау мәдениетін дамытатын және өз ойын анық әрі түсінікті жеткізу­ге ықпал ететін практикалық курс. Логиканы мең­геру – жай ғана дайын біліммен қарулану емес, ең алдымен, дұрыс ойлау заңдылықтарын зерделеу, ақыл-ой мен парасаттылықты мең­геру, дәлелдерді қолдана білу, – деді А.Тұрсынбаева.

Автордың айтуынша, оқыту негізінен бейнероликтер, тегін онлайн оқулықтар және тапсырмалар арқылы жүзеге асырылады. Әр модульдің соңында QR-код арқылы қосымша материалдар бар. Сонымен қатар қажетті әрі жеткілікті әдістемелік талаптар мен ережелерді де табуға болады.

Соңғы жаңалықтар