Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады», деген еді.
Мемлекет басшысы еліміздің ішкі істер органдарында «Жұртқа жақын полиция» қағидатын енгізуді тапсырған болатын. Осы бағытта Ішкі істер министрлігі (ІІМ) арада өткен бес жылға жуық уақыт ішінде жұрт көңілінен шығатындай жұмыс атқарды ма? Бұл сауалға Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ-нің биылғы 22 қаңтарда өткізілген кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінде жауап берді деуге болады.
«Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек», деді Президент.
Әділі керек, елімізде қоғамдық тәртіп орнатуға бағытталған жұмыстар өз нәтижесін беріп, жасалған қылмыстар саны азайып келеді. Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, республикамызда бұрнағы жылы 136 429 қылмыс тіркелген болса, былтыр бұл көрсеткіш 120 842-ге дейін немесе 11,4 пайызға азайған. Алайда елорда мен үш өңірде қылмыс саны тіпті ұлғайып кеткен. Астана қаласында бұрнағы жылғы 14 672-ден 14 830-ға дейін, (немесе1,1 пайызға), Абай облысында тиісінше 2227-ден 4736-ға дейін (112,7 пайызға), Жетісу облысында 1777-ден 3191-ге дейін (79,6 пайызға), Ұлытау облысында 727-ден 1191-ге дейін (63,8 пайызға) көбейген.
Өкінішке қарай, былтыр полиция қызметкерлері тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар жиілеп кеткен. Бұрнағы жылы олардың саны 298 болса, өткен жылы 368-ге дейін немесе 23,5 пайызға ұлғайған. Бұл ретте, әсіресе Шымкент қаласының полицейлері «ерекше көзге түсіп», құқық бұзушылық санын тиісінше 23-тен 81-ге дейін, яғни 252,2 пайызға ұлғайтқан. Олардың ізін басқан әріптестері – павлодарлықтар бұл келеңсіз көрсеткішті 9-дан 19-ға (111,1 пайызға), қостанайлықтар 13-тен 24-ке дейін (84,6 пайызға), астаналықтар 21-ден 31-ге дейін (47,6 пайызға), атыраулықтар 9-дан 13-ке дейін (44,4 пайызға), түркістандықтар 17-ден 24-ке дейін (41,2 пайызға), жамбылдықтар 13-тен 18-ге дейін (38,5 пайызға) көбейткен.
Қоғамдық тәртіп сақшыларының бір бөлігі азаматтарға адал да сыпайы қызмет көрсетудің орнына, әкіреңдеп қалған әдеттерінен арылмай, ескіше жұмыс істеп жүргендігіне биылғы сәуір айында Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында болған қайғылы оқиға – айғақ. Нақты айтсақ, полицияның екі капитаны мотоцикл жүргізіп бара жатқан 17 жасар бозбаланы өздері мінген қызметтік көлікпен соңынан қуып, қатты соқтығысып, ол соның салдарынан қазаға ұшыраған. Осы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Екі полицейдің іс-әрекетіне қатысты жүргізілген қызметтік тергеу нәтижесінде олардың біреуі ішкі істер органындағы қызметінен теріс себеппен шығарылған, екіншісі атқарып жүрген лауазымынан босатылған.
Полицейлер арасындағы қылмыстық құқық бұзушылық, әсіресе есірткіге қарсы күрес саласында жиі байқалып жүр. Осы орайда Мемлекет басшысының жоғарыда аталған ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзіндегі: «Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет», деген өткір сыны жайдан-жай емес.
ІІМ-нің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы полицейлер 5 кило психоактивті заттарды тәркілесе, осы жылдың 4 айында ғана 234 кило «синтетиканы» қолға түсірген. 3 мыңдай құқық бұзушы құрықталып, 700-ден аса өткізу жолы жабылған, 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған. Оларға қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған. Кейінгі үш жылда 114 жасырын есірткі зертханасы табылып, соның 52-сінде синтетикалық есірткі дайындалып келген. Алайда, полицейлер есірткіге қарсы күреске барлық күш-жігерін салып отыр деу қиын. Себебі олардың кейбіреулері осы қылмыстық «бизнеспен» тікелей айналысқандығы немесе есірткі таратушыларға «қамқоршы» болып жүргендігі туралы деректер аз емес.
Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биылғы сәуір айында Жамбыл облысы Полиция департаментінің ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің екі бөлімшесінің бастықтарына, полиция подполковниктеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Олар есірткі заттарын заңсыз сақтаған адамды қылмыстық жауапқа тартпау үшін 5 млн теңге пара сұраған көрінеді.
Мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Алматы облысы Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, Алматы қаласында синтетикалық есірткінің ірі партиясын сатумен шұғылданып жүрген Алматы облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полиция майоры шеніндегі қызметкерін ұстаған.
Маусым айының басында ҰҚК-нің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен облыс Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша қозғаған қылмыстық істі тергеп жатқаны мәлім болды. Өскемен қаласының тергеу соты оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген.
Көші-қон полициясы қызметкерлерінің арасында да «алтын көрсе жолдан тайып» жүре беретін «періштелер» жылда ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Биылғы сәуір айында ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, Тараз қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметінің екі қызметкерін ұстаған. Оларға елімізге заңсыз келген шетел азаматтарына «жалпы қамқорлық» жасағаны үшін 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдік келтіріліп, қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен ішкі істер органдарындағы «қой терісін жамылған қасқырлардан» арылмай, «жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру оңайға соқпайтын сияқты. Дегенмен ІІМ басшылығы өз жүйесінде темірдей тәртіп орнату шараларын қолға алып жатқандығы көңілге үміт ұялатады. Нәтижесінде, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша елімізде жасалған қылмыстар саны былтырғы сәйкес кезеңдегі 51 945-тен 48 138-ге дейін, яғни 7,3 пайызға азайған. Полиция қызметкерлері тарапынан жол берілген құқық бұзушылықтар да тиісінше 205-тен 128-ге дейін немесе 37,6 пайызға кеміген. Осы оң үрдіс алдағы уақытта дәйекті жалғасын тапса, қоғамдық тәртіп нығайып, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты өмір шындығына айналатынына күмән жоқ.