Павлодар қаласындағы С.Торайғыров университеті театр актерлерінің ұстаханасына айналатын уақыт алыс емес. Осыдан бірер жыл бұрын жергілікті оқу орнында актерлік өнер мамандығы ашылған еді. Биыл алғашқы үш түлегін ұшырып, болашақ актерлер мемлекеттік емтиханға дайындаған Чеховтың «Шағала» спектаклін сахнаға сәтті алып шықты.
Торайғыров университетіндегі орындаушылық өнер кафедрасының негізінде 2021 жылы ашылған актерлік мамандықтың қазақша бөлімінде бүгінде 25 жас білім алып жатыр. Бұл мамандықтың ашылып, аяғына тұрып кетуіне Ж.Аймауытов атындағы қазақ театрының аға буын актерлері Жұмахан Доспаев пен Гүлжанат Омарова көп тер төкті. Ерлі-зайыпты қос актер театрдағы қызметтерінен қолдары қалт етіп босай қалса, университетке жүгіреді. Ала таңнан қара кешке дейін жастарға өнер нәрін сіңіріп, шар қайраққа салып жанығандай жігерлендіріп келеді. Жергілікті жастарды актерлікке баулысақ деген мақсаттарының алғашқы жемісін үлкен сахнадан көріп, көңілдері марқайған қос майталман еңбектерінің ақтала бастағанына көздері жеткендей.
«Ағаң кезінде сахна саңлақтары Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованың, өзім Хадиша Бөкеева мен Тұңғышбай Жаманқұловтың сыныбын бітірдік. Осы екі мықты мектептің өкілдері бірлесіп, Кереку жерінде актерлік мамандықтың негізін қалауға талпынып жатқан жайымыз бар. Бүгінде мұнда өзіміздің облыстың Баянауыл, Ақсу, Успен, Ақтоғай аудандарынан және Астана қаласы мен Моңғолиядан жастар келіп білім алып жатыр. Өңіріміздегі қазақ өнерінің қара шаңырағы – Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыка-драма театрында талантты әрі дарынды актерлер көп. Олардың басым бөлігі – Алматы мен Астана қалаларындағы белгілі оқу орындарын бітіріп келгендер. Өкінішке қарай, жас актерлер екі-үш жыл еңбек етіп, тәжірибе жиған соң, республика орталықтарына, туған өңірлеріне тартып тұрады. Себебі оларды мұнда тұрақты баспанамен қамту қиын, жатақханада тұрады, еңбекақылары да мәз емес. Осының кесірінен жастар тұрақтамайды. Театрда үнемі актерлер толқыны ауысып жататыны содан. Бұл кемшілікті ағаң екеуіміз бұрыннан айта-айта келіп, ақыры университет басшылығымен келісе отырып, осы бір мамандықты ашқан едік. Оқу орнының басшылығы, орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі Михаил Попондопуло, өзге де өнер азаматтары үнемі қолдаумен келеді», дейді Гүлжанат Омарова.
Жұмахан ағаның айтуынша, студенттер мұнда 4 жыл оқып, бакалавр мамандығын алып шығады. Өкініштісі, бүгінде актерлік өнер мамандығының толық жүйесі құрылып болмаған. Ең әуелі база жоқ, практикалық сахна да жоқ. Екіншіден, декорация жасап, костюм тігетін арнайы цех та жоқ. Студенттер сахна құдіретін сезінуі үшін базалық тұрғыдағы мұндай материалдық қажеттіліктер аса маңызды.
«Алдыңғы жылы актерлік мамандық бойынша республикада 33 грант бөлінсе, соның 3 грантын біздің студенттеріміз ұтып алды. Ал үшінші курсқа көшкен жастардың төртеуі грантпен білім алып жатыр. Актерлік шеберлік, сахна тілі, сахнадағы қозғалыс, сахналық жекпе-жек, т.б. актерге ең қажет сабақтарды өзіміз үйретеміз. Әріптесіміз Дәурен Әділ актер психологиясынан дәріс оқиды. Мұның сыртында би өнеріне, пластикалық қозғалысқа баулитын ұстаздары бар. Арнайы сабақтарға уақыт аз бөлінетініне байланысты студенттердің сабағы аяқталған соң, түстен кейін жоспардан тыс келіп, қосымша үйретеміз. Поэзия тіліне үйрету, тілдің мүкістігін жою, түрлі актерлік жаттығулар жасату, тағысын тағы толып жатқан істерді күнделікті ыждағаттылықпен жүргіземіз. Бір баламыз «ң» әрпін айта алмай келіп еді, көз ұзамай түзетіп алдық», деп қосты Жұмахан Рысқұлұлы.
Жуықта актерлік мамандықты тәмамдаған үш түлек – Ақмаржан Абраева, Заура Кенжебаева, Сайлау Төлепберген Ж.Аймауытов атындағы облыстық музыка-драма театрының кіші залында Чеховтың «Шағала» спектаклін өзге курстың студенттерімен, ұстаздарымен бірге сахналап, мемлекеттік емтиханнан сүрінбей өтті. Кейіпкерлер сезімдерінің шиеленіскен көріністерін бейнелейтін төрт перделі трагикомедия сонау 90-жылдардың соңында керекулік театрдың негізгі сахнасында қойылған екен. Классикалық шығарманы араға 26 жыл салып болашақ актерлер сахнаға қайта шығарып, театр майталмандарының үлкен бағасын алды. Университет ұжымы костюм, безендіру, реквизит пен гримдеу көп қаражатты талап ететіндіктен, театр басшылығына өтініш білдірген екен. Театр басшысы Арман Темірбек қолдан келген бар көмегін жасап, емтиханның өз деңгейінде өтуіне себепші болыпты.
«Шағаладағы» Аркадинаның рөлін ойнаған Заура Кенжебаева дипломдық жұмысқа бір жылдай дайындалғандарын жеткізді. Заураның арманы – үлкен сахнаға шығып, актриса болу. Алғашқы алған жоғары білімі ағылшын тілінің маманы болғанымен, балалық шақтағы арманы ақыры оны актерлік мамандыққа жетелеп әкелген. «Бала кезімде аудан орталығына театр келсе, анамнан билет сатып алуға ақша сұрап, көруге баратынмын. Сахнадағы актерлердің қимыл-қозғалысын кірпік қақпай бақылап, мен де сондай болсам деген арман-қиялым шарықтап кететін. Мектеп бітірген соң, үлкен қалалардың біріне барып, өнер саласына құжат тапсырғым келгенімен ата-анам рұқсат бермеді. Енді, міне, араға жылдар салып өзіміздің облыс орталығында ашылған актерлік мамандықты тәмамдап отырмын. Өзімді бақытты сезінемін. Қазіргі уақытта Аймауытов театрына жұмысқа тұруға үміткер ретінде құжаттарымды тапсырып қойдым», деп өзінің жоспарымен бөлісті жас маман.
«Жас сананы сахнаға баулуда қандай әдіс-тәсілдерге жүгінесіздер?» деген сауалға Жұмахан аға: «Актерлік өнер – тума таланттардың ісі. Ал оны әрі қарай жетілдіру талантты көре білген ұстаздың міндеті болмақ. Жастарды үлкен сахнаға баулуда классикалық шығармалардың маңызы зор. Себебі актер адам жан-жақты, сырт елдердің мәдениеті мен салт-санасынан, тұрмысы мен дәстүрінен хабардар, поэзиясын, сөз өнерін білетін жан болуы керек. Өзге халықтың менталитетін, мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін меңгермей тұрып, классикалық дүниелерді сахнаға алып шығу мүмкін емес. Осы себепті біз қазіргі уақытта жастарға шығармаларды көбірек оқытуға тырысып жүрміз. Жалпы, актердің көру, есту, иіс сезу қабілеттерінің өзі жұрттан ерекше болуы керек. Музыка өнерін жақсы біліп, әлем елдерінің тарихынан мағлұматы болуын да ескереміз. Осы қасиеттерді тәулік бойы бойларына сіңіре берсе, ондай адамнан шебер актер шығады», деп жауап берді.
Бұған дейін актерлік өнер мамандығының студенттері М.Шахановтың «Танагөзін», М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» қойылымдарын көрсеткен. Ендігі ретте бұл қоржынға А.Чеховтың «Шағаласы» қосылды. Болашақта актерлік өнер бөлімінің репертуары тамаша туындылармен толығып, мазмұнды бола түседі деген сенім зор.
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Әділет Ақановтың пікірінше, жергілікті жоғары оқу орнында мұндай мамандықтың ашылуы әбден құптарлық.
«Түлектер тапсырған «Шағала» қойылымында қазылық етіп, өнерлеріне баға бердік. Соның ішінде Заура деген болашақ маманның актерлік қырын ерекше атап өтуге болады. Келешекте бұл қызды өзіміздің актерлік құрамнан көріп қаламыз деген ойдамын. Ал жалпы актерлік бөлімнің жұмысы жолға қойылғанын байқадық. Жұмахан аға мен Гүлжанат апамыз өз ісінің мамандары, олардың шәкірт баулудағы қадамы құптарлық. Дей тұрғанмен, жыл сайын шәкірт жинау қиынға түседі әрі оқу орнын бітірген жастарға жұмыс орнын табу машақат болады деп ойлаймын. Сондықтан бөлімге әр төрт жылда бір рет талапкерлерді қабылдаса дұрыс болар. Бұл әрі кадрларды сапалы даярлауға да мүмкіндік береді. Ауылдарда қаншама жас таланттың бары анық. Солар білетіндей етіп, аудан-қалаларда жарнамасын жасаса да дұрыс болар еді», деген ұсынысын жеткізді Ә.Ақанов.Театр майталмандарының айтуынша, актердің жұмыс құралы – өзі, әсем жүрісі, ширақ қимылы, мың түрлі мимикасы, әуезді үні, дауысы және өзіне тән харизмасы. Актер адам қашанда өзін тоқтаусыз дамытып, қимыл ептілігін, дауыс мүмкіндігін үнемі жетілдірумен қатар, іштей түрленуге тырысады. Осының барлығын бір арнада игеріп тоғыстыра білсе, өз орнын кез келген ортада айшықтайтыны айқын.
Осылайша, Кереку жерінде қазақ театр өнерінің жас актерлерін даярлайтын жаңа бір ұстахана пайда болып келе жатыр. Келешек жас дарындар Жұмахан Доспаев, Гүлжанат Омарова мектептерінің өкілдеріміз деп мақтанышпен айтып жүрер болса, бар ынта-жігерін бұл іске арнап келе жатқан қос сахна майталманының еңбегінің ақталғаны болар еді.
Павлодар облысы