• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2024

Шымкенттің сәнін кетірген келеңсіздік

75 рет
көрсетілді

Шымкент қаласындағы Ынтымақ-2 шағын ауданы маңайында тұрмыстық қалдықтар бейбе­ре­кет төгіліп, үлкен үйіндіге айналды. Ол жер Албастысай деп аталады. Белгісіз біреулер жүк көлік­терімен әкеліп төгіп кетеді. Жергілікті тұрғындар мен кәріз-тазарту құрылыстары кеше­нінің қызметкерлері бұл көріністі фотобейнеге түсіріп алған.

Қоқыс үйілген жерден шайынды су кешенінің басшысы мен жергілікті ауыл белсендісі жануарлардың өлексесін көрген. Күннің ыстығында қолқаны қабар иістен елді мекен халқы зардап шегіп отыр. Тазарту қондырғылары кешенінің зертханасында қоқыстан шығатын иістің құрамы тексерілді. Нәтижесінде, ауада зиянды заттар белгіленген мөлшер­ден едәуір асып кеткені анықталды.

Тиісті шара көру үшін жергілікті тұрғындар жүк көліктерінің нөмірлік белгілерін суретке түсіріп құзыретті органдарға жіберген. Неге екені белгісіз, қоқыс үйілген алаңға баратын жолға біреулер арықтар қазып, еден плиталар төсеген. Жағымсыз иіс бір бөлек, тұрмыстық қалдықтар ауыл халқына тағы бір проб­лема туындатып отыр. Бұл – өрттің шығуы. Қоқыс алаңында осыған дейін 2-3 рет өрт болған. Қызыл жалын Ынтымақ-2 шағын ауданындағы үйлер мен тазарту құрылысы кешеніне қауіп төндіріп тұр. Осыған байланысты өрт сөндірушілер де сол маңайды қайта-қайта тексеріп жүр.

Бұрындары Ынтымақ-2 шағын ауданының хал­қына кәріз сулары жиналатын орыннан шыққан иіс ың­ғайсыздық тудыратын. Қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін мекеме «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС осы проблеманы шешу үшін қомақты қаржы жұмсап ydro Process биотехнологиясын енгізді. Ол – ағынды судағы артық лай мен жағымсыз иісті жоятын микроорганизмдер. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар күлімсі иістен арылғанын айтқан еді.

«Шайынды судан шығатын иіс қазір жоқ. Бірақ ауыл­ды мазалап тұрған проблема заңсыз қоқыс алаңы болып тұр. Өткенде сол жерге барып қарасам, бір адамды қарауыл етіп қойыпты. Қоқысты төгуге рұқсатты сол беретін көрінеді. Соған қарағанда бұл жерді біреулер сатып алған ба деп күдіктенем. Шуласып жүріп, қоқыс төгуді тоқтатқандай болдық. Сол үшін қалдықтар үйілген жердің айналасын қазып тастадық. Бұл жерді біреу иеленіп алса, ертең айналамыз қоқыс полигоны болып кетпей ме деп тағы қауіптеніп отырмыз», деді Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғыны Серік Дүйсенов.

«Су ресурстары-Маркетинг» компаниясының баспасөз өкілі Асқар Сәтпаевтың айтуынша, тазартылған шайынды сулар жағымсыз иіс тудырмас үшін қосымша шаралар қабылданды. Мәселен, 2022 жылы Бөржар су жинақтағышына алғаш рет хлорелла себілді. Бұл микроорганизмдер шайынды судағы зиянды заттармен қоректенеді, сөйтіп, көп мөлшерде оттегі бөліп шығарады. Екі жыл ішінде су жинақтағышына тағы үш рет хлорелла жіберілді. Қазір жинақтағыштағы су тап-таза, сонымен бірге онда балық та өсіріліп отыр.

А.Сәтпаевтың айтуына қарағанда, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарапынан экологиялық жағдайды жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Бірақ Бөржар су қоймасының артында шошқа фермасы бар екен. Одан да күлімсі иіс төңірекке тарайды. Ауаны өлшеу барысында атмосфераға аммиак шығарындыларының шекті мөлшерден бірнеше есе асып кеткені анықталған. Осыған байланысты шошқа фермасының жай-күйін оның санитарлық, экологиялық нормаларға сәйкестігін тиісті құзырлы органдар тексерсе деген тілек бар.

ШЫМКЕНТ