Бүгінде жаһандық жасанды интеллект (ЖИ) нарығы дамып келеді. Халықаралық деректер корпорациясының бағалауынша, ЖИ жүйелері, оның ішінде бағдарламалық жасақтама, аппараттық құралдар мен қызметтерді қоса алғанда, жаһандық шығын 2023 жылдың соңына қарай шамамен 154 млрд долларды құраған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 26,9 пайызға көп. Әсіресе генеративті ЖИ нарығы тез даму үстінде (Генеративті ЖИ – жаңа деректер немесе мазмұн жасай алатын жасанды интеллект). Bloomberg Intelligence мәліметтері бойынша, оның көлемі қазірдің өзінде 40 млрд долларға жеткен. Ал 2025 жылға қарай 217 млрд долларға дейін өспек. Сонда орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 42 пайызды құрайды.
Әлемдегі ЖИ индустриясы
Жасанды интеллект технологиялары денсаулық сақтаудан қаржылық қызметтер, көлік саласына дейінгі әртүрлі салаларға енгізіп жатқаны мәлім. Бүгінде ЖИ индустриясының негізгі бағыттарына мыналар жатады: интеллектуалды роботтар мен дрондар, технологиялық платформалар, табиғи тілді өңдеу технологиялары, сөйлеуді тану, машиналық оқыту қосымшалары, компьютерлік көру және автономды жүргізу. ЖИ технологиялары бизнестің тиімділігі мен өнімділігін арттыруда да үлкен маңызға ие. Зерттеулерге сәйкес, денсаулық сақтауда ЖИ қолдану диагностикалық уақытты қысқартуға және болжамдардың дәлдігін жақсартуға, ал қаржы секторында деректерді өңдеу үдерісін автоматтандыруға әрі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Көлік және логистика саласында ЖИ маршруттарды оңтайландыруға, жанармай шығындарын азайтуға көмектеседі.
БҰҰ зерттеуі бойынша еліміз «Электрондық үкіметті дамыту» индексінде 28-орында, ал «Онлайн қызметтер» индексінде 8-орында тұр. Елдің индексі (E-Government Development Index, EGDI) 0,86 тармақты құрайды. Бұл цифрлық технологиялар дамуының жоғары деңгейін, елдің ЖИ әртүрлі салаларға интеграциялауға дайындығын көрсетеді. Біздің ел ЖИ дамытуға бағытталған халықаралық жобалар мен бастамаларға да белсенді қатысады. Мысалы, Қазақстан – басқа елдермен озық тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін Халықаралық электрбайланыс одағы (ITU) және Дүниежүзілік экономикалық форум (WEF) сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен форумдардың мүшесі.
Жалпы, еліміз жаһандық ЖИ нарығында өз орнын сенімді түрде иеленеді. 2023 жылғы Oxford Insights үкіметтің ЖИ дайындығы индексінде 193 елдің ішінде 72-орынды, ал Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аймақтық рейтингте Үндістан мен Түркиядан кейін 3-орынды иелендік. Оның ішінде деректердің қолжетімділігі, цифрлық мүмкіндіктер және заңнамалық базаның цифрлық бизнес үлгілеріне бейімделуі сияқты күшті жақтарымен ерекшеленеміз.
Десе де еліміздің төменгі орында тұрған бірқатар көрсеткіш бар екенін атап өткен жөн. Бұл – «Көзқарас» және «Жетілу». «Көзқарас» индикаторы елде мемлекеттік деңгейде ЖИ дамытуға стратегиялық көзқарастың болуын қарастыратынын ескере отырып, біз ЖИ дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледік. Тұжырымдама – жасанды интеллект экожүйесін құрудың, оны дамыту және экономиканың әртүрлі салаларында қолдану үшін қолайлы жағдай жасаудың стратегиялық көзқарасы. Бұл құжат жақын арада бекітіледі.
Сондай-ақ қазір елдегі ЖИ бірмүйізділердің саны да ескерілетін «Жетілу» индикаторы бойынша еліміздің позициясын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, ЖИ саласындағы стартаптарды қолдау бағдарламаларының кешені әзірленіп, қазірдің өзінде енгізіліп жатыр.
Мемлекеттік стратегия және саясат
Үкімет азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ЖИ экожүйесін құрады. Өйткені жасанды интеллект мемлекеттік басқаруда сұрау салулардың мәнін ескере отырып, сұрауларды жіктеу, белгіленген мерзімдер бойынша хабарламалар жіберу, олардың құзыретіне қарай мемлекеттік органдарға сұрау салуды жақсарту, сондай-ақ орындаушыға дайын жауаптарды қалыптастыру және ұсыну, азаматтарға сұрау салуларды табуға көмектесу, қажетті ақпаратты алу және мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтауда – кез келген ауытқуларды анықтау, тезірек және дәлірек диагноз қою. Білім беру саласында – жеке оқытудың жаңа формаларын құру. Қаржы және логистикада – құрылымдалмаған деректерді құрылымдық деректерге түрлендіру, жеткізу тізбегін басқаруды жақсарту, сұранысты болжау, жеткізу бағыттарын оңтайландыру және кез келген салада логистикадағы түгендеуді басқару.
Қазақстанда ЖИ саласы белсенді дамып келеді және осы үдерістің бір бөлігі ретінде бірқатар негізгі бастаманы жүзеге асыру жоспарланып отыр:
1. Жасанды интеллект инфрақұрылымын құру. Жасанды интеллект есептеу қуатымен қамтамасыз етілуі керек, сондықтан есептеу ресурстарына қол жеткізу үшін еліміз өзінің заманауи суперкомпьютерін құру жобасын жүзеге асырып жатыр. Оның іске қосылуы 2025 жылға жоспарланған. Қазірдің өзінде оған үлкен сұраныс бар. Есептеу қуатына айына 1 млн доллар жұмсайтын «Higgsfield AI» сияқты отандық компаниялар бұл қаражатты елде қалдыра алады.2. Білім беру мен оқытуды дамыту: Бүгінде білім бағдарламасы әртүрлі деңгейде – жоғары оқу орындарында, техникумдарда және кәсіптік лицейлерде жасанды интеллект бойынша курстар мен мамандықтарды қамтиды. Қазірдің өзінде үш университет жасанды интеллект бойынша білім бағдарламаларын енгізіп, халықаралық серіктестік орнатты. Мысалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде SeoulTech-пен, Сәтбаев университетінде City University of Hong Kong, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-мен бірлесіп отыр. Сонымен қатар мемлекет мамандандырылған оқу орталықтарын құрып, тағылымдамадан өту және алмасу бағдарламаларын қолға алды.
Стартап экожүйесін дамыту
Елімізде жас кәсіпкерлерді, жасанды интеллект саласындағы инновациялық жобаларды қолдайтын инкубациялық орталықтар мен стартаптардың экожүйесі дамып келеді. 2020 жылы Дүниежүзілік банктің қатысуымен Өнімді инновациялық келісім жобасы аясында қолдау тапқан 4 стартап-жоба үздік әлеуметтік-бағдарланған инновациялық жобалар ретінде таңдалған еді. Кореядағы GIGF World Summit Awards (The 2nd Global) марапаттарының қысқа тізіміне енді. «COVID-19-дан кейінгі дәуірдегі инновациялық және тұрақты өсу» тақырыбымен инновациялық өсу форумы) әлемдегі ең жақсы инновациялық шешімдер ретінде, оның үшеуі жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып жұмыс істейді. Барлық үш денсаулық сақтау жобасы диагнозды жақсартуға, жеке емдеу жоспарларын әзірлеуге және денсаулық сақтау қызметтерін оңтайландыруға арналған шешімдерді ұсынады.
Бірінші жоба – «Cristal Spring» ЖШС-ның iMedHub өнімі, ол 2019 жылдың желтоқсанында, тіпті Қазақстанда COVID-19 таралмай тұрып әзірленген. Сервис өкпе ауруларының 14 симптомын анықтай алады, бұл компанияға COVID-19 коронавирусын ерте диагностикалау және емдеу үшін еліміздің 15 клиникасына орнатылған. Екінші шешім – шетелдік мамандардың жоғары бағасына ие болған жасанды интеллект көмегімен үлкен деректерді талдау арқылы көз ауруларын ерте диагностикалауға мүмкіндік беретін «KazDevelopment Company» ЖШС ақпараттық өнімі. Жоба аясында еліміздің түрлі өңірлерінде 50 мыңнан аса адам пилоттық скринингтік тексеруден өтті. Мақсаты – тиімді тетік құру арқылы ел тұрғындарының мүгедектігін төмендету.
Үшінші жоба – Назарбаев университетінің жас ғалымдары жасаған экзоскелет. Бұл инновациялық шешім инсульттан кейінгі науқастарды оңалтуға бағытталған. Қазіргі уақытта прототип алдын ала сынақтан өтіп, толықтай жұмыс істеп тұр.
Жасанды интеллектіні қолданатын денсаулық сақтау саласындағы соңғы жобалардың ішінде диагностика мен емдеудің диагностикалық үдерістерінің дәлдігін жеделдету және арттыру үшін инновациялық шешімдерді әзірлеуші «Cerebra» компаниясын да атап өткен жөн. Олардың өнімі рентген, КТ және МРТ суреттерін талдауға арналған. Бұл шешім еліміздің 100 медициналық мекемесінде, оның ішінде 46 инсульт орталығында енгізілген. «Cerebra» өнімдерін пайдалану кезінде 1 миллионнан астам медициналық кескіндер талданды, бұл патологияларды анықтауды және дұрыс емдеуді айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік берді. Ал 2023 жылы «Cerebra» жобасы Сауд Арабиясы Корольдігінде өткен INNOV8 Competition стартап байқауында жылдың үздік инновациялық жобасы деп танылды.
Басқа салаларда да елімізде әлемдік деңгейдегі стартаптар бар. Біріншіден, бұл Higgsfield AI бейне редакторы. Higgsfield AI – мәтіндік сипаттамалардан тура мағынада жоғары сапалы бейне мазмұнын жасайтын жаңа буын бейне редакторы. Жетілдірілген генеративті ЖИ алгоритмдер арқылы платформа мәтіндік нұсқауларды түсіндіре алады, әрі оларды бейне түрінде әсерлі егжей-тегжей бейнелейді.
Қаржы секторы да ЖИ технологияларын белсенді түрде енгізіп жатыр. Банктер мен қаржы институттары деректерді талдауды, тәуекелдерді басқаруды, алаяқтықты анықтауды автоматтандыру үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. ЖИ артықшылықтарын біріктірудің жарқын мысалы – Kaspi.kz. Осылайша, Михаил Ломтадзе Digital Bridge 2023 көрмесінде Kaspi өнімділігі мен қолданбаға қатысуы бойынша қытайлық «WeChat» қосымшасынан кейінгі әлемдегі екінші үздік екенін атап өтті. Көптеген пайдаланушының сұраныстарын өңдеу үшін Kaspi өзінің «Руслан» генеративті чат-ботын пайдаланады.
Нейрондық желілер
Нейрондық желілер (LLM) негізіндегі ұлттық тіл моделін әзірлеу және енгізу – ЖИ технологияларын дамытудағы ең маңызды міндет. Өзіміздің үлкен тіл үлгісін жасау цифрлық егемендікті қамтамасыз етуде стратегиялық рөл атқарады. Еліміздің тұрғындары сұрақтары бойынша ChatGPT, YandexGPT, Microsoft Copilot және басқа да шетелдік LLM-ге көбірек жүгінеді. Шетелдік әзірлеушілердің үлгілері әрқашан объективті тарихи фактілерді қамтымайды, сонымен қатар біздің қоғамның моральдық құндылықтары мен мемлекетіміздің мүдделерін әрдайым көрсете бермейді. Жеке LLM құру сізге жекелендірілген және құпия деректердің таралып кетуінен сақтап, шетелдік әзірлеушілерге жүгінбей LLM негізінде өз өнімдерімізді жасауға мүмкіндік береді. Ұлттық тіл үлгісін жүзеге асыру қазақ тілін түрлі ЖИ жобаларында қолдануға мүмкіндік беріп, шетелдік қызметтерге тәуелділікті азайтады. Осы саладағы отандық тәжірибені дамытады. Мәдениетіміз бен құндылықтарымызды сақтауға көмектеседі. Цифрлық ортада бір тілдік топқа жататын тілдік модельдердің дамуына серпін береді.
Ұлттық ЖИ платформасы Ұлттық жасанды интеллект платформасы (бұдан әрі – ЖИ платформасы) мемлекеттік органдардың 90-нан астам ақпараттық жүйесінен деректерді жинайтын «Smart Data Ukimet» базасында құрылады. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы бизнестің мемлекеттік деректерге қолжетімділігін қамтамасыз ету. ЖИ платформасы жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге, оқытуға, орналастыруға, басқаруға арналған инфрақұрылымды, құралдарды және қызметтерді ұсынады. Бұл болжам жасауға және сенімді деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Деректерді жинау жасанды интеллектідегі жұмыстың 80 пайызын алуы мүмкін, ал деректердің жетіспеушілігі мен жеткіліксіздігі кез келген жасанды интеллект әзірлеушілері үшін елеулі кедергі.
ЖИ платформасын құру деректерді жинау тұрғысынан жасанды интеллект саласындағы әзірлеушілер үшін айтарлықтай кедергіні жояды. Сондай-ақ ресурстарды пайдалануды оңтайландырады. ЖИ платформасында ұқсас мәселелерді шешу кезінде жасанды интеллект әзірлеушілері қайта пайдаланатын дайын шешімдер жиынтығы болады. Сондай-ақ ЖИ дамуының негізгі аспектілерінің бірі этикалық және құқықтық стандарттарды реттеу және құру екенін ұмытпағанымыз жөн. Елімізде жасанды интеллект заңды жауапкершіліктері мен субъективті құқықтары бар электрондық тұлға ретінде қарастырылатын тәсіл қарастырылмақ. Бұл денсаулық сақтау, көлік және қаржы сияқты әртүрлі салалардағы ЖИ әрекеттері мен жауапкершілігін нақты анықтайды.
ЖИ дамытуда этика да маңызды рөл атқарады. Оларды пайдаланудың ықтимал теріс салдарын болдырмау үшін ЖИ жүйелерінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл пайдаланушы деректерін қорғауды, теңдік пен әділдік қағидаттарын қолдауды, ЖИ алгоритмдеріндегі кемсітушілік пен біржақтылықты болдырмауды қамтиды. Интеллект саласындағы қызметті реттеу үшін Жасанды интеллект және инновациялық даму жөніндегі арнайы комитет құрылды. Ол ережелер мен стандарттарды әзірлейді, сондай-ақ олардың сақталуын бақылайды. комитет ЖИ реттеу саласындағы озық тәжірибелерді есепке алу үшін халықаралық ұйымдармен, сарапшылармен ынтымақтасады.
ЖИ-дің еңбек нарығы мен экономикаға әсері
Жалпы, ЖИ жаһандық еңбек нарығы мен экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Болжамдар ЖИ қабылдау өнімділік пен тиімділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға болатынын көрсетеді. Дегенмен кейбір жұмыс орындарын ауыстыру мүмкіндігіне байланысты тәуекелдер де бар. Бұл аспектілерді әртүрлі салаларда ЖИ енгізудің стратегиялары мен бағдарламаларын әзірлеу кезінде ескеру қажет. Кәсіптері ЖИ ауыстырылуы мүмкін жұмысшыларды қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеу керек. Бұл жаңа типтегі экономикаға кедергісіз көшуді қамтамасыз етеді, әлеуметтік тұрақтылықты сақтайды.
Сондай-ақ ЖИ жаңа өндірістерді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Мысалы, ЖИ жүйелерін әзірлеу, техникалық қызмет көрсету деректер ғалымдары, машиналық оқыту инженерлері және деректер талдаушылары сияқты көптеген маманды қажет етеді. Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін осындай мамандарды даярлау және тарту үшін жағдай жасау маңызды. Сандық әлеует және заңнамалық базаның бейімділігі, сондай-ақ стартаптар мен білім беру бағдарламаларын қолдау (мысалы TechOrda) сияқты күшті жақтары заманауи инфрақұрылым мен тұтас экожүйені қалыптастырумен бірге одан әрі ілгерілеу үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Nomad Visa және Nomad Residency жүйесін енгізу, өз кезегінде, ТМД мен түркі елдерінен ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен ЖИ саласындағы озық таланттарды тартуға айтарлықтай үлес қосады. Дегенмен ЖИ дамуының тұрақты болуын, тұтастай алғанда қоғамға пайдасын қамтамасыз ету үшін этикалық және құқықтық аспектілерді, сондай-ақ ықтимал экономикалық салдарды ескеру маңызды.
Елімізде жасанды интеллект қазірдің өзінде белсенді түрде қолданылып, нақты нәтижелер беріп келеді. Экономиканың тұрақты өсуі мен дамуын қамтамасыз ету үшін осы саланы дамытуды, жаңа технологияларды енгізуді жалғастыруға баса мән береміз.
Қаныш ТӨЛЕУШИН,Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі