Астана қаласының әкімдігі биыл мектеп бітірген түлектердің ЖОО оқу ақысын төлеу үшін құжат қабылдап жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Жыл сайынғы дәстүрге сай Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы түлектерге қаланың жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанын төлеуге әлеуметтік көмек көрсетеді.
Құжат қабылдау науқаны 1 шілдеде басталып, 23 тамызда аяқталады.
Әлеуметтік көмек Астана түлектерінің келесі санаттарына көрсетіледі:
жетім балалар; балалар үйінің түлектері; бала кезінен мүгедектігі бар адамдар; ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; көп балалы отбасылардан шыққан балалар (оның ішінде осы жылы үлкен бала - кәмелетке толған кезде білім беру ұйымдарына күндізгі оқу нысанына түскенге дейін); асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар.Әлеуметтік көмек алуға ниетті түлек өтінішпен бірге, келесі құжаттарды қоса ұсынуы қажет:
1) жеке басын куәландыратын құжат;2) жиынтық табысты есептеу қағидаларына сәйкес адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;3) ата-анасының қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі (жетім балалар үшін);4) көп балалы отбасының мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі (көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін);5) туу туралы куәліктің көшірмесі (жетім балалар үшін);6) Астана қаласының орта мектебін бітіргені туралы аттестат;7) ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша берілген мемлекеттік сертификат.8) Екінші деңгейдегі банктегі не «Қазпошта» акционерлік қоғамындағы банктік шоттың нөмірі туралы мәліметтер.
Әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табысы отбасының бір мүшесіне шаққанда 4 күнкөріс деңгейінен аспайтын ақшалай төлем түрінде тағайындалады.
Әкімдік еңбек нарығында сұранысқа ие 36 мамандық бойынша төлем жасайтынын айта кету керек.