Кейінгі жылдары үй, көлік, тұрмыстық техниканы былай қойғанда, тіпті күнделікті азық-түлігінің өзін қарызға, бөліп төлеп алатындар көбейді. Осы ретте мемлекет халықтың әлеуметтік ахуалына тұрақты мониторинг жасап, «Қарызсыз қоғам» қалыптастыруға күш салып жатыр.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы халықтың шамадан тыс несие алу мәселесін шешуге зор ықпалын тигізіп тұр. Аталған құжат былтыр күшіне еніп, қыркүйек айынан бастап өтініш берген алғашқы азаматтар банкрот болып таныла бастады. Бұл үрдіс онлайн форматта жүргізіледі. Ол үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы» деген ақпараттық жүйе құрылды. Осы жөнінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтып берді.
«Соттық режімде де арыздар қаралды. Бұл арыздар негізінде 12,2 млрд қарыз кешірілді. Бүгінде жеке тұлғалар – 13 мың адам банкрот деп танылды. Сөйтіп, барлығы 40 млрд теңге кешірілді», дейді ол.
Вице-министрдің айтуынша, 102 мың арызданушының 13 мыңы соттан тыс банкрот болып танылды. Оның ішінде 27 млрд теңге кешірілген. Көп арызданушының құжаты кері қайтарылған. Бұған мүлік пен автокөліктің болуы, банк пен қаржылық ұйымдардың тізімінде болмауы себеп болды.
Жауапты мекеме қабылданған заңға бірқатар өзгеріс енгізген. Мәселен, енді қаржы ұйымдарымен қарым-қатынасты реттеу құжаты болмаса, оны ақпараттық жүйеден алуға мүмкіндік беріледі. Тізімнен табылмаған арызданушы өз арызын қайта бере алады. Шетелге шығу рәсімін қалпына келтіру кезінде сот шешімі шығып, жоспар қойылғанға дейін ғана шектеу қойып, одан кейін шектеуді алып тастау көзделген.
Ал банкрот болып танылғандардың арасында атаулы әлеуметтік көмек алатын 1 200 азамат бар. Олардың 1,4 млрд теңге қарызы кешірілді. 5 жылдан аса уақыт қарызы бар 6 500 адам банкрот деп танылған. Олардың 18 млрд теңге қарызы кешірілді.
Биылдан бастап елімізде талай жыл тайраңдап келген кейбір микроқаржы ұйымдары лицензиясынан айырылды. Сөйтіп, оған берешегі бар азаматтар өсімпұлсыз қарыздарын қайтаруға мүмкіндік алды. Тіпті кейбір қарыздар заңсыз ресімделгені расталса, қарыз қайтарылмайтын болды. Бұл жайт бүгінде біраз борышкердің тынысын ашып жатқаны рас.