Павлодар облысында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында биылғы жылдың қаңтар айының басында автобуспен бірге ескі шахтаның шұңқырына құлап кеткен төрт құтқарушының үшіншісі – 36 жастағы Айдос Шаймерденнің мәйіті табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл ақпаратты Айдос Шаймерденовтың әйелі Нұрсұлу Шаймерден растады. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметі республикалық орталық штабының Павлодар филиалы құтқарушының мәйіті төтенше жағдайдан алты ай өткен соң, 19 шілде күні таңертең табылғанын хабарлады.
«Құтқарушы Айдос Шаймерденнің мәйіті табылды. Мәйітпен бірге оның төсбелгісін де таптық. Қазір мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Біз оны бүгін, 19 шілдеде сағат 06:15-те алдын ала болжанған жерден тауып, іздестіру жұмыстарын жүргіздік, мәйіт сағат 13:45-те ғана шығарылды», деді «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Павлодар филиалы басшысының орынбасары Ерлан Жаркімбеков.
Бұрын хабарланғандай, іздеу шаралары 28 маусымда қайта жанданды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 4 қаңтарында Павлодар облысында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында төрт тау-кен құтқарушысы мінген автобус шахтаны тазалау кеңістігіне құлап кеткен болатын. Сол күні екі құтқарушы өлі табылып, жер бетіне шығарылды. Жедел көліктің 55 жастағы жүргізушісі Айып Тілеубергенов пен взвод командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі осы уақытқа дейін жер астында болған.