Теміртаудағы Қазақ металлургия зауыты – Қазақстан қара металының тұңғышы. Сол себепті Теміртау қара металлургияның қадірлі Отанына айналды. Ал Балқаш кен-металлургия комбинаты алғаш мыс бұлағын ағызғаннан бері ел экономикасының күретамырына айналды. Осы екі алпауыт мыс шаһарында жүріп, құрыш құйып, болат балқытқан металлургтер мерейлі мерекелері қарсаңында құрметке бөленіп, мемлекеттік наградаларға ие болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен өндірістегі өнімді еңбегі үшін бірқатар сала қызметкеріне мәртебелі марапаттарды аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тапсырды.
Мемлекеттік марапатты «Qarmet», «Kazakhmys Smelting», «Сары Қазына», «Қоңырат» мыс компаниясының 49 еңбеккері алды. Олардың 8-і «Құрмет» орденімен, 14-і ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, 20 металлург «Ерен еңбегі үшін» медалімен, тағы жетеуі ел Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Өңір басшысы салтанатты рәсім кезінде металлургтерге ерен еңбегі үшін алғысын білдірді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кәсібилікке сауатты көзқарас қалыптастыру қажет екенін, ел байлығы еңбек адамы екенін бірнеше рет айтқан еді. Біздің облыс табиғи ресурстармен ғана емес, талантты адамдармен, жоғары санатты кәсіби мамандарымен, нағыз еңбеккерлермен де танымал. Қарағанды – еліміздегі ең ірі түсті металлургия орталығы. Бұл салада еңбек еткен ардагерлердің еңбегі зор. Солардың ерен еңбегі арқылы бүгінде алып компания еліміздегі металлургияның алғашқы алпауытына айналды. Біздің комбинат Қазақстанда шығатын болаттың басым үлесін өндіреді. Сонымен қатар комбинат Қазақстанда өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің 25 пайызын қамтамасыз етеді. Мұндағы еңбеккерлердің барлығы қазақстандық Магнитканың дамуына үлесін қосып жатыр, – деп лебізін білдірген Ермағанбет Қабдулаұлы.
Марапатталғандардың қатарында тәжірибелі қызметкерлер мен жас мамандар да бар. Жалпы, бұл сала металлургтер әулетімен де танымал. Әсіресе Теміртаудағы «Qarmet» өндіріс ошағында өте көп. Мәселен, Бергтер әулетінің жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады.
Александр Богданович 1956 жылы Қазақ металлургия зауытының электроцехына электрослесарь болып жұмысқа орналасады. Әулеттің еңбек жолы осыдан бастау алады. Әскердегі борышын өтеп келгеннен соң жоғары оқуын тәмамдап, мамандығы бойынша жұмысын әрі қарай жалғайды. Мартен цехындағы екінші болат шебері, болат құюшы, балқытушы, ауысым бастығы, Мартен пештерін жөндеу бойынша аға шебер қызметтерін сатылап келіп, 1978 жылы №2 Мартен цехы бастығының міндетін атқарушы болып тағайындалып, бес жылдан кейін цехты өзі басқарады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Александр Берг сортты илемдеу өндіріс цехын басқарды.
Осылайша, Бергтер әулетінің өмір жолы комбинат тарихымен біте қайнасқан. Металлург мамандығын ұрпақтар сабақтастығымен әдемі жалғастырып келе жатқан шаңырақтан қазір зауытта Александр Бергтің екі ұлы мен келіні еңбек етіп жүр. Алексей мен Андрейді әкесі бала кезде өндіріс басына жиі әкеліп тұрыпты. Кейін олар әкеге қарап бой түзеген. Қазір Алексей – металлды мырыштау цехының басшысы. Ал комбинаттың барлық цехында жұмыс істеп, өндірісті бес саусағындай меңгерген Андрей – қазір болат балқыту департаментінің басшысы.
Мәртебелі металлург мамандығына бек адал Бергтер отбасы сынды комбинатта қазір 300-ден аса еңбек әулеті жұмыс істейді. Мұның өзі Теміртаудың өндіріс негізінде құрылған қала екенін білдіреді. Құрышты қаланың еңбекқор тұрғындары осылайша ел экономикасына еселеп үлес қосып жүр.
«Құрмет» орденін омырауына таққан Владимир Филипповтың комбинаттағы еңбегіне елу жыл толыпты. Алғаш жұмысқа қарапайым жұмыскер болып қабылданған ол – жоспарлау және жедел басқару жөніндегі директоры.
– Мектепті бітіргеннен кейін бірден әкем мені комбинатқа алып келді. Содан кейін үш жыл әскерге барып қайттым. Әскерден кейін комбинатқа қайта келіп, үздіксіз өңдеу қондырғыларын басқару постының операторы болып жұмысқа тұрдым. Жұмыс істеп жүріп жоғары оқу орнының кешкі бөлімінде оқыдым. Содан бері еңбектен қашпадық. Белортасында жүрдік. Болаттай шыңдалдық. Еңбегімді бағалағанына қуаныштымын, – дейді «Құрмет» орденінің су жаңа иегері.
Дастан Ахметов комбинатқа жұмысқа тұрғанына үш жыл уақыт қана болса да еңбегімен, тәжірибесімен көзге түскен. Жас маман конвертер цехының қызметін басқарады.
– Менің марапатым – бүкіл команданың еңбегі. Әрі бұл бізге жүктелген жауапкершілік деп білеміз. Металлургия – үлкен қажырлы еңбекті қажет ететін күрделі мамандық, – дейді марапат иесі.
Қарағанды облысы