Әңгіме құм дегеннен шығады. Әйгілі жапон жазушысы Кобо Абэнің Ники Жумпэй атты 31 жастағы энтомолог кейіпкері сирек кездесетін жұмбақ жәндікті іздеп жүріп, теңіз жағалауындағы құм-шағылдардың қуысына қоныстанған бейтаныс ауылдан бір-ақ шығады.
Күн кешкіріп қалған соң, Ники жергілікті бір қарттан түнеп шығатын жер сұрайды. Шал шұңқырда жалғыз тұрып жатқан бір әйелдің қасына түсіреді де, сатыны алып тайып тұрады. Сөйтіп Ники өмір бойы сол шұңқырда қалады. Романның ұзын-ырғасы осы. Туындыны қай тұрғыдан да қандай ракуста да талдауға болады. Өйткені бұл ең әуелі нағыз символикалық роман.
Символизм және философия
Құм – өмір яки уақыт. Әйел – тіршілік. Еркек – қозғалыс. Романның философиялық астары да құмның ағысы тәрізді. Баяу, тоқтаусыз сырғыған өмір секілді құм философиясын суреттеуімен сұлу. «Менің қолымнан құм күреуден басқа да нәрсе келеді», дейді Ники үн шығармай қоятын жоғарыдағыларға. Кейде өзің де солай айтқың келеді. Жан-жағыңа қарап, құм күреп тырбаңдап жатқан әлде бір бейбақтарды көресің.
Біздің кейбір әдебиеттанушылар Никиді әлсіз кейіпкер ретінде қарастырыпты. «Ақыр соңында күйбең тіршілікке мойынсынды. Алғашқы мақсаты далада қалды» дейді. Бұл үстірттеу тұжырым тәрізді. Өйткені Никидің әуелде арманы асқақ, мақсаты айқын еді. Бірақ өзінен тысқары күштің айдауымен шұңқырға түсті. Сонда да мойыған жоқ, қапастан қашып шығуға талпынды. Жай ғана талпынып қоймай, өзінше бүлік жасады.
Кобо бір сөзбен айтқанда, Камюдегі Сизифтың жұмбағына терең үңілді. Камю тіршіліктің мәні немесе бақытқа ұмтылудың жолы қарсылық деп есептегенімен адам бәрібір тысқары күштен жеңілетінін іштей мойындайды. Қарғысқа ұшыраған Сизиф бәріне көнеді, құл секілді жүреді. Іштегі адамдық һәм азат жаны оянады да тағы қарсыласа түседі. Ақыр соңында сол өнімсіз тірлігін мәнсіз болса да жалғастыра беруінен барақат табады. Ники де өзінен тысқары күштің бұғауынан сытылып шыға алмаған соң, өнімсіз тіршілігін жалғастыра береді. Бірақ Никиде үміт зор. Ақыры бір күні Ники «үміт» тәжірибесі арқылы құмнан су шығарып алудың тәсілін тапты. Су – болашақтан үміт. Ол су тауып алған соң жоғарыдағыларға деген мұқтаждықтан құтылды. Міне, бұл романның жанды тұсы. Жапонның самурай жаны. Оны қалай «тіршілікке мойынсынды, жеңілді» дейміз? Әрбірден соң тіршілікке мойынсыну – жеңілу емес.
Әйел тіршілікке әбден көндіккен, яғни жаны жеңілген адам ретінде айтыла береді. Оған да келіспеуге болады. Әйелде де арман бар. Арманы – айна мен радио алу. Үлкен бе, кіші ме, әйтеуір арман. Айна мен радио әйел жанының тереңінде жатқан құпия. Бәлкім, өзгеріске деген ұмтылыс. Айна – өзіңді көру, өзіңді тану. Радио – өркениет көшінің қалай кетіп бара жатқанын бағамдауы шығар. Тағы бір символикалық деталь – ит. Біз ғой «иттің жүні жүн емес» дейтін. Ал Кобоның иті үстіндегі қырқылған жүнге қарап қыңсылайды, денесінің бір мүшесін кесіп тастағандай. Кобоның «ішкі иті» қылдай әділетсіздікке жанымен қарсы. Қарап отырсақ, әр жақсы шығарманың ішінде осындай бір «ит» жүреді.
Реализм және жағдай
Роман әлемдік деңгейдегі проблеманы көтерген адамзаттың ортақ рухани мұрасы. Әйткенмен бұл жапон романы. Әуелі жазушы романды өзінің жапондары үшін жазды.
Жапония тарихта үлкен дағдарысты бастан кешті. Қазіргі жағдайын мен білмеймін. Бірақ мекені арал, жері кішкентай, халқы көп екені анық. Жан-жағын қаумалаған Ресей, Қытай, Моңғолиямен соғысты. Қайбір жау іздеп, ерлік көрсетейін деп соғысты дейсің, «ел өседі, жер өспейді» деген уайым. Қай тұрғыда алғанда Америкаға кіріптар болды. Мұның бәрін Кобо Абэ терең түсінді. Мұндай тұйықталған уайымнан шығарудың жолы – жапон рухын көтеру және оптимистік ой сыйлау. Сондықтан да жапондар мықты болуды өзіне парыз санады. Былайша айтқанда, ол жапондарды белгілі бір деңгейде өзгертті. Мәселен, ХХ ғасырдың басында Жапонияда жастардың шетке босуы, елге деген сенімсіздігін суреттейтін шығарманың бірі – Сато Харуоның «Минору мырзаның өкініші» әңгімесінде де көрініс береді. Сато Харуоның шығармасы сол кездегі Жапонияның әлеуметтік-патриоттық жанайқайы болып шықты.
Құм құрсауындағы бір жұтым суға зәру әйелді сол кездегі Жапонияның жағдайымен шендестіріп қарауға да болады. Бұл тығырықтан қалай шығу керек? Шұңқырды (Жапонияны) тастап шығуға мүмкіндік те болды. Роман соңында саты мен шұңқыр иен қалды. Бірақ Ники сол шұңқырда қалуға бекінді. Романның ғажап тұсы осы ғой. Талай оқырманның аңқасын кептірген, миын ашытқан тұсы. Мен бұл жерде Жапонияның сол кездегі ахуалы тұрғысынан қарап отырмын.
Сизиф те жеңілетінін, тасы өрге домаламайтынын білсе де, бәрібір жалғастыра береді. Демек «Сизиф бақытсыз емес!» деп тұжырымдайды Камю. Сондықтан Ники нағыз самурай кейіпкер. Тағдырдың қай сынағына тап болса да «келсең кел» дейтін батыр. Бұл жапон санасына Кобо Абэ орнатқан «программа».
«Сахнаның сырты»
Романның қалай жазылғаны жайлы шындықты айтайық. Романның кіріспесі – сол қоғамдағы көзге көрінбейтін құбылыстар мен жекелеген пенденің жасырын пиғылынан басталады. Жазушы романның екінші тынысында сізге кәдімгі ғылыми оқиғаны көлденең тартады. Шығарма желісі қызықты оқиға, лирикаға ұласады. Осыдан кейін роман ширығып, драмалық шиеленіске ұласады. Философиялық-психологиялық тартыстар оқып отырған кісіні үзілдіре түседі. Бір кішкентай шұңқырда үлкен өмір қайнап жатыр. Сәйкесінше, әдебиеттің барлық тәсілін, өнердің неше алуанын көресіз. Мысалы, Никидің шұңқырдан сытылып шығып, қуғыншылардан қашуы кішігірім шытырман. Шұңқырда бәрі бар. Ән, сурет, ғылым. Мұның сыры, әлбетте жазушының сәтті тәсіл қолдануында жатыр. Роман белгілі график бойымен өрбіген. Мысалы, Джеймс Джойстың «Улисс» романын жазғанда қолданатын кестесі секілді.
Кобо Абэның бұдан басқа да шығармаларынан мол ізденістің нәтижесі көрінеді. «Құм құрсауындағы әйел» романының желісімен түсірілген киносын да көрдік. Әдетте қағаздағы шығарманы экранға көшіргенде біршама өзгеріп, яки құбылып шығушы еді. Мұнда тіпті парқы арта түскендей. Жазушының суреттеген ойын кинорежиссер Хироси Тэсигахара экранда қапысыз жеткізген. Екіншінден, Кобо Абэ өзі де мықты киносценарист (Өзі дәрігердің оқуын оқыпты. Онысы ұстазымыз Таласбек Әсемқұловқа ұқсайды). Оның тағдыры да қызық. Қытайда тұрып, Жапонияға қайтты. Сол ортадан өзін өгей сезінді.
Кобо Абэ небәрі 150 беттік романмен әлемді таңғалдырды. Себебі ол роман жазуды тек сұлу сөйлем мен қиял деп қараған жоқ (Бізде неге кезінде мода болған көптеген роман қазір өзге түгіл өзімізге жарамай күресінде қалды?!) Әдебиетіміздің ақсақалы, жазушы Мұхтар Мағауин «Шақан шері» романының қалай жазылғаны жөніндегі бір лепесінде: «мен он роман жазатын материал жинадым да бір роман жаздым» дегені бар. Оқырман алдындағы жауапкершілікті жазушы осылай түсіну қажет пе дейсің.