• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Тамыз, 2024

Жаһандық жылыну жайылымдарды тоздырып барады

78 рет
көрсетілді

Жуырда еліміздегі жайылымдардың 87 пайы­зының сапасы нашар жағдайда деген монито­ринг қорытын­дысы шықты. Әсілінде «Қа­зақ­стандағы жайы­лымдардың жағдайы неге нашарлап барады?» деген сұрақ бізді ғана емес, кей елдерді де алаңдатып отырғаны белгілі. Өйткені біздің ел сыртқа қаз­ба байлықтармен қа­тар ас­тық, көкөніс, ет өнім­дері сынды ауылша­руашылық тауарларын да экспорттайды.

Әлем климаттың дегеніне көнуге мәжбүр

Бүгінде ауылшаруашылық жерлердің «амандығы» мәселесі, әсіресе жайылымдардың жоға­ры сапалы болуы маңызды мем­лекеттік шешімдерден бөлек, халы­қ­аралық саясатта да тиімді ұсыныспен шығуға мәжбүрлеп отыр.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіпсіздік сөз болған іргелі әлемдік жиындарда да, же­келеген мемлекет басшыларымен кездескенде де климаттық өз­герістерге қатысты мәселені жиі айтып жүр. Әсіресе былтырғы 1 желтоқсанда Дубайда өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйлеп, бүгінде Жер шарындағы халықтың тең жар­тысы климаттың өзгеруі жоға­ры дәрежеде әсер ететін өңір­лер­де өмір сүріп жатқанын атап өтті.

«Халықаралық қоғамдастық климат бағы­тындағы бағдарламаларға бөлі­не­тін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміт­те­неміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедер­гілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алға­ны­мызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәж­бүрміз», деді Президент.

Мониторинг қорытындысы мәз емес

Әлем картасында тоғызыншы территорияны алатын еліміздің ауыл­шаруашылық жерлері халықаралық рейтингте алтыншы орында тұр. Деген­мен жер сапасы мен өнімділік, азық-түлік қауіпсіздігі жағынан кері тартып тұрған факторлар да жоқ емес. Соның салдарынан еліміз жайылымдардың қолайлығы жөнінен көшбасшылық орындардың шаңына да ілесе алмай келеді.

Бұған пайдаланылатын жерлердің сапасының жыл өткен сайын төмендеуі, олардың тозу деңгейі, шөлейттену, шабын­дықтардың төмен өнімділігі және т.б. факторлар себеп болып отыр. Мұндай қорытындыны жақында Energyprom.kz мониторинг агенттігі жариялады.

Агенттік «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг деректерін алға тартып отыр. Яғни зерттеу қор­тын­дысына зер салсақ, 2023 жылы еліміздегі барлық жайылымдық жерлердің 87,2%-ы нашар және өте нашар жағдайда екен. Тіпті кей аймақтарда өсімдік мүлде жоқ. Қысқасы, 80,8 миллион гектар жер көлемінің 70,5 миллион гектары нашар күйде жатыр. Бұл цифрлар Ұлттық статистика бюросы Стратегиялық жос­пар­лау және реформалар агенттігінің тәжірибелік статистикалық деректерінен алынды.

Жалпы, аталған мониторинг барысында еліміз аймақтарының басым бө­лі­­гін­де жайылымдардың сапасы қана­ғат­­танарлықсыз жағдайда екені белгілі болып отыр. Әсіресе ең нашар жағдай Маңғыстау облысында қалыптасқан. Анықтап айтсақ, аймақтың барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің 99,4%-ы нашар күйде. Бұл дегеніміз мұнда мал шар­уа­­шылығын дамыту мүмкіндігі өте төмен деген сөз.

Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Төлеутай Рахым­бековтың сөзіне сүйенсек, біраз өңірдегі фермерлер жайылымның «кедейлігінен» малдың қызығын көре алмай отыр. Негізі жердің тозуы, шабындықтардың төмен өнімділігі климаттың өзгеруіне тікелей байланысты. Экс-министрдің айтуынша, алдағы жылдары ахуал одан әрі күр­де­лен­уі бек мүмкін. Яғни құрғақ­шы­лық қаупі артады деген сөз.

«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым алдағы 20-30 жылда ел аумағындағы климаттың өзгеру үдерісі үдей түсетінін болжап отыр. Яғни жердің деградация­сына және шөлейттенуге ықпал ететін құрғақшылық қаупі артпақ. Қазір­дің өзінде Қазақстан жерінің 70%-ға жуы­ғы­на құрғақшылық қаупі төніп тұр. Одан бөлек, ел халқының төрттен бір бөлігі тозған жерлерде тұрып жатыр», дейді Т.Рахымбеков.

Биылғы ақпан айында жайылымдық жерлерді пайдалануды реттейтін арнайы заң қабылданды. Ол мал жаюға арналған жер тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған.

Егер бұрын мал ұстаушы жайылым­дағы жүктемені кем дегенде 20 пайызға қамтамасыз етуге міндеттелсе, қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін артты. Өткен жылы жердің тозу проблемаларын шешу мақсатында елімізде «ГИПРОСЕМ» РМК жеке институты құрылған. Бұл қызметтің мамандары ауылшаруашылық жерлері туралы деректерді цифрлаумен ғана емес, олардың құнарлылығын арттырумен де айналысады. Өткен жылы пайдаланымдағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 77 па­йызы цифрландырылған. Бұл жұмыс тек келесі жылы аяқталады.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметтеріне сүйен­сек, мал шаруашылығына қара­ғанда егістік жерлердің жағдайы әлде­қайда жақсы.

Экономикаға төнген қауіп

Жердің жай-күйі өзге де экономи­ка­лық факторлармен бірге ауыл шаруа­шы­лы­ғы кәсіпорындарының тиімділігіне де әсер етеді. Яғни «Талдау» ақпараттық-сарап­та­малық жүйесінің мәліметінше, өткен жылы ауыл шаруашылығындағы ком­­паниялардың табыстылығы айтар­лықтай төмендеп кеткен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 31,7%-ды құраса, өткен жылы ол 8,7%-ға ғана төмендеген.

Өткен жылы табыстылықтың ең жо­ғары деңгейі Ұлытау, Абай (бұл облыс­тарда 28,1%) және Шығыс Қазақстан (23,1%) облысында байқалды. Бірақ бұл көрсеткішті өткен жылғымен салыс­тыр­сақ, еліміздің шығыс өңірлері үшін мұндай қаржылық-экономикалық көр­сеткіштер жақсылықтың нышаны емес. Өйткені 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтарының табыстылығы (рентабельділік) 65,6 па­йызды, ал көршілес Абай ауданында тіпті 83 пайызды құраған болатын.

Ал Маңғыстау облысында жағдай мәз емес. Бұл өңір шаруашылық жүргізуге экономикалық тұрғыдан ең тиімсіз аймақ саналып отыр. Ондағы жайы­лымдардың барлығында дерлік мал шаруашылығында үлкен мәселе туғы­зып отыр. Былтыр мұндағы шаруа субъектілерінің рентабельділігі минус 23,8 пайызды көрсеткен екен.

 Жайылымдар күтімді қажет етеді

Ауыл шаруашылығы ғылым­да­рының докторы, Жәңгір хан уни­вер­ситетінің профес­соры, Ұлттық ғы­лым акаде­мия­сының мүше-коррес­­пон­денті Бейбіт Насиев 2050 жылға қарай әлемде халық санының тоғыз мил­лиардқа дейін болжамды өсуі эко­жүйелік қызметтер мен био­әр­түр­лілікті қолдау арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жайы­лымдардың тұрақтылығын арттыруды талап ететінін айтты.

– Қазіргі уақытта жаһандық эколо­гия­лық және әлеуметтік-экономи­калық проблемалардың бірі – шөлейттену және деградация немесе тозу, күйзелу үдерісі. Бұл жаһандық проблема планета халқының шамамен 1/5 бөлігіне әсер етеді және 100-ден астам елге қатысы бар, әлемдегі жайылымдардың жалпы аумағының 49%-ы деградацияға ұшыраған, – дейді ғалым.

Өкінішке қарай, Б.Насиевтің айтуын­ша, еліміз де осы проблемаға тап болып отыр. Аймақтарға қарай жайы­лымдық жерлердің 20-60% шамасы әр­түр­лі дәрежедегі деградацияға немесе күйзелу мен тозуға ұшыраған.

– Жайылымдардың күйзелуі мен тозуы­на әсер ететін факторларға климаттық және антропогендік немесе адами факторларды атауға болады. Ең басты фактор – ол адамзат баласын дүрліктіріп отырған, соңғы жылдары әлемде белең алып келе жатқан климаттың жылыну үрдісі. Орташа алғанда, жаһандық температура алдағы 20 жылда 1,5°C жылынуға жетеді немесе одан жоғары болады деп күтіліп отыр және климаттың өзгеруі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің тұрақ­­тылығына қауіп төндіруі мүмкін. Не­гізінен қуаңшыл, шөлді және шөлейт­ті аймақтарда орна­ласқандықтан, бола­шақ­та еліміздің мал азықтық та­нап­тарының өнімділігінің төмендеуі мен жай-күйінің нашарлауы одан әрі қарқын алары сөзсіз, – дейді пофессор Б.Насиев.

Демек аграрлық ғылым алдында кли­маттың өзгеру бағытында ауыл шаруа­­­­шылығы дақылдарының өндірісін бейім­деу, мал азықтық танаптардың сапа көр­сет­кіштерін жақсарту өзекті мәсе­лесі тұр.

Екінші маңызды фактор ретінде ғалым жайылымдарға адами тұрғыда бері­летін теріс әсерлерді атады. Жайы­лым­дардың тозуы көбіне малды қар­қынды жаю арқы­лы шамадан тыс пайдаланудың салдарынан болып отыр.

– «Жайылымдар туралы» заңға сәйкес, жайылым пайдаланушылары мал санын қалыптастырғанда жайы­лым­дардың жалпы алаңына түсетін жүк­те­менің шекті рұқсат етілетін нор­масын ескерулері тиіс. Ол Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрығына сәйкес еліміздің әрбір облысының табиғи-климаттық аймақтары мен жайылым типтері үшін нақтыланған.

Өкінішке қарай, фермерлер бұл бұйрықты толық орындамай отыр. Тіпті көптеген жайылым пайдаланушылар бұл норманың бар екендігін де білмейді. Соның салдарынан жайылымда мал қарқынды түрде жайылып келеді, – деген Б.Насиев өсімдіктердің тынығуын қамтамасыз ететін жайылым айналымын пайдаланудың маңызы зор екенін де атап өтті. Яғни ғалым малды бір жерге иіріп жая бермей, жерді де демалдырып тұру керек деген заңдылықты дұрыс көріп отыр.

Сондай-ақ ғалым басты да маңызды факторлар қатарына ата кәсіпті жанына серік, күнкөрісіне кәсіп етіп отырған малдың соңында жүрген ағайынның аграрлық білімімінің төмен болуын да қоса кетті.

Ал «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерт­теу инс­титуты» ЖШС басқарма төрағасы, профессор Айбын Төреханов «Жайы­лым­дарды орнықты басқару мен оларды пайдаланудың жаспарларын бекітіп, нақты іс шараларды жүзеге асыру керек», дейді.

– Ақиқатына жүгінсек, көбіне жос­парда ауыл немесе аудан көлеміндегі жайы­лымдық жерлер, малдың саны, қора-қопсы, суат көздері туралы статис­ти­калық мәліметтер ғана келтіріл­ген. Немқұрайдылықпен жасалған жобаларда жайылымдардың тозуына ықпал еткен жағдайлар сарапталмаған және оларды пайдаланудың тәсілдері де еш өзгеріссіз сол қалпында қалған, – дейді профессор А.Төреханов.

Қазіргі таңда қуаңшылықпен кү­рес, әсіресе экожүйенің қалыпты қыз­метін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан кешенді шара жоқтың қасы. Дегенмен түрлі министр­лік­тер тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобалар баршылық. Әсіресе су ресурстарын тиімді басқару шараларын әзірлеп, оны қолданысқа енгізу көптеген елдермен қатар, дәл қазір біздің еліміз үшін де аса маңызды болып отыр. Бұл тұрғыда Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен әзірленген жаңа Су кодексі жобасының маңызы ерекше. Мәжіліс қарауында жатқан бұл құжат қабылданса, су тасқыны мен құр­ғақшылық сияқты төтенше жағ­дай­ларды болжау, жоспарлау және оларға уақтылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, заманауи су ресурстарын пайдаланудың маңызды құралына айналуы тиіс.