Тілтану ғалымдарының зерттеуінше, жапон лексикологиясының төркіні күріш дәнінде екен. Ал қазақ сөзінің түп-атасы көбіне-көп жылқыға, соғыс өнеріне және аң-құсқа байланысты болып келетінін байқаймыз. Бүгінде кейбір теңеулер мен тұрақты тіркестерді жиі қолданғанымызбен, оның не мағына беретініне мән бере бермейміз. Сондай сөздің бірі – «қаршадай».
«Қаршадай бала», «қаршадай ұл», «қаршадай қыз» деген тіркесті жиі қолданамыз. Осындағы «қаршадай» сөзінің мағынасына үңіліп көрсек, мұның да тамыры құсқа келіп тірелетінін байқаймыз. Кейбір ел ішіндегі ауызекі деректерге сенсек, «қарша» қарлығаштың балапаны деп айтылады. Бұл да – көкейге қонымды уәж. Өйткені «қаршадайынан» деп те қолданамыз. Осыған қарағанда, «жастайынан, кішкентайынан» деген сөзбен үндес келетіні аңғарылады. Дейтұрғанмен бұған қатысты нақты бір жазбаша дерек болмаған соң, бұл сөзді зерттеп-зерделеген еңбектерден маржан сүзіп көрдік.
Мәселен, «Бес жүз бес сөз» кітабында (Алматы. «Рауан» баспасы, 1994 жыл) бұл сөз қаршығамен байланыстырылады. «Халық арасына жайылған қазіргі түсінік бойынша тұлғасы кіші, көзге қораш мағынаны иеленіп, «қаршадай бала», «қаршадайынан» сияқты сөз тіркесі мен жеке сөз қалпында жиі қолданылады. Л.3.Будаговтің сөздігінде Бамбери мәліметіне сүйене отырып, «карчэ» деген тұлғаға сұңқардың кішірек қара түсті тұқымы деген түсінік аламыз. Мұның өзі біздің шамалауымызша, қазіргі қазақ тіліндегі «қаршыға» тұлғасының ертедегі қалпы болса керек. Қаршыға сұңқар тектес құсқа жататынын түсіндіру артық. Дегенмен ойымыздың дұрыстығын басқа бір түркі тілі дерегімен дәлелдей кеткен жөн. Тыва тілінде «сұңқар» (сокол) атауындағы құсты «хартыға» деп те атайды. Бұл – оның сұңқармен тектестігінің айғағы. Қазіргі «қаршыға» ертедегі түркі тайпаларында «карчэ» тұлғасында айтылуы ғажап емес. Өзінің тұрқы сұңқарға қарағанда кіші болса, атауы «карчэ» делінсе, осы тұлғаға ұқсату нәтижесінде «дай» қосымшасының көмегімен «карчэ-дей», одан әрі біздің тіліміздегі «қаршадай» теңеуі туған деп топшылаймыз», делінеді онда.
Енді бір кездестірген дерекке қарасақ, бұл телегей тереңіндегі балыққа қаратылып айтылыпты. «Қарша – зат. Судың тереңінде тіршілік ететін балық түрі (килька)», дейді (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 9-том. Құрастырушылар: Ә.Ыбырайым, А.Жаңабекова, Қ.Рысбергенова және т.б. – Алматы, 2011. – 744 б). Ал Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігінде»: «қаршады» деген сөздің мағынасы қарыстады дегенді білдіреді екен (3-том. Аударған А. Егеубай. – Алматы: 2017. – 600 б.). Бұл сөз бізге асық ойынындағы «қаршып алу» деген сөз арқылы бүгінге бүтін жетті. Бұған қарағанда «қаршыдай», қарыстай деген сөзден құбылып жеткен жоқ па деген де ой келеді.
Бұл аз десеңіз, тағы бір деректің мәніне шұқшиып көрсек, бұл балық та емес, балапан да емес құстың өзі дегенге саяды. Яғни қазақ халқының ұлтанды бір бөлігі мекендеп жатқан Шығыс Түркістан қазақтарында: «қарша» сөзі – (ҚХР) шымшық торғайдың бір түрі» екені жазылыпты (Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Құрастырушылар: Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков, Ш.Сарыбаев, А.Үдербаев және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. – 824 б.).
«Қарға бойлы Қазтуған» немесе «Арбадай көк деген де арбадай көк, қарға тастан күн шығар қарғадай боп» деген қара өлеңдегі «қарға» сөзі арқылы кішкентай, тапалтақ нәрсені бейнелі тілмен суреттейді. Қай тұрғыда алып қарасақ та, «қаршадай, қаршығадай» сөзі құспен бір байланысы бары екені байқалады.
P.S. Қазір тіл мамандары, оның ішінде көнерген сөздер мен тұрақты тіркестерді зерттеушілер аз еңбектеніп жүрген жоқ. Десек те бір ғана сөз арқылы қолданыстағы кей сөздердің мағынасын ашу жолында тіл мамандарын көп еңбек күтіп тұрғанын байқауға болады.