• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жемқорлық 06 Тамыз, 2024

Жемқорлықты жеңуге тиіспіз

168 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында: «Әділетті Қазақстанды құру – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – бәріміздің ортақ ісіміз. Біздің мұқият ойластырылған іс-қимыл жоспарымыз бар, барлық қажетті ресурс, ең бастысы, баға жетпес капитал – еліміздің жауапкершілігі мол азаматтары бар. Мұндай тарихи өзгерістер ұлттың ұйысуын және әрқайсымыздың күш-жігерімізді қажет етеді», деген еді.

Әділетті мемлекет орнату үшін ең ал­дымен ескі Қазақ­станда еліміздің қай саласында болсын белең алған сыбай­лас жемқорлықты жою қажеттігі дау­сыз. Осы қоғамдық індетпен күреске жұртшылықты жұ­мылдыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі өткен жылы «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы во­лонтерлік» жобасына баста­машылық жасаған еді. Ан­тикордың мәліметіне қарағанда, аталған жоба аясында бүгінде 2,6 мыңнан астам волонтер бюджет қаражатын жұмсау тиімділігіне және өңірлердің проблемалық мәселелеріне мониторинг жүр­гізіп, жемқорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысып жүр. Олардың жұмысының нәтижесінде мем­лекеттік сатып алу үдерістері ба­рысында 3 млрд теңгеден аса қаржының артық жұмсалуына жол берілмеген.

Мысалы, волонтерлердің қы­рағылығы арқылы Маң­ғыстау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бюджетіне 200 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылған. Себебі аталған кәсіпорын былтыр нарықтық құны 45-50 млн теңгеден аспайтын үш тізбекті станса сатып алуға 247,7 млн теңге бөлуді жоспарлаған екен. Волонтерлер араласқан соң оның құны 49,6 млн теңгеге дейін төмендетілген. Ақмола облысының волонтерлері Біржан сал ауданының Бұланды ауылында салынып жатқан мектеп құрылысына жүргізген мониторинг нәтижесінде жаңа ғимараттың байланыс­ты­ру­­­шы тораптарының бұзыл­ғаны, шатырының ағаш конс­трукциялары отқа төзімді етіп өңделмегені және бекі­тілген жұмыс кестесінен артта қалушылық анықталған. Осыған орай мердігер ұйымға жол берілген кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған. Алматы облысында «Жасыл ел» бағ­дар­­ламасына қатысқан 1 200 студентке жалақы уақтылы тө­ленбеген. Волонтерлер дабыл қаққаннан кейін олар үшін бюджеттен 133,9 млн теңге бөлінген. Шымкент қаласында волонтерлер мониторингтік топтың кәсіпкерлік субъектілеріне заң­сыз баруын тоқтатуға ұйыт­қы болған. Нақты айтсақ, ме­гаполистің Денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке медициналық ұйымдарға мониторинг жүргізу туралы бұй­рығының күші жойылған. Павлодар облысында волонтерлер көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде құрылыс нормаларының бұзылғанын әшкерелеген. Мұнда мердігер ұйымның жасыл желек пен жаяу жүргіншілер жолын алып тастауды жоспарлаған эскиздік жобасы мемлекеттік нормативтер мен санитарлық ережелерге сәйкес емес болып шыққан.

Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның қоғамда сыбайлас жем­қорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға бағытталған жұ­мыстары оң нәтиже беріп отыр. Былтыр «Аманат» зерттеу қызметтері орталығы еліміздің барлық өңірінен 10 мың респондентті қатыстырған әлеуметтік зерттеу нәтижесі сы­байлас жемқорлықпен кү­рес­ке өз үлесін қосуға мүдделі азаматтардың үлесі 2022 жылғы 64,9 пайыздан 66 пайызға дейін артқанын көрсеткен. Тұ­р­ғындардың 76,7 пайызы, биз­нес өкілдерінің 74,8 пайызы, студент жастардың 57,64 пайы­зы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы тиісті органдарға хабарлауға дайын екенін білдірген. Рес­понденттердің пікіріне қара­ғанда, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарда, медициналық мекемелерде, жергілікті атқа­рушы органдарда және құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлық терең тамыр жайған. Оның негізгі себептері – мемлекеттік мекемелер қыз­меткерлерінің жалақысының төмендігі, шенеуніктерді ба­қы­лаудың жеткіліксіздігі, аза­маттық қоғамның дамымауы және азаматтардың құқықтық мәдениетінің төмендігі.

Әлеуметтік зерттеу нәти­жесінде азаматтардың сыбайлас жемқорлық туралы Антикордың аумақтық департаменттеріне (60 пайыз) және «e-Otinish» платформасы (44 пайыз) мен 1424 Call-орталығына (39 пайыз) жиі хабарлайтыны мәлім болды. Былтыр жең ұшынан жалғасқан жемқорлар жайлы дер кезінде хабар бергені үшін 73 адам жалпы сомасы 22,4 млн теңге сыйақы алған.

Еліміздің азаматтардың сыбайлас жемқорлықпен күрестегі белсенділігін одан әрі арттыруға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, ұзақ та кеңінен талқыланғаннан кейін былтыр алғаш рет қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заң қосымша мүмкіндік беріп отыр. Осы заңға сәйкес жекелеген азаматтар мен коммерциялық емес ұйымдар саны бес адамнан аспайтын қоғамдық бақылау тобын құра алады. Бұл ел ішіндегі белсенді азаматтардың әділдік жолында бірлесе қимылдауына қолайлы. Сонымен қатар атал­ған заңда бір ескерерлік шектеу барын да айтқан жөн. Нақ­ты айтсақ, он сегіз жасқа тол­маған жасөспірімдер, алын­баған соттылығы бар және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, экстремистік жəне террористік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар, сондай-ақ діни бірлестіктер мен ше­телдің қатысуымен жұмыс істей­тін коммерциялық емес ұйым­дар қоғамдық бақылауға қатыстырылмайды.

Қоғамдық бақылауға қаты­сушылар атқарушы мемле­кеттік билік жəне жергілікті мем­лекеттік басқару орган­дары­ның, мемлекеттік мекеме­лер­дің, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының, дербес білім беру ұйымдарының, қызметі қоғамдық мүдделермен байланысты орталық жəне жергілікті атқарушы органдардың функция­ларын орындаушылар болып саналатын ұйымдардың қызметіне бақылау жасайды. Осы орайда Парламент депутаттары Үкімет ұсынған қоғамдық бақылау объектілерінің тізбесін кеңейтіп, республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырса да бұрын бейінді министрліктерге бағындырылмай, бақылаудан тыс қалдырылған автономды білім беру ұйымдары – Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жұ­мысына қоғамдық бақылау орнату туралы нормалар енгізгені көпшілік көңілінен шықты. Ал режімдік объектілер санатына жатқызылған мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметіне қоғамдық бақылау жасалмайды. Дегенмен «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Қазақ­стан Республикасының арнау­лы мемлекеттік органдары туралы» заңдарға толықтыру енгі­зіліп, ата-аналардың әскери бө­лімдер мен оқу орындарына барып, балаларының өмірі мен тұрмысымен танысуына жол ашылды. Мұның өзі әскер­де әлі тыйылмай тұрған әрі шын сыры ашыла бермейтін суицид оқиғаларының алдын алуға ықпалын тигізеді деп үміттенеміз.

Биылғы сәуір айында күшіне енген қоғамдық бақылау туралы заңнама елімізді одан әрі демократияландырып, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттырып, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге оң ықпалын тигізетіні анық.

Міне, осындай жүйелі шара­лардың нәтижесінде Қазақ­стан 2023 жылдың қоры­тындысы бо­йын­ша Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде 39 балл алып, 180 елдің арасында 93-орынға көте­рілді. Бұл көрсеткіш – тәуелсіз еліміздің тарихындағы үздік нәтиже.