Көптен көз көрген екі айырмашылық туралы ойлайтынмын. Бірақ жазам деп жүргенімде редакция тапсырмасына күмп етіп түстім де, кейінірек босаған соң ескі елесті еске алдық.
...Демалыста көптен қауышпаған елдегі туыс не дос-жаранды аралайтын мен ғана емес. Ауылда өскен ұлдың бәрі солай етеді. Әуелі аталас ағамдікіне бардым.
– Ассалаумағаләйкүм, сәлем бердік, – дедік шарбақтан ене бере. Жеңгей елпектей қарсы алды. Қашаннан орамалы басынан түспейтін оның әдеті сол – аузы да, қолы да тынымсыз.
– Бақытты бол. Өлә, зәремді ұшырып ше. Сайтандай сап етуін. Қашан келдің, ей? – Сөйлеп жүр. Сөйлесе де қолындағы төрт түйір картобын аршып жүр.
– Отыр, отыр, қазір ағаң келеді, күріштік басынан. Әбет дайындап жатқанмын. Мақтап жүреді екенсің. Немене, қала жаққан-ау өзіңе, екі бетің жалтырап, көзің ашылмай қалыпты ғой...
Жеңгейдің сөзіне мән беріп отырғаным жоқ. Құлақ үйренген. Сәл парықсыздау сөйлесе де, іштей осы жеңгемді жақсы көремін. Мектеп бітіре сала ағамыз алып қашып келіп, әулетке тез сіңген. Ақкөңіл. Кей-кейде ағам «ащыдан» сілтеп қойып, «қараң қалғыр» мен «жер жұтқыры» қосарланып кетпесе, ағайын арасындағы той-жоралғыда бұның бәсі жоғары. Ет асу мен той дастарқанының артын жинап кетудің шебері енді. «Осы келіннің қол-аяғы жылдам» деп шуақта отырған үлкен кемпірлер талай жылы сөз айтқан бұл кісіге. Әттең-айы, мектептен кейін оқымаған. Ондай кемшілікті өзі де мойындайды. Өзінің айтуынша, дипломы болса, ең құрығанда мектепте тәрбие «завучы» болып, биік өкше топлаймен безектеп жүретін еді.
Ағам келді. Қауқылдасып түскі асқа отырдық. Жеңгей жылдам. Екі езуі екі құлағында. Онысы ағама еркелеу ме, анығын білмедім. Таба нанын толтыра тураған дастарқан бетіне. Жалғыз сиырдың сары майын қойды. Дүкенге қарай жүгірмекші болған. Анау-мынау әкелмек. Өзім тоқтаттым. Білем ғой, онда барып, дүкеншінің қарыз дәптеріне жазыларын.
Айтпақшы, жеңгей макарон бұқтырыпты. Әлгі төрт түйір картобымен. Бетінде бақшадан үзген көк жуасы бар. Бала-шағасымен бірге қарбытып жеп алдық.
Ағам тек әке-шешемнің амандығын сұрап, дастарқан үстінде «алдыр, алдыр» дегені болмаса, әңгімеге шорқақ адам. Өзі күріште сушы еді. Есесіне, жеңгей саудырлап қалған. Жұмыссыз отырса да бар ауыл жаңалығын жіпке тізгендей айтып отыр.
Иә бұлармен қош айтысып, келесі туысқа аяңдадық. Арнайылап сәлем бермесең, сыртыңнан дымыңды қалдырмайтын ағайын ауылда көп қой.
Бардым. Қол ұсындық. Алды. Аузы жыбыр етті. Онысы несі деп таңғалмаймын. Өзі бір үнемі тұнжыраңқы жүретін ағайын адам.
– Әй, қайсың барсың, шай қой!
– Ә, жоға, кетем. Сәлем беріп шығайын деп ем.
– Ымм, қашан келдің?
– Кеше кешкі автобуспен.
– Жұмысың сол баяғы ма?
– Иә, сол ғой.
– Әлі қағаз кеміріп жүрсің бе? Кезінде мұғалімдікті бекер тастадың. Мына пәленшенің нөлге нөлді қоса алмайтын баласы пизрөк болып, айына үш жүз мың алатынға ұқсайды...
Шыны керек, жалыға бастадым. Әкемнен үлкен болғасын, амалсыз кідіріп тұрмын. Әйтпесе, «шалдың баласы» екенімді есіне салып, қарсы жауаптасуға дайын тұрғанмын. Айтпақшы, осы үйдегі жеңгем қызметтегі адам. Оқыған адам ғой. Шай қойды. Неге екені белгісіз, түнеріп жүрді. Әй, осы нөсерлетіп жаумай тұрып, ығысып кетсем деп едім. Оған «асқа қарамады» деген артыңнан айтылар сөз де бар.
Түнеріп жүріп шайын берді. Түнеріп жүріп тәттісін қойды. Колбаса мен сыр, кешіріңіз, шұжық пен ірімшік те табылды бұл үйден. Кешегі қуырдақты шала-пұла ысытқаны көрініп тұр. Дастарқанды қойшы, жайнап тұр, бірақ, түнерген қабақтан түңіліп мен отырмын. Неге екенін білмеймін, бір кесе шайды құлықсыз ішіп, бір печеньені зорға тістедім. Онысы тамағымды жырып, көзімді ашытты.
Расы сол, ықылас еді ғой іздегенім. Таппадым. Сүйретіле шығып, өз үйіме аяңдағанмын. Есіме бірінші барған ағайынның үйі түсті. Жеңгемнің жадырай жүріп берген етсіз макаронының дәмі аузыма қайта-қайта келе берді...