Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жол сапасының төмендігі жайында жиі айтып келеді. Әлемдегі ірі мұнай өндіруші ел үшін шұрқ тесік жолдардың болуы ұятты жағдай екенін де ескертті.
Биыл мамыр айында Президент жол сапасына қатысты тағы да сын айтып, бұған саланы жайлаған сыбайлас жемқорлық себеп болып отырғанын жеткізді. «Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы – саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл қазір басым міндет», деген болатын.
Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жартыжылдық жұмысын қорытындылаған кеңейтілген отырыста қызмет басшысы Асхат Жұмағали жол саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерлеріне сыртқы талдау басталғанын хабарлады. Ал бұдан қандай нәтиже шықпақ?
Агенттік таратқан мәліметтерге қарағанда, бірінші кезекте жол құрылысын жоспарлаудан бастап жұмыстарды қабылдауға дейінгі барлық үдеріс зерделеніп, жемқорлық нормалары, мүдделер қайшылығы мен олқылықтар тұрғысынан нормативтік-құқықтық актілер, құрылыс нормалары және ережелері қайта қаралмақ. Өйткені құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, жобалау-сметалық құжаттама құнын орынсыз арттыру, сапасыз материалдарды, жабдықтар мен технологияларды пайдалану секілді жайттар көп. Жол салуға жұмысты толық көлемде орындауға қауқарсыз үлестес және сенімсіз компаниялар тартылады. Кейінгі үш жарым жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 65 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеп, олардың келтірген залалы шамамен 9 млрд теңгені құраған.
«Жұмыстың екінші бағыты бойынша жол құрылыстарына мониторинг жүргізіледі. Бүкіл ел бойынша 217 учаске қамтылды, оларға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар. Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жауапты адамдар бекітілген. Барлық өңірде мониторингтік топтар құрылып, құрамына қоғам белсенділері, сондай-ақ осы саладағы сарапшылар кірді» делінген агенттік хабарында.
Мониторингтік топтардың рейдтері барысында бірқатар заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, 15 өңірде қажетсіз, қайталама жұмыстарды істеу, сметаны асыра бағалау секілді жемқорлық жайттары тіркеліп отыр. Олардың мемлекетке келтірген шығыны – шамамен 6,9 млрд теңге.
Мысалы, 2 шілдеде Батыс Қазақстан облысының «Барбастау – Ақжайық – Индер» автожолы құрылысын тексеру үшін арнайы барған мониторингтік топ жолдың кей жерлерінің шөгуі, ірі түйіршікті асфальт жабынының бұзылуы, кей жерде жол бетінің шытынауы секілді кемшіліктерді байқады. Бұның бәрі жолдың тез бұзылуына және тұрғындардың наразылығына себеп болары хақ.
Осыған орай құрылысты жүргізіп жатқан ЖШС бас мердігеріне анықталған кемшіліктерді жою міндеттелді. Ол үшін барлық ақаулы учаскедегі асфальтбетон жабындысын фрезерлеу, жаңа асфальтбетон жабындысын салу секілді жұмыстарды қайта істеу қажет.
Сонымен қатар Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Жамбыл және басқа да облыстар мен қалаларда осындай кемшіліктер анықталды. Өңірлердегі мониторингтік топтар барлық жол құрылыстары мен жөндеу жұмысы аяқталғанша ай сайын рейдтер жүргізіп тұрады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, саладағы парақорлықтың туындауына себепші факторлардың тағы бірі – салынған немесе жөнделген жолға берілетін кепілдік мерзімінің аздығы. Қазір ол 2 немесе 3 жылды құрайды. Тіпті кейде жаңадан жөнделген жолдардың бір жылға жетпей қирап жататыны да жасырын емес. Енді агенттіктің ұсынысымен жаңа жолдарды салғаннан кейін және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін кепілдік мерзімін 84 айға (7 жыл) дейін, ал орташа жөндеу үшін – 60 айға (5 жыл) дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл шара жолдарды жөндеу және салу сапасын арттыруға, мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ кепілдік мерзімін ұлғайту жол жұмыстарын неғұрлым мұқият орындауға және жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етуге тиіс.
Жол саласында жемқорлық қылмыстарының жайлап кеткенін заңнан аттағаны үшін жауапкершілікке тартылып, сотталып жатқан адамдардан да көруге болады. Сметаны әдейі көп етіп көрсетеді де, сосын бөлінген қаражаттың бір бөлігін жымқыру оқиғалары азаймай тұр. Мәселен, жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Тұран ауданы әкімі аппаратының «Тұран» КММ бас бухгалтері М.Асанова мен Төле би ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жарық-Жол» КММ бас бухгалтері К.Бесбаеваға қатысты үкім шығарды.
Олар автомобиль жолдарының жұмысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны және талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылды. Асанова мен Бесбаева жалған бухгалтерлік құжаттар негізінде үлестес кәсіпорындарға қаражатты заңсыз аударуды жүзеге асырған, сондай-ақ 2023 жылдың ақпан-желтоқсан айларында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақыны жүйелі түрде аударып отырған. Жымқырылған қаражат пен келтірілген жалпы шығынның жалпы сомасы – 99 млн теңге.
Сот үкімімен Асанова мен Бесбаеваға сәйкесінше 8 және 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және өмір бойы мемлекеттік мекемеде қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім сотталғандардың ұжымдары алдында жарияланды. Бұл – басқаларға ескерту әрі келешекте жемқорлықтың алдын алу үшін қажетті шара.
Жоғарыда айтқанымыздай, жол сапасын бақылайтын мониторингтік топтар еліміздің барлық аймағында рейдтер жүргізіп, Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмалардың орындалу аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Жол құрылысы сапасын ашық және тұрақты бақылауға арналған топ жуырда Алматы облысындағы «Қонаев – Күрті», «Күрті – Бурылбайтал» жол нысандарына шығып, «Шамалған» айналма жолын тексерді. Бұл нысандар 2024 және 2025 жылдары пайдалануға берілуге тиіс. Жобалардың құны шамамен 25-тен 46 млрд теңге аралығанда. Нысандарға мердігер ұйымдардың 775 қызметкері мен 314 техникасы жұмылдырылған.
Мониторинг барысында жұмыс тобы бас мердігерлермен бірлесіп, жүргізілетін жұмыстар мен материалдардың сапасын, сондай-ақ олардың сметалық құжаттамаға сәйкестігін тексерді. Бұрын «Құрты – Бурылбайтал» нысанында сапасыз орындалған 1,7 млрд теңгенің (жалпы құны – 29,9 млрд теңге) жұмысы анықталған. Осыған байланысты тапсырыс берушіге ақпараттық хат жолданды, анықталған бұзушылықтар жойылады. Жұмыс тобы ай сайын басқа да нысандарда осындай тексерулер жүргізіп отырмақ.