Астанадағы №25 орта мектеп апатты деп танылды. «ТехЭксперт-Т» ЖШС аккредиттелген ұйымы өткізген 2024 жылғы 20 шілдедегі техникалық қорытындыға сәйкес, нысан техникалық және санитарлық талаптарға сай болмай шықты, деп жазады Egemen.kz.
Тексеру нәтижесінде ғимараттың физикалық тозуы 54,4 пайыз болып бағаланды.
Астана қаласы Білім басқармасы осы мектептің оқушылары жаңа оқу жылында жақын маңдағы Қарасай батыр көшесі, 10 мекенжайында орналасқан № 36 мектепте оқитынын хабарлады. Бұл мектеп 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Мектеп екі ауысымда 2400 оқушыға арналған.
«№ 36 мектеп әкімшілігімен сыныптарды орналастыру, оқу кабинеттерін бөлу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері шешілді, балаларды қабылдау кезінде мектеп ғимаратына кіру және оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру мәселесі анықталды», делінген әкімдік хабарламасында.
Ал №25 орта мектептің аумағында оқу процесін ұйымдастырудың барлық заманауи талаптары ескерілетін жаңа мектеп салынады. Бүгінгі таңда жаңа мектепті жобалау және жобаны жергілікті жерге байланыстыру жұмыстары басталған.