Бүгінде отандық математика ғылымының жетістігі елімізге ғана емес шетелге жақсы мәлім. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттердің, ғалымдардың халықаралық дәрежеде қол жеткізген жетістіктері еліміздегі математика ғылымын одан әрі дамытуға кең жол ашып отыр. Біз осы мақсатта Математика және модельдеу институтының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Махмұд Садыбековпен отандық математика ғылымын дамытуға байланысты әңгімелескен едік.
– Махмұд Әбдісәметұлы, көптеген жас ғалым шетелдегі танымал жоғары оқу орындарында білімін жетілдіріп, математикамен тығыз байланысты салаларда табысты еңбек етіп жүр. Институтта жұмыс істеп жатқан ғалымдардың да денін жастар құрап отыр. Қазіргі кезде олар қандай бағыттағы зерттеулермен айналысып жатыр?
– Бүгінде ғалымдар ескі үстелде, қағаз-қаламмен отырады деген түсініктен әлдеқайда алға озып кеткен. Ғылымның барлық саласы толық цифрланды. Бұл ғалымдар үшін жұмыс үрдісін барынша жылдамдатуға ықпал етіп отыр. Басқа саламен салыстырғанда, біздің институтта жұмыс істейтін ғалымдардың денін жастар құрайды. Қазір олардың саны 250-ден асты. Оның 53 пайызы 40 жасқа дейінгі жас мамандар. Олардың арасында 2 ғылым кандидаты, 33 PhD, 16 магистр дәрежесіндегі және бакалавриатты бітіргендер бар. Институт басшылығы осы ғалымдардың еш алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, ғылымның игілігін көруге жұмылдыруда. Математика ғылымында мақалалар жарияланымы бойынша PhD дәрежесіндегі ғалымдар көш бастап тұр. Бүгінде елімізде, сондай-ақ шетелдерде еңбек етіп, танымал болған математиктердің дені осы институттан шыққаны белгілі. Қазір 40-қа жуық институт ғалымы ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі – іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын мекемелерді қаржыландыру аясында зерттеумен айналысады.
– Өзіңізге белгілі кейінгі жылдарда көптеген талантты жастар шетелге білім қуып кетіп жатыр. Бірқатар сарапшы мұны жағымды үрдіс ретінде қабылдаса, енді бірі мұның кері себеп-салдары бар екенін айтады. Сондықтан отандық ғылымның әлеуетін дамыту үшін не істеу керек?
– Шетелдерге барып білім алып, жұмыс істегісі келетін жастарға жаңа әлемді, озық білімді тануға мүмкіндік берген абзал. Олар озық елдерден үйренгенін кейінгі толқынға үйретеді деген үміт зор. Ал елге қайтқысы келмегені үшін оларға кінә таға алмаймыз. Өйткені шетел университеттеріндегі ғылымға, білім алуға жасалған қолайлы орта әлемді танығысы келетін жастарды қызықтыра түсетіні заңдылық. Білімді, білікті жастардың елге оралып, өнімді жұмыс істеуі үшін ғылыми экожүйемен қатар әлеуметтік мәселелер толыққанды шешілуі қажет. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, елімізде ғылыммен айналысқысы келетін жастардың саны әлі де аздық етеді. Сондықтан жастарды ғылымға мектеп жасынан, тіптен балабақшадан бастап баулуды дамыған елдер тәжірибесінен үйрену керек. Өскелең ұрпақтың ғылымдағы әлеуетін арттыру үшін алдыңғы буын ғалымдар жол көрсетіп, белсенділік танытып жатса, бұл жағымды үрдіс жастарды ғылымды алға оздыруға итермелейтіні анық.
– Кейінгі уақытта жоғары оқу орындарына бөлініп жатқан грант санын азайтуға қатысты пікірлер жиі айтылып жүр. Грант санының көбейгені жалпы орта білім көрсеткіштерінің артуына ықпал етеді деген де түсінік бар. Алайда грант санының көбейгені еліміздегі білім сапасының көрсеткіші бола ала ма?
– Кейінгі жылдардағы ахуалды сараптап қарайтын болсақ, білім жүйесі бизнеске айналып барады. Бірқатар университет үшін грант санының артқаны, студенттердің көбейгені тиімді. Сол қаражаттан жоғары оқу орындары оқытушыларға айлық төлейді, инфрақұрылымына жұмсайды. Ақшасын төлеп оқи алса, ақылы факультеттер де бар. Жоғары оқу орындарының көпшілігі студенттердің білім сапасына көңіл бөле бермейді. Бірқатар университет қосымша факультеттер ашып, студенттерді көбірек жинағанды ыңғайлы көреді. Егер де оқытушылар базасы мықты жасақталатын болса, студенттерге қолайлы орта қалыптасса, ондай оқу орындарына студенттер өздігінен-ақ келеді. Бірақ мұндай университеттер елімізде өте сирек. Студенттер санының көп болғаны жоғары оқу орындарының саясатына да қарама-қайшы. Көбіне шетелге барып оқып келген жастар еліміздегі университеттердің деңгейін салыстырып қарастырады. Шетелдердегі жоғары оқу орындарында математиктер үшін жасалған жылжымалы тақталар бір қабырғаны тұтастай алып тұрғанын бір ғана мысал ретінде келтірсек те жеткілікті болар. Сондықтан әрбір жоғары оқу орнының жағдайын зерделей қарастырып, студенттер санын 5 мыңнан асырмаған жөн. Еліміздегі университеттерде тіптен, кабинетсіз жүрген оқытушылар бар. Олар оқу құралдарын қоятын тартпаға қолы жетсе қуанады. Ал шетелдің оқу орындарында постдокторлар отыратын арнайы кабинеттер, зертханалар бар. Осы орайда «Университеттер инфрақұрылымдық мүмкіншілігі болмаса, студент санын көбейтіп қайтеді?» деген заңды сауал туындайды. Сондықтан грант санын да, оқытушыларға түсетін салмақты азайту керек. Ондай жағдайда гранттың да құндылығы артады, педагогтерге түсетін жүктеме де азаяды, ал талапкерлер арасында бәсеке күшейеді. Осы тұста «Қандай нәтижеге қол жеткізгіміз келеді?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Елдің әлеуметтік, экономикалық ахуалын жақсартатын – білімді, білікті кадрлар. Осы орайда интеллектуалдар легін қалыптастырамыз десек, білімге қатаң бақылау керек. Оқыту бағдарламалары, оқулықтар әзірленіп жатқанымен, кейінгі жылдарда студенттердің алған білімі көңіл көншітпейді. Оның басты себебі, бір курстан екінші курсқа көшкенде білім деңгейіне сараптама жасалмайтындығы мен жоғары оқу орындарындағы ішкі бақылау жүйесінің әлсіздігінен. Университеттер студентті нашар оқығаны үшін оқудан шығарып тастай алмайды. Қазіргі кезде еліміздегі демографиялық ахуалды ескере отырып, грант саны жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше, мектепті жоғары көрсеткіштермен бітіріп жатқан оқушылар қатары көбеюде. Бірақ осы жақсы оқып келген студенттерден сапалы маманның шығып жатқаны күмән туғызады. Оның бір дәлелі ретінде институтымызда университет бітіріп келген жас мамандарды қайта даярлап жатқандығымызды айта кетейін. Дарынды, талантты түлектерден 4-5 жыл ішінде сапасыз мамандар даярланып жатқандығына жұмыссыз жастардың статистикасы, өз мамандығымен жұмыс істемейтіндігі дәлел бола алады. Ал оқу бітірген студенттердің 90 пайызы жұмысқа орналасады дегеніміз де жалған ақпарат. Өйткені университет студентке жұмысқа орналасқаны туралы анықтама әкелмейінше дипломын ала алмайды. Ал түлек жұмысқа орналасқаны жөнінде анықтама алудың түрлі жолдарын қарастыруға мәжбүр.
– Жақында Самарқанда өткен Түркі әлемі математиктерінің ғылыми форумында Қазақстан математиктерінің жарияланымдық белсенділігі және еліміздегі іргелі математиканың міндеттеріне қатысты TWMS вице-президенті ретінде баяндама жасадыңыз. Ғылыми көрсеткіш бойынша бір ғалым жылына қанша мақала жариялауы керек және ғалымдарымыздың жарияланымдық көрсеткіші қандай екенін айтып берсеңіз?
– «Web of Science» дерекқор базасында индекстелген ғылыми жарияланымдар саны бойынша үздік 10-дықтағы университеттерді атап өтетін болсақ, барлық рейтингте Назарбаев университеті көш бастап тұр. Математика және модельдеу институты 6-орынға ие. Бес жыл ішінде еліміздің ғалымдары 21 508 публикация жариялаған. Негізінде әлемдік көрсеткіш бойынша бір профессор жылына бір мақала шығаруы керек. Қазіргі кезде еліміздегі жоғары оқу орындарында шамамен 38 мың оқытушы сабақ беріп жүрген болса, «Web of Science» базасына, импакт-факторлы журналдарға жылына шамамен 2,5 мың рейтингтік мақала беріп отырмыз. Егер оқытушылардың әрқайсысы орта есеппен бес жылда бір рет мақала жарияласа, жарияланымдардың қазіргі кездегі саны 8 мың болатын еді. Ғылыми мақалалар жарияланымының көп болуы штаттағы қызметкерлердің санына да байланысты болып келеді. Осы көрсеткішке қарап, елде шынайы ғылыммен айналысып жатқан мамандардың сирек екеніне көз жеткіземіз. Оқытушылардың уақыты қосымша жұмыс істеуге, сабақ беруге кететіндіктен, ғылыммен айналысуға уақыты жетпейді. Ал кейбір университеттер үшін оқытушының ғылыми мақала жазғаны керек емес. Шетелдерде аккредитациядан өткенде ғана публикация талап етіледі. Сондықтан оқытушыларға түсетін салмақты азайтып, жалақыны көбейте отырып, ғылыммен айналысуға жағдай жасау керек. Бұл жерде ең бастысы, ғылыми зерттеулер екенін қайталап айтуға тура келеді. Ал ғылыми мақаланы жариялау – ғылыми зерттеудің өнімді нәтижесін көрсету. Ең бастысы – мақала емес, ғылым. Ал ғылыми зерттеулердің ауқымы мен деңгейін жарияланған мақала көрсетеді.
– Осыдан біраз уақыт бұрын ғалымдардың «жалған» журналдардағы жарияланым көрсеткішіне қатысты көп сын айтылған болатын. Қазіргі кезде бұл журналдарды анықтаудың қандай да бір жүйесі жасалған ба?
– 2016–2019 жылдарда еліміз «Scopus-қа» тіркелген «жалған» журналдарға материал жариялау бойынша әлемнің алдына түсті. Бірнеше ғалым жиналып, бір материал жариялау белең алды. «Жалған» журнал бір жыл ішінде базадан өшіп кетпесе, жарияланған материал қабылдана беретін. Ал импакт-фактор бойынша бірінші квартильде тұрған сапалы журналдарға мақала жариялау өте қиын. Бұл ғылыми зерттеулердің нәтижелері жарияланатын журналдардың деңгейіне қойылатын жоғары талаппен байланысты. Осы себепті де зерттеулерінің деңгейі төмен болуынан ғылыми журналдарда жарияланбай, докторантура түлектерінің көпшілігі диссертациясын қорғай алмады. Осындай келеңсіз жайтқа қарап, бірқатар ғалымның ғылыммен емес, ғылыми дәреже алу мақсатында мақала жариялаумен әуре болғанын аңғарамыз. Ал шындығында нағыз ғалым тек зерттеулермен ғана айналысады. Оны жарияланымдарының аздығымен байланыстырамыз. Зерттеу жұмыстарының нәтижесін ғылыми мақалада көрсету үшін барлық оқытушының белсенділігін арттыру қажет. Әлемде «Web of Science-ты» импакт-факторға қарамайтын елдер бар. Бізде де осындай ұсыныстар айтылып қалып жүр. Десек те, жарияланымдардың жиі шығуы ғалымдардың белсенді жұмыс істеп жатқанын білдірмейді.
– Институттың өзге ғылым салаларымен байланысы қандай?
– Математиктер медицина, экономика, сондай-ақ өнеркәсіптің басқа салаларымен де бірге жұмыс істеуге дайын. Бірақ ғылымның басқа саласында жүрген мамандар көбіне өзіне математикадан не керек екенін нақтылай алмайды. Егер олар нақты жобасын әзірлеп, ұсынса, математиктер көмектесуге әркез әзір. Түптеп келгенде, математиктер белгілі бір мәселені шешу үшін емес, еліміздегі математика ғылымын дамыту үшін жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да, математикадан нәтиже емес, деңгей, дәреже сұралуы керек. Мысалы, мен 120 формула жазатын болсам, келесі бір ғалым тағы да 120 формула жазып, журналдарға ұсынады. Қай жұмыс қабылданып, жарияланатын болса, сол жұмыстың деңгейі жоғары екенін көреміз. Ал оған ғылымда сұраныстың бар немесе жоқ екені де ескерілуі керек. Ғылым деңгейі көтеріліп, оның аумағы кеңейген сайын өзінен-өзі-ақ жоғары нәтижеге алып келеді. Сондықтан ғылым нәтижеге жету үшін терең білім керек. Ал математиканы жақсы білетін түлектер барлық салада сұранысқа ие екені анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»