• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Тамыз, 2024

Әзілхан Тәжекеев: Археология саласы толық жаңаруды күтеді

226 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халқымыздың өткенін түгендеу, тарихи жадымызды қалпына келтіру, соның ішінде археология саласын дамытуға қатысты келелі ойларын ортаға салды. Біз Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВТІ әңгімеге тартып, саладағы қордаланған проблемалар жайында сұрап білдік.

– Әзілхан Әуезханұлы, биыл Ұлттық құрылтайда археология саласына қатысты бірқатар сын айтылғаны белгілі. Соның бірі – саланы «күмәнді адамдар» жайлап алғанын жеткізді. Бұлар кімдер сонда?

– Президентіміз Ұлттық құ­рылтайдың былтырғы Түркістан­да өткен отырысында да, биыл Аты­рауда да археология саласын тілге тиек етті. Қазір еліміздің шынайы тарихын қайта жазу қолға алына бастады. Соның ішін­­де тарихтың үлкен бір саласы – архео­ло­гияға да жіті көңіл бөлініп отыр. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы «күмәнді адамдар» деп археологиялық қаз­ба немесе ғылыми-реставрация жұмыс­тарын жүргізу үшін лицензия алған қаптаған жекеменшік компанияларды айтты. Бұған дейін бізде лицензия беру үшін қатаң талаптар қойылмады. Салдарынан лицензия алған жеке компаниялар саны 200-ге жуықтап қалды.

2019 жылы 26 жел­тоқсанда «Тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пайдалану туралы» заң қабылданып, онда ли­цензия беру талаптары қатаң­датылды. Бұрын берілген 200-ге жуық лицензия қайтарып алынып, жаңа заң негізінде қайтадан беру басталды. Нәтижесінде, сала­дағы жеке компаниялар саны екі есеге жуық азайды. Бірақ елі­міз­де әлі күн­ге өз жұмыс­тары­на жауап­кер­ші­лікпен қара­май­­тын жеке компаниялар қап­тап жүр. Олардың зерттеу жүр­гізе­тін қажетті зертхана­лары, архео­логиялық базалары жоқ, үлкен экспедицияларды құ­ра алмайды. Бәрі бірдей қазба жұмыс­­тарымен айналыспайды. Мем­лекет басшысы саланың дамуына пайдасы аз осындай күмәнді адамдардан арылу қажеттігін айтты.

– Құрылыс фир­маларына жекелеген жер те­лім­дерінің та­рихи-архео­логия­лық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қо­ры­тынды беріліп жүргені мә­лім болды. Сол жал­­ған қоры­тын­дыны беріп жүр­гендер кім?

– Құрылыс жүр­гізетін, мұнай өндіретін немесе жол салатын компанияларға олар­дың жұ­мыс істейтін аума­­ғын­да тарихи-ар­хео­логиялық ескерт­кіш­тер жоқ деп жалған қорытынды беретін жағдайлар көп. Жалпы, мұн­дай қорытынды беру үшін сол аумаққа барып, көзбен көріп, қа­жет болса, қазба жұмыстары жүр­гізілуге тиіс. Бірақ жеке компаниялар көбіне бұл іске бизнес тұрғысынан қарай­ды да, екі жаққа да тиімді болу үшін жұмыстың тез аяқтал­ғанын құп көреді. Жерді игере­тін компаниялар үшін ол аумақ­та тарихи ескерткіштердің бол­мағаны жақсы. Егер табылып жатса, оны тізімге алып, зерт­теу керек, республикалық немесе жергілікті маңызы бар ескерт­­кіш деген мәртебе берілуге тиіс. Мұның бәрі біраз уақытты алады. Өкінішке қарай, археоло­гия саласының лицензиясын алған тарап та, жерді игеретін та­рап та өз аумағынан тарихи-архе­о­логиялық ескерткіштің табыл­ғанын қаламайды. Содан тексеру жүргізбестен «бармақ басты, көз қысты» жолмен жалған қоры­тынды бере салады.

– Елімізде кәсіби археологтер аз. Қазіргі күні бізде археолог мамандар қандай оқу орындарында даярланады?

– Археолог мамандарды санау­лы ғана оқу орындары даярлайды. Олар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қорқыт ата атындағы Қы­зыл­­орда университеті және Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды уни­верситеті. Бірақ олардың шығарып жатқан мамандары көп емес. Өйт­кені грант аз бөлінеді, оқуды бітіргеннен кейін жұмыспен қамту жағында проблемалар бар. Бәлкім насихат та жетіспей жатқан шығар. Салдарынан археология мамандығын таңдайтын талапкерлер қатары да қалың емес.

Дегенмен кейінгі кезде біз­ді қуантатын жағдай – аймақ­тардағы бірнеше жоғары оқу орын­дары жанынан кешен­ді археологиялық зерттеу жұмыс­тарын жүргізетін бірден-бір ме­кеме Ә.Марғұлан атындағы Ар­хеология институтының филиал­дары ашылды. Мәселен, қазір Астана филиалы, Солтүстік Қа­зақстан филиалы және Ақтөбеде Батыс Қазақстан филиалы жұмыс істейді. Одан бөлек, бірқатар об­лыс­та ғылыми-зерттеу орталық­тары бар. Олар да университеттер жанынан құрылып, өз кезегінде сапалы ғылыми зерттеулерін жүр­гізіп, маман даярлауға атсалысып жатыр. Сонымен қатар Берел, Бо­тай, Отырар, Есік, Таңбалы тас се­кіл­ді белгілі көне ескерткіштер төңірегінде құрылған мемлекет­тік музей қорықтар да осы салада зерттеулер жүргізіп жатыр.

– Кейінгі жиырма жыл ішінде аса маңызды археологиялық ескерт­­кіштер әбден тоналып, тіп­ті шетелге сатып жіберілгені айтылды. Бұған тосқауыл қою үшін не істеу керек?

– Қарақшы археологтер проблемасы барлық елде бар. Біздің елімізде де көп. Өкінішке қарай, Археология институты тара­пынан мұндай келеңсіздікке қар­сы шара қолданатын құзыре­тіміз жоқ. Олар металл іздейтін құрылғылармен өз экспедиция­ларын жүргізіп, жер астынан жә­дігерлерді тауып, шетелге сатумен айналысады. Ондай оқиғалар тіркеліп жатыр.

Мен өзім де бірнеше рет осындай жағдайға тап болдым. Бірде ежелгі ірі тарихи қорым саналатын Жент қаласының орнында үш адамның жерді қазып, көне тиындарды іздеп жатқан жерінен түстік. Олардың автокөліктерін суретке түсіріп, тиісті орындарға арыз бердік. Бірақ бұдан ешқандай нәтиже шыққан жоқ.

Тағы бірде ежелгі Баршынкент қаласы орнында қазба жұмысын жүргізу барысында екі жігіттің қалашық жанынан көне тиындарды қазып алып жатқанын көріп, қолға түсірдік. Сол жерде поли­ция шақырып, хаттама толты­рыл­ды. Осы орайда айта кетер жайт, ішкі істер саласының қыз­мет­­­керлері қарақшы археологтер мәсе­лесімен жиі бетпе-бет кел­ме­ген­­діктен тарихи-мәдени ес­керт­­кіш­терге қатысты заң талаптарын біле бермейді. Облыстарда осы салаға маманданған полиция қыз­мет­керлерінің болғаны жақсы еді. Өйткені тәртіп сақшылары кейде қарақшы археологтерді ұстаған жағдайда да оларға қандай шара қолдануды білмей жататыны бар.

– Президент тарихи жәді­гер­лерімізді шетел мұражай­ла­рынан елге қайтару жұмыс­тарын жандандыру маңызды екенін айтты. Шетел асып кет­кен сол жәдігерлерді елге қай­тару мүм­кін бе?

– Бұл – өте қиын мәселе. Бірақ біз қол қусырып отырмай, осы ба­ғытта жұмыс істеп жатыр­мыз. Кеңес заманына ел аума­ғындағы археологиялық ес­керт­кіштерде көбіне Мәскеу мен Ле­нин­град­тан келген экспедиция­лар кешенді қазба жұмыстарын жүргізді. Олар табылған жәдігер­лерді өздерімен бірге алып кетті. Ал 1998 жылы Ресейде жаңа заң қабылданып, кеңестік кезеңде табылған жәдігерлердің бәрі Ресей Федерациясының мұрасы болып жарияланды. Енді оларды елге қайтару – үкіметаралық келіссөздер арқылы шешілетін мәселе.

Бір мысал айтайын. 1946 жылдан 1991 жылға дейін «Хорезм» ар­хеологиялық-этнографиялық экс­педициясы Арал маңы мен Сыр­дарияның төменгі ағысын­да археологиялық зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізген. Сол аумақ­тан табылған заттар қазір Мәс­кеу­дің бірнеше ғылыми орта­лығында сақтаулы тұр. Мен қазір жас ғалым ретінде ҒЖБМ Ғы­лым комитеті қаржыландыратын «Шығыс Арал маңының археологиялық мұраларын өзектендіру («Хорезм» археоло­гиялық этнографиялық экспедициясының жаңа архивтік дерек­терін жүйелеу» жобасы аясында жұмыс істеп жатырмын. Мақсатымыз – аталған экспедицияның архивтерін, ғылыми есептерін, далалық күнделіктерін, сызбаларын, әуеден түсірген суреттерін зерттеу, табылған заттарды суретке түсіру, жарияланбаған жәдігерлерін ғылыми айналымға енгізу. Біз бұған дейін осы тақырыпта бір­неше кітап жарыққа шығар­дық. Алдағы уақытта да бұл жұ­мыстарды жалғастыра бермекпіз.

– Ұлттық құрылтайда көте­ріл­ген тағы бір мәселе – архео­логия саласына қатысты заң­дар­ды жетілдіру. Маман ретінде бұл құжатқа қан­дай өзгерістер енгізілуі керек деп ойлайсыз?

– Қазір «Тарихи-мәдени мұ­ра объектілерін қорғау және пай­далану туралы» заңға өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу жұ­мыстары жүріп жатыр. Жыл басында Мәдениет және ақ­парат министрлігі жанынан археолог мамандар, заңгерлер, ғалымдардың басын қосқан жұмыс тобы құры­лып, бірнеше отырыс өткізіп, заң­ға өзгерістер енгізуге қатысты ұсы­ныстар жасады. Оның ішінде лицензия беру мәселесі де бар. Мәселен, бұрын лицензия шек­теусіз мерзімге берілетін болса, бұдан былай белгілі бір мерзімге ғана беру ұсынылып жатыр. Оның өзінде археологиялық базасы, зертханалары бар, көп жылдан бері осы салада жұмыс жүргізіп келе жатқан ғылыми орталықтарға баса мән беріледі. Ал тәжірибесі аз күмәнді жеке компанияларға басқа талаптар қойылмақ.

Одан бөлек, археологиялық зерттеу орталықтарын құру, табылған тарихи жәдігерлерді сақтайтын ұлттық қор құру секілді ұсыныстар бар. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайда айтылған мәсе­лелерді қамтитын өзге де өзгерістер мен толықтырулар енгізу күтіліп отыр.

– Сыннан қорытынды шы­ғару үшін басқа қандай жұмыс­тар қолға алынып жатыр?

– Президент былтырғы Ұлт­тық құрылтай отырысында Архео­логия институтын жаң­ғыртып, жұмысына тың серпін беру үшін барынша жағдай жа­сауды тап­сырған болатын. Нәтижесінде, қа­зіргі таңда бір­қатар келелі бастама қолға алынды. Бірнеше ғылыми зертхана ашылып, жұмыс істеп жатыр. Мысалы, жануарлардың сүйектерін зерттеумен айналысатын остеология зертханасы бар. Бұрын біз шетелден ғалымдар­ды шақырып немесе табылған жа­нуар­лардың сүйектерін шетелге жіберетін едік. Қазір мұ­ның бәрін өз мамандарымыз жа­сайды.

Сонымен бірге, институт жанынан антропология зертханасы құрылды. Ол жерде адам сүйектерін зерттейді. Бізде әзірге генетикалық талдау жасауға мүмкіндік жоқ, бірақ қазба жұмыстары кезінде табылған антропологиялық материалдарды тіркеп, жинақтап, оның базасын жасау қолға алынды. Бұл болашақта генетикалық талдаулар жасау үшін дерекқор ретінде пайдасын тигізетін болады.

Одан бөлек, табылған затты әрі қарай зерттеп, қалпына келтіріп, ғылыми айналымға енгізетін зертханамыз бар. Біз археологияны тек қазба жұмысын жүргізіп, жер астынан шыққан жәдігерлерді музейге апарып қою деген түсініктен арылуымыз керек. Археологиялық зерттеулер дегеніміз – пәнаралық зерттеулердің қорытындысы, ол жерде физика, география, геология, геоморфология, остеология, антропология секілді көптеген ғылымның басы бірігеді. Сонда ғана археология саласы жаңарады, дамиды. Біз осы бағытта біртіндеп алға жылжып, табысқа жетіп келеміз. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, Президентіміз көтерген мәселелердің шешімін табу жолында еңбек ете береміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»