• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Тамыз, 2024

Жетісудың даму әлеуетін байыптады

60 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Жетісу облысына сапармен барып, Мемле­кет басшысының өңірге қатыс­ты әлеуметтік-эконо­микалық даму жө­ніндегі тапсырма­лары­ның орындалу барысымен танысты. Сапар аясында аймақтың агроөнер­кәсіп кешені (АӨК), өңдеу өнеркәсібі және туризм­ді дамыту мәселелерін бағ­дар­лап, экономикаға қоса­тын үлесін арттыру үшін шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау шаралары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Сала көрсеткіштері өседі

Өңірде Үкімет басшысына Алакөл ауданы Үшарал қаласының әуежайында реконструкциялау нәтижесінде ірі әуе кемелерін қабылдай бастаған ұшу-қону жолағының жұмысы туралы баяндалды. Нысан туристік ағынның өсуін ескере отырып, туризмді дамыту үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде Астана, Алматы, Талдықорған қалаларына рейстер орындалады. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға 653 млн теңге бөлінді, бұл құны 8-18 мың теңге болатын 20 мыңға жуық билетті сатуға мүмкіндік берді.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Президенттің биылғы мау­сым айында туризмді дамыту бо­­йынша өткен кеңесте берген ша­ғын авиацияны дамыту жөніндегі тап­сыр­­масын іске асыру аясында өт­кізу қабілеті сағатына 75 жолаушы­ны құрайтын Үшарал қаласы әуежа­йының қосымша терминалы құры­лысының жобалау-сметалық құжат­тамасы әзірленіп жатқанын баяндады. Қазіргі инфрақұрылымды еске­ре отырып, нысандар сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсететін болады. Жалпы, өткен жылы өңірге 2 млн демалушы келген, 17 жаңа туризм нысаны іске қосылып, 3,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Туризм саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет басшысы инвестиция тар­­ту және тиісті инфрақұрылым құ­ру жұ­мыстарын күшейтуді тапсырды.

Жартыжылдық қорытындысына сәйкес Жетісу облысының қысқа­мерзімді экономикалық индикаторы 110,7%-ды құрады. Мәселен, сауда-саттық көлемі – 23%-ға, құрылыс жұмысының көлемі – 33,8%-ға немесе 1,3 есе, байланыс 7,5%-ға артты. Жалпы, өңір әлеуетін агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және логис­тика құрайды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл өңірдің АӨК саласын қаржыландыру көлемі ұлғай­тыл­ғанын атап өтті. Шағын және орта бизнес несиелері бо­йынша па­йыздық мөлшерлемені субси­диялау­ды арттыруға 23 млрд теңге қа­ражат аударылды. Осыған байла­нысты Ауыл шаруашылығы министр­лігіне әкім­дікпен бірлесіп, ауыл шаруашы­лығы мен қайта өңдеу секторын да­мы­туға баса назар аудару тапсырылды.

Өңірде жалпы өңірлік өнім үлесі 11,2%-ды құрайтын өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша қолда бар өндірістік көрсеткіштерді кеңейту және толық қуатқа шығару жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған шаралар «Алацем», «Қайнар АКБ», «Алмаз Керамикс», «ASMA Indastrial», «SSА Feed Mills», «Майями Солар», «Суффле Қазақстан уыт зауыты», «Ақсу қант зауыты» ЖШС-ны қамтиды. Сондай-ақ бұған дейін тоқтап тұрған «Жетісу Мажико агрокешені» кәсіпорнын іске қосу жұмыстары пысықталып жатыр. Облыста 29 мыңнан аса адам жұмыс істейтін, 554 өнеркәсіп кәсіпорны (оның ішінде 11-і – жүйе құраушы кәсіпорын) бар. Биыл 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, 58 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы, жыл басынан бері 1,4 есе өсіммен 136,6 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде жеке инвестициялар 2 есе – 103,5 млрд теңгеге дейін артты. 2024 жылдың соңына дейін 375 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған.

 

Инвестиция тарту – басты мәселе

Үкімет басшысы жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инвесторларды тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Экономикаға инвестиция тартудың негізгі факторы – инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданған шаралар.

Биыл «Талдықорған – Үшарал» (287-615 км) және «Сарыөзек – Көктал» (45-68 км) республикалық маңызы бар автожол учаскелері пайдалануға беріледі. «Лепсі – Балқаш көлі» (0-27 км) автожолында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жыл соңына дейін «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының 90 шақырымы асфальтпен жабылады, қалған 15 шақырымына 2025 жылғы туристік маусымға дейін төселеді. Биылғы жоспар – 182 шақырым облыстық маңызы бар жолдар мен 54 елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеу. Жалпы, жыл соңына қарай облыста екінші және үшінші санат­тағы 336 км жол ашылады, бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдай­дағы об­лыс­тық маңызы бар автожол­дар­дың үлесін 93%-дан 95%-ға дейін арттырады.

Әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін жақсартудың оң динамикасы атап өтілді. Мәселен, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап күрделі жөндеу мен жаңасын салуды талап ететін әлеуметтік нысандар орта есеппен 50%-ға жаңартылды. Бұған қоса, жыл соңына дейін өңірде кемінде 349 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары үшін 866 пәтер сатып алуға 13,4 млрд теңге қарастырылған.

 

Өнеркәсіптік бастамалардың аяқ алысы

Премьер-министр Талдықорған қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жетістіктер көрсеткен «JLC Сүт» сүт өндіру кәсіпорнына барды. Сүт зауыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын өңірдегі негізгі кәсіпорындардың бірі. «JLC Сүт» ЖШС цехының басшысы Әмина Арынбекова кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 25 мың тоннаға жететінін мәлімдеді. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 5,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Тәулігіне 80 тоннадан 90 тоннаға дейін сүт өңделеді, 62 өнім түрі шығарылады. Кәсіпорында 240 адам жұмыс істейді.

Мұнда Үкімет басшысына АӨК-тің 2024–2026 жылдарға арналған даму жоспарлары туралы ақпарат берілді. Осы кезеңде жалпы құны 33,2 млрд теңгені құрайтын 31 инвес­тициялық жобаны іске асыру көзделген, оның 13 жобасы биыл іске қосылады. Азық-түлік өнімдерінің көлемі 3,6%-ға – 90 млрд теңгеге дейін артады, сондай-ақ ет (110,9 мың тонна), сүт (225,3 мың тонна) және қант (96 мың тонна) өндіру көрсеткіштеріне қол жеткізіледі деп күтіліп отыр.

Премьер-министр Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің назарын АӨК-дегі бірқатар міндетке аударды. Жетісу облысы ауыл шаруашылығында қант қызылшасын (ҚР-дағы үлесі – 42%), жүгеріні (18%) және соя­ны (72%) өндіруге маманданған. Саланы дамытудың 2022–2026 жыл­дарға арналған кешенді жоспарына сәйкес қант қызылшасының ал­қа­бын 2026 жылға қарай 15 мың гектарға дейін жеткізу қажет. Әкім­дікке тұқым қорын және минералды тыңайтқыштардың жеткілікті көлемін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

«Жетісу облысы аграрлы өңір болып саналады. Үкімет өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне қажетті қолдау көрсетіп келеді. Тек биылдың өзінде 34,9 млрд теңге, оның ішінде 23,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Жалпы, «Ірі жобалар» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары аясында облысқа 9,8 млрд теңге бөлінді. Осы бағдарламалардың іске асырылуын және мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу бойынша жаңа кәсіпорындар ашуды қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін ұлғайту қажет екенін атап өтті.

Бұған қоса, жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорны – автомобиль аккумуляторларын шығаратын «Қайнар АКБ» зауытына барды. Зауыт өнеркәсіп өндірісінің 33,6%-ын қамтамасыз ете отырып, Талдықорған қаласының экономикасында маңызды рөл атқарады. Өндірістік қуаты – жылына 3,6 млн дана. Жұмыс істейтін қызметкерлер саны – 1 212 адам.

Кәсіпорында бұған дейін пайдаланылған аккумуляторларды экологиялық қауіпсіз түрде утилизациялау және батареяларды фракцияларға – металдандырылған қорғасын, паста, полипропиленге бөліп, қайта өңдеу технологияларын енгізу жөніндегі жобаны іске асыру туралы баяндалды. Бұл – құрамында қорғасын бар қосылыстардың қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендетуге мүмкіндік береді.

 

Газға қосылуды бақылау күшейтіледі

Сапар аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының барысымен танысты. Магистралды газ құбырының жалпы ұзындығы 302,4 шақырымды құрайды. Жоба аясында 6 газ бұру құбыры мен автоматты газ тарату стансаларын салу көзделген. Газ құбырының өткізу мүмкіндігі – жылына 385 млн текше метр газ. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов нысан «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбырының қолданыстағы бірыңғай жүйесінің құрамында пайдаланылатынын, құрылысты аяқтап, іске қосу 2026 жылдың соңына жос­парланып отырғанын баяндады.

Жаңа «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етеді. Құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін облысты газдандыру деңгейі 47,6%-дан 90%-ға дейін өспек.

Премьер-министр жаңа газ құбыры өңірдегі тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп кәсіпорындарын энергетикалық қауіпсіздікпен және тұрақты газбен қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл өңірдің тұрақты дамуына және тұрмыс сапасын жақсартуға ықпа­л етеді. Сондай-ақ іскерлік белсен­діліктің артуы, жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнес­тің дамуы қосымша оң нәтиже бермек.

«Мемлекет басшысы бастама­шылық еткен ауқымды инфра­құ­рылым жобаларын іске асыруға Үкімет ерекше мән береді. Эко­номика үшін басым жобаларды қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдинг­тері, ішкі капитал нарығының ресурстары мен қаражаты, тікелей шетелдік инвестициялар мен жеке капитал белсенді түрде тартылып жатыр. «Самұрық-Қазына» қара­жаты есебінен 42 газбен қамту жо­ба­сын іске асыруға 10,4 млрд тең­ге бөлінді. Бұл жыл соңына де­йін Жетісу облысындағы тағы 30 елді мекенді газбен жабдықтауға мүм­кіндік береді», деді Үкімет басшысы.

 

Көлік-логистика әлеуеті артып келеді

Премьер-министр өңірдегі көлік-логистикалық инфрақұрылымның ірі нысандарын да аралап көрді. Бірін­ші жартыжылдық қорытындысы бо­йынша облыста автокөлікпен жүк тасымалдаудың жыл басындағы 55,7%-дан 6 айда 101,1%-ға дейін өсу үрдісі байқалыпты. «Nur Zholy Cus­toms Service» халықаралық көлік-логис­тика орталығының аумағында Үкі­мет басшысы «Cross-Docking» тех­но­логиясын қолдану арқылы көлік құралдарын есепке алудың автомат­тандырылған жүйесімен танысты.

Орталықтың жұмысы транзитті жеңілдету әрі жеделдету үшін жаңа технологияларды енгізу арқылы жүк айналымын арттыруға бағытталған. Бұл нысан экономиканы монополиядан арылту аясында мемлекетке қайтарылды. Биылғы қаңтар айында орталық аумағында «Dostyk Customs Service» уақытша сақтау қоймасы ашылды, ол «Алакөл» автокөлік өткізу бекетінде жүктерді тиімді әрі жылдам кедендік өңдеуге және өткізу қабілетін арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда орталықтың өткізу қабілеті тәулігіне 150-200 автокөлікті, қойманың орташа тәуліктік жүк айналымы 200-250 тоннаны құрайды. Жүк айналымының әлеуеті – жылына 1,2 млн тонна тауар.

Сондай-ақ Премьер-министр «Алакөл» кеден бекетінің қыз­метімен, жүк көлік құралдарын тасымалдаудың қолданыстағы схемасымен және өткізу бекетін жаңғырту барысымен танысты. Жаңғырту шеңберінде жеке тұлғаларды, жүкті, тауарлар мен көлік құралдарын бақылау, сондай-ақ байланыс, деректер беру және алмасу технологиялары енгізілетін болады. Жалпы, өткізу қабілеті тәулігіне 200-250 жүк көлігінен 1000-ға дейін ұлғайтылады. Нысан биыл қыркүйек айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы көлік-логис­ти­ка әлеуетін одан әрі дамытуды және өсіп келе жатқан жүк ағы­­нын қанағаттандыру үшін инфра­құрылым қуатын арттыруды бақылауда ұстауды тапсырды. Өткен жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы 30%-ға артып, $31,5 млрд-қа жетті. Кедендік рәсімдерді жеңілдету Қазақстанның өңірдегі негізгі тран­зиттік көлік дәлізі ретіндегі позициясын одан әрі нығайтуға серпін береді. Тиімділігі дәлелденген «Cross-Docking» сияқты заманауи цифрлық шешімдерді басқа өңірлерде де іске қосу керек екені атап өтілді.