• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Тамыз, 2024

Қарттар үйіндегі сан қилы тағдыр

183 рет
көрсетілді

Қарапайым жұрт бұл жерді «Қарттар үйі» дейді. Атауының өзі айтарға ауыр, жанға батар сөз. Қариялардың әңгімесін тыңдап отырып, өмірдің өткінші әрі алма-кезек екенін ұғынасың. Жас кезінде сол ақиқатқа мойын бұрмай, қартайғанда сан соққан тағдырларды көргендей боласың...

Елордамыздың «Көк­тал-1» тұрғын алабынан орын тепкен мекемеге бас сұққанда бірден бай­қа­ға­нымыз – жап-жаңа заманауи ғимараттың іші мұнтаздай таза, қабырғалары мен едені жалтырап жатыр. Тағдырдың айдауымен осы шаңырақтан табылған жандарға қажетті жағдайдың бәрі жасалғаны көрініп тұр. Алайда бұл жерді мекен еткендер арасында жадыраңқы жүрген жан некен-саяқ, көбінің көзінде мұң, жүзінде жабырқау бар.

Негізінде «Қарттар үйі» деген сөз – ауызекі қолданыстағы бейресми атау ғана. Елордалық әкімдікке қарайтын мекеме ресми түрде «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталады. Тұрғындарының басым бөлігін қариялар құрағанымен, арасында мүмкіндігі шектеулі жастар да бар.

«Көбі бізден «Сіздерде тас­танды адамдар тұра ма?» деп сұрап жатады, – дейді бізді қарсы алған орталық директоры Ардақ Сейітова. – Негізі мұндағы адамдарды тастанды деп айту қиын. Біз «Қарттар үйі» дегенді естісек, балалары әке-шешесін тастап кете салатын жер деп түсінеміз. Шын мәнінде олай емес. Біздің мекемеге қабылдану үшін олар көп құжат жинайды. Мемлекеттің қамқорлығына алуға толық сәй­кес келген жағдайда ғана осы жерден орын беріліп, тегін арнайы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі».

Ардақ Бейсенбайқызының сөзінен білгеніміз, 400 адамға лайықталған «Шарапат» орта­лы­ғын­да қазір 348 адам бар. Олардың 60 шақтысы ақылы бөлімде, қалғаны тегін тұрады. Бұдан бөлек, өз үйле­рінде тұратын 560 адамға орталық қыз­меткерлері аптасына екі рет барып, әлеу­меттік қызмет түрлерін көрсетеді. Осы­лайша, қалада жалпы саны 900-ден астам адам мемлекет қамқорлығына алынған.

Орталықтағы қариялардың тағдыры сан-қилы. Кейбірінің жұбайы мен балалары қайтыс болып, жалғыз қалған. Енді бірі ұзақ жыл түрмеде отырған, отбасын құрмаған, ешкімі жоқ. Бірақ бәрі бірдей жалғызілікті емес, көпшілігінің балалары да, немерелері де бар. Соған қарамастан, барар жер, басар тауы жоқ, тағдырдың тәлкегіне түскен. Бірақ мекеме директорының айтуынша, олардың ешқайсысы өз балаларын жамандамайды екен. «Бұл жерге өзім келдім» дейді. Әрине, ішкі құпияларын ашып айтатындары аз. Көбіне томаға-тұйық жандардың отбасында не жағдай болғаны, мұнда қандай тағдыр айдап келгені бір Құдайға аян, ал өздерінің айтатыны: «Қартайған шақта ешкімге салмағымды салмай, жеке өзім тұрғым келді», дейді...

Қазіргі таңда мекемедегі қариялар мен мүгедектерге жеті түрлі арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-меди­ци­налық, әлеуметтік-еңбек, әлеу­­меттік-психологиялық, әлеу­меттік-экономикалық, әлеу­мет­тік-мәдени және әлеуметтік-құқықтық қызметтер. Сегі­зіншісі – әлеуметтік-педагогикалық қыз­мет. Алайда мұндағылардың бәрі жасы үлкен адамдар бол­­ғандықтан, соңғы қызмет түрі көрсетілмейді. Орталық тұр­­ғын­дары бес мезгіл тамақпен қам­тамасыз етілген. Мекеме ішінде өз дүкені бар. Қалыпты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Зейнеткерлер мен мүгедектер тәулік бойы орталық қызметкерлерінің бақылауында. Дәрігерлер денсаулықтарын үнемі қадаға­лап тұрады. Ауру­ха­наға түссе де, күн сайын барып, жағдайын бақылап отырады. А.Бейсенбайқызы бұрын өзге этнос өкілдері көп болғанын, ал кейінгі жылдары қазақтар саны артқанын айтады. Бүгінде орталықтағылардың шамамен 60 пайызы – қазақ. Бірақ не се­бепті екенін қайдам, түрі қазақ болғанымен, барлығы дерлік орыстілділер.

Біз мекеме директорынан қазіргі күні адамдар көбіне қандай себептермен келетінін сұрадық. «Осыдан үш ай бұрын бір ата түсті. Ол кісімен сөйлесіп отырғанда: «Алла тағала маған бір бала берді. Кемпірім осыдан 10 жыл бұрын дүниеден озды. Баламның қайтқанына 2 жыл болды. Ал келінім жас. Ол маған неге қарауы керек? Әлі көрер қызығы алда, өмірін жалғастыруға тиіс қой. Мен оның аяғына оралғы болмайын деп осында келдім», деп сырын ақтарғаны бар. Қазір атамыз осында тұрып жатыр. Үйінде екі немересі қалған. Де­малыс күндері барып тұрады», дейді Ардақ Сейітова.

«Шарапат» орталығынан пана тап­қандар арасында түрлі саланың адам­дары бар. Тіпті жо­ғары лауазымды қызмет атқар­ғандар, профессорлар, пол­ков­никтер мен генералдар да ұшырасады. Еңбегі еленіп, елді аузына қаратқан адам кейде «жұмыс, жұмыс» деп жүріп отбасына, бала-шағасына көңіл бөлуге мұршасы болмай кетеді ғой. Соның салдарынан отбасын оқта-текте ғана көретін олардың өз бала-шағасымен арада жақын қатынас орнамай, ұрпағы әкелік мейірімнен жұрдай, жат болып өсетіні бар. Өзара сүйіспеншілік пен жылулық болмаған соң, зейнетке шығып, дүрілдеген дәурені өтіп, басынан бағы тайғанда ғана өзінің отбасынан алыс, жападан-жалғыз екенін сезінеді. Бірақ сан соғып, бармақ тістегеннен не пайда, бәрі де кеш...

«Кейінгі кезде әйелдер саны аза­йып, ер адамдар көбейіп жатыр, – дейді А.Бейсенбайқызы. – Бұлар қартайған шағында мұнда неге келді деген сұраққа оралсақ, әрине, кінәні ең алдымен өзде­рінен іздегені дұрыс. Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Тараз жақтан келген бір ата болған еді. Жас кезінде бірінші әйелін ұлымен бірге тастап кетіп, екінші рет үйленген. Одан да бір ұлы бар. Соны көшеде қаңғып жүрген жерінен үлкен ұлы осында әкеліп орналастырды. Құжаттарын қа­былдап жатқанда сол жігіт маған: «Сіз мені сөге көрмеңіз. Бұл кісі әке болып мені ешқашан баққан емес. Бірақ көшеде қаң­ғып жүргенін көргенде далада қалдыруға арым жібермей, үйіме әкелдім. Бір бөлмелі пә­тер­де тұрамын. Әйелім, бала-шағам бар. Біраз күннен кейін әкемнің ішетінін байқадым. Үйде реніш басталды. Сосын осында әкеліп отырмын, ақшасын төлеп тұрайын», деді. Кейін осы баласы бізге хабарласып, әкесінің жағдайын сұрап, керек-жарағын әкеліп беріп жүрді.

Ал екінші әйелінен туған баласы арагідік осында келіп, бізбен ұрсысып жүріп әкесін үйіне алып кететін. Сөйтсе, оны зейнетақысын алғанша ғана үйінде ұстайды да, ақшасын тартып алып, қуып жібереді екен. Көшеде жүрген жерінен полиция тауып алып, бізге қайтадан алып келеді. Бірінші әйелінен туған ұлы Кореяға барып-келіп жұмыс істейтін. Кейде сол ұлы әкеледі. Сонда қарап тұрсаңыз, кезінде анасымен бірге тас­тап кеткен бірінші ұлы оған көмектесіп қамқорлық етеді де, ал кішкентайынан қасында өскен екінші ұлы әкесіне мүлдем жаны ашымайтын. Ақыры осылай екі ұлының арасында жүріп ол кісі қайтыс болды...»

1989 жылы ашылған «Шара­пат» орталығының жұмыс істеп жатқанына биыл 35 жыл болған. Директордың айтуын­ша, бұл жерде 30 жылдан бері тұрып жатқан қариялар да бар. Кейбіріне бір кездері қаладан үйдің кезегі де келген. Бірақ өз еріктерімен бас тартқан. Себебін сұраса, «Мемлекет қамқорлығында тегін өмір сүруден бас тартатындай мен ақы­мақ­пын ба?» дейді екен.

«Осында бір ата болды. Өзі жоғары білімді, мақалдап сөй­ле­генде алдына жан салмайтын. Астанаға құрылыста жұмыс істеуге келген екен. Зейнетке шық­қаннан кейін үйіне қайтудан бас тартып, бізге орналасты. Басқа қалада тұрмыс құрған екі қызы бар. Солармен телефон арқылы сөйлеседі. Бірақ сөйлескен сайын «Мен құрылыста жұмыстамын» деп қыздарын алдайтын. Себебін сұрасам: «Олар да, құдаларым да менің мұнда екенімді білмейді. Білсе, күйеу балаларым қыздарымды табалайды ғой», дейтін. Сол кісі ішімдікке жақын еді. Ал бізде оған қатаң тыйым салынған. Үш рет ескерту жасаймыз, төртінші рет қайталанса, орталықтан шы­ға­руға мәжбүр боламыз. Әлгі ата­мыз да жаман әдетін қоймаған соң, бізден кетті. Қазір өлі-тірі екенінен бейхабармыз», деп тағы бір адамның тағдыр тарихымен бөлісті мекеме директоры.

«Шарапат» орталығында тұрып жат­қан қарияларды да әңгі­­меге тартқымыз кел­ген. Алай­да олардың ешкімге ішкі сырын ақтарып айтқысы жоқ. Бәлкім, шерменде көңілдің ескі жарасын тырнағысы келмей ме, кім білсін, көбі іштен тынғанды құп көреді. Дегенмен бірер адаммен әңгі­мелесудің сәті түсті. Соның бірі – Юзлембике Файзуллина. Ұлты татар. Ол өзінің 1947 жылы Ресейдің Омбы облысында дүние­ге келгенін, 6 жасында отбасымен бірге Ақмолаға қоныс аударғанын айтады. Бүгін­де 77 жасқа келіп отырған кейуана өмір бойы осы қаладағы «Целинсельмаш» зауытында еңбек етіпті.

«Тұрмысқа шықтым, бір ұлым болды. Күйеуім өмірден өтті. Ұлым екі рет үйленді. Бірінші отбасынан бір немерем бар. Қазір отбасымен Астанада тұрады. Мен сол немереммен бірге тұр­дым. Ұлымның екінші отбасы Алматыда, ол жақта да үш немерем бар. Ұлым қайтыс болғаннан кейін қартайғанда немереме масыл болмайын деп осында келуге шешім қабылдадым», дейді Юзлембике Кәрімқызы.

Кейуананың бұл жерге қоныс теп­кеніне екі жылдан асқан. Өзінің айтуынша, алғашқыда қарттар үйіне барғысы келетінін жеткізгенде немересі: «Әже, кетпеңіз. Одан да мен отбасыммен пәтерге шығайын», деп көндіруге тырысыпты. «Бірақ немеремді шиеттей балаларымен пәтерге қаңғытып, өзім жал­ғыз қалай тұрамын? Ертең өлгенде пәтерімді өзіммен алып кетпеймін ғой», дейді ол.

Юзлембике әжей мұнда ал­ғаш келгенде қатты күйзелгенін айтады. Жарты жыл өз-өзіне келе алмай, жабырқап жүрген. Бірақ кейін орталықтың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, осы жердің тіршілігімен біте-қайнасып кеткен. «Мұнда біз секілді кәрі адамдардың жайлы өмір сүруіне, өзін жалғыз сезін­беуіне барлық жағдай жасалған. Аулаға шығып, саябақта дема­лу­ға, іште жаттығу залына барып, шұғылдануға болады. Жиі-жиі мәдени іс-шаралар өтіп тұ­рады. Кинозалымызда аптасына екі рет кино көрсетеді. Одан тыс, бізді концертке апарады. Осы жердің тәртібіне бағынып өмір сүрсең болғаны. «Шарапат» орталығындағы өмірімді өзіме Алланың берген бағы деп санаймын», дейді ол.

«Шарапат» орталығында бізге Екін­ші дүниежүзілік соғыс арда­гері Раиса Сафоничевамен де әңгімелесудің сәті түсті. Биыл шілде айының 10-ы күні 99 жасқа толған әжейдің мұнда тұрып жатқанына бірнеше жыл болыпты. Ресейдің Нижегород облысында дүниеге келген Раиса Егоровна 1943 жылы өзі сұранып майданға аттанған. Жеңісті Румы­ния астанасында қарсы алған ол туған жеріне 1946 жылы оралыпты. Ал 1954 жылы Қазақстанда тың игеру басталғанда отбасымен бірге Ақмолаға көшіп келген.

Ғасыр жасаған кейуана бүгінде өздігі­нен жүріп-тұра алмайды, мүгедектер арбасында отыр. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Қорғаныс министрлігінен адамдар келіп, құттықтап, сый-сыя­пат­­­та­рын жасап тұрады екен. Әжейдің сөйлеуге де хал-қадері әрең жетеді. Қысқа ғана әңгі­ме­сінен ұққанымыз: «Май­­данда ер адамдардан қалмай еңбек еттім. Соғыстан кейін тұрмысқа шықтым. Жолдасым да, балаларым да болды. Бәрі дүние салды. Мен жалғызбын. Өткен өмірімді сағынамын», дейді... Қабырғада ілулі тұрған әскери киім­дегі жап-жас келіншекке қарап: «Міне, мен осындай болдым» деп қолымен нұсқады.

Қарттар үйінен қалың ой құша­­ғын­да қайттық. Шын мәнін­де, қартайған кейбір әке-шешенің белі бүгіліп, бойынан күш кеткен шағында балаларына керексіз болып қалауы – бір отба­сы­ның ғана емес, тұтас қоғамның трагедиясы. Бұған қалайша жол бердік? «Қартаймай тұрып жас­­тығының қадірін білмеген» адам­ның өзі кінәлі ме? Әлде шау тартқан шал мен кемпірін да­лаға тастайтын ұрпақтың кө­беюі­не бала тәрбиесіндегі жібер­ген кемшіліктеріміз себеп пе? Бұл келең­сіз­дік­тің түбірі де ұр­пағымызға жөнді тәрбие бермеуде жатқан сыңайлы. Ертеңін ойлайтын ел болып, халқымыздың «Не ексең, соны орасың» дейтін даналық сөзінен ғибрат алсақ қане...