• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 22 Тамыз, 2024

Креативті экономиканың келешегі

104 рет
көрсетілді

БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы (СДК) 2024 жылдың шілде айында креативті индустрияның келешегіне қатысты есебін (Creative Economy Outlook 2024) жариялады. Есепте креативті индустрия және өнімдердің халықаралық саудадағы соңғы үрдістері мен өзгерістері қарастырылады. Биылғы зерттеуде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің шығармашылық экономикаға әсері мен оның бәсекелестік қиындықтарына баса назар аударылған.

Есепте берілген деректерге сүйенсек, 2022 жылы жаһандық экспортта креативті қызметтер $1,4 трлн-ды, ал креативті тауарлар $713 млрд қаржыны құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда креативті қызметтер экспорты 29%-ға, креативті тауарлар экспорты 19%-ға өскенін көр­се­теді. Дамушы елдер негі­зі­нен креативті тауарларды экспорттайды, ал дамыған елдер креативті қызметтер экспортына үстемдік береді. Алайда дамушы елдердің үлесі 2010 жылдағы 10-нан 2022 жылы 20 пайызға дейін артқанын атап өткен жөн.

Зерттеуде келтірген деректерге назар салсақ, өнім топтары бойынша 2022 жылы ең көп экспортталған креа­тив­ті қызметтер қатарына – бағ­дарламалық қызметтер (41,3%), ғылыми-зерттеу және тәжіри­бе­лік-конструкторлық жұмыстар (30,7%), одан кейінгі орында жарнама, маркетингтік зерттеу­лер, архитектура (15,5%), аудиовизуалды қызметтер (7,9%), ақ­параттық қызметтер (4%), мә­дени, рекреациялық және мұра қызметтері (0,6%) жатады. Цифрландырудың қарқынды дамуы креативті индустриялар­ды түрлендіріп келеді. Мы­салы, 2023 жылы стримингтік қыз­мет­тердің үлесі 10,4%-ға өсіп, енді жаһандық музыка нарығы кірістерінің екіден үш бөлігінен (67,3%) астамын құрайды.

Сонымен қатар ЖИ контент жасау, тарату және тұтыну жолдарын жеңілдетті. ЖИ сценарий, фильм, музыка, сурет, анимация және виртуалды шындыққа байланысты контент құрастырып, пост-продакшн жұмыс үдерісін жетілдіріп, пайдаланушы дерек­терін талдайды.

ЖИ жаңалық редакцияларында кеңінен қолданылады: жаңалықтар командасының 41%-ы – иллюстрациялар жасау, 39%-ы – әлеуметтік медиа контенті және 38%-ы мақалалар мақсатында пай­даланады. Цифрландыру мен ЖИ тиімділікті арттыру мүм­кін­діктерін кеңейтсе де, олар жұмыс орындарының қысқаруы, сапаны бақылау, құпиялық, авторлық құқық және нарықтың монополизациясы мәселелерін де тудырып отыр.

Мамандардың шешім шы­ғару­­шыларға технологиялық даму­­ларды қадағалап, даму мүм­­­­кіндіктерін пайдалану, тәуе­кел­дер­ді азайту үшін саяси және нор­мативтік негіз­дерді жаңарту қажет­тігін, технологиялық дамуды нығайту мақ­сатында халық­аралық ынты­­мақтастықты кү­шей­­туге басымдық берудің ма­ңыз­­ды­лы­ғын атап өтеді.

Өсіп келе жатқан нарықтық концентрация инновацияларға қауіп төндіреді. АҚШ-тағы бес ірі баспагер кітап нарығының шамамен 80%-ын құрайды. Ал алты киностудия кейінгі жылдағы кассалық билеттердің шамамен 90%-ын қамтамасыз еткен. 2021 жылы үш компания жаһандық музыкалық стримингтік жазылым нарығының 59%-ын иемденді.

2023 жылы жаһандық жарнама табысы $806 млрд-қа жетеді деп болжанған. Бұл электрондық коммерция мен цифрлық платформалардың арқасында мүмкін болды. Цифр­лық жарнама әлемдік шығын­дар­дың 57,7%-ын құрап, 2026 жылға қарай 60%-дан асады деп күтіледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда бейнеойындардағы жарнама да қарқынды өсіп жатыр. Оның 2022 жылғы $70 млрд-тан 2027 жылға қарай $137 млрд-қа дейін өсуі болжанады.

Бүгінгі таңда сәулет және интерьер дизайны нарығы әртүрлі бағытта өзгерістерге ұшырады. Ден­саулық сақтау саласына қа­тыс­ты жобалар рекордтық өсімге ие болса, корпоративтік кең­­сеге қатысты жұмыстар азайды. 2022 жылы әлемдегі ең үздік 100 интерьер дизайны ком­панияларының кірісі $4,55 млрд-тан $4,97 млрд-қа дейін өсті. Дамушы елдердегі сәулет компаниялары ең үздік сәу­лет фирмаларының қатарына көбірек кіре бастады.

2020 жылғы пандемия жағ­дайындағы құлдыраудан кейін кино және теледидар индустрия­сы қалпына келді. Тапсырыс бе­ру бойынша бейне қызметтер едәуір өсіп, ал кинотеатрлардың кассалық табысы жыл сайын артып келеді және 2025 жылға қарай пандемияға дейінгі деңгейге жетеді деп күтіліп отыр. Есепте Азия-Тынық мұхиты аймағы, оның ішінде Қытай, кассалық сатылымдардың ірі нарығына айналғаны атап өтіледі.

Жаһандық баспа индустрия­сы өсіп, TikTok және стри­минг­тік қызметтер сияқты цифр­лық платформалардың ар­қа­сында кітап сатылымы артты. Манга сатылымы цифрлық плат­формаларда анимелердің қол­жетімділігінің арқасында, қарқынды өскен. Манга мен K-pop арасындағы сияқты кросс-индустриялық ынтымақтастық өзара тиімділікті көрсетіп отыр.

Зерттеуде берілген деректерге жүгінсек, 2023 жылы музыкадан түскен табыстар рекордтық $28,6 млрд-қа жетіп, нарықтың үштен екісінен астамы (67,3%) стримингтік қызметтерге тиесілі болды.

Әлемде креативті экономика мемлекет әлеуетін дамыту­дың жаңа тынысын ашатын бағыт­тардың бірі ретінде қар­қынды өсіп келеді. Бұл салада жаһандық ірі технологиялық кор­порациялардан бастап, жасанды интеллект бағытында жаңа брендтерді өндіруші компаниялар белсенді түрде өзара бәсекеге түсіп отыр. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы ұсынған бұл есеп шешім қабылдаушыларға, сала мамандары мен қызығушы азаматтарға қосымша көмекші құрал бола алады.

 

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы