• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Тамыз, 2024

Қай команданың көші ілгері?

136 рет
көрсетілді

Париж Олимпиадасы тұсында бас басылымда осы бәсекелердің барысы жөнінде құлаш-құлаш мақалалар жарық көрді. Мұнда негізінен ұлттық құрама мүшелерінің нәтижелеріне баса назар аудардық. Ал бүгін өзге мемлекеттерде қай спорт түрлеріне басымдық берілгенін анық­тау мақсатында әрқайсысына жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік.

Спорт падишасы – жеңіл атлетика

Жеңіл атлетиканы «Спорт падишасы» деп бекер атамағаны анық. Спорттың бұл түрінде бақандай 48 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Осы жайттың өзі қай мемлекеттің атлеттері мықты болса, жалпыкомандалық есепте солардың көш бастайтынын аңғартса керек. Иә, Парижде дәл солай болды. Әйгілі «Стад де Франс» стадионында ұйымдастырылған аламанда АҚШ құрамасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Олар 34 (14 алтын+11 кү­міс+9 қола) жүлдеге қол жеткізді. Ең көп ал­тынды Габриэль Томас олжалады. 27 жастағы Атлантаның аруы 200 метр­ге жүгіруде, 4х100 бен 4х400 метр­лік эстафетада шашасына шаң жұқ­тыр­мады. Рай Бенджамин мен Сидни Мак­лафлин-Леврон екі реттен топ жарды. Міне, америкалықтардың жеңіп алған 14 алтынының тең жартысы осы үш желаяқтың еншісінде.

Кенияның «қара маржандары» 11 рет (4+2+5) жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл жүлделердің барлығы да желмен жа­­рысқан желаяқтардың еншісінде. 24 жастағы Беатрис Чебет 5 000 және 10 000 метрлік қашықтықта дара шықты. Қал­ған екі алтынды Эммануэл Ваньоньи (800 метр) мен Фейт Кипьегон (1 500 метр) қоржынға салды. Сондай-ақ Канадаға – 5 (3+1+1), Нидерландқа – 6 (2+1+3), Ис­­панияға – 4 (2+1+1), Норвегияға 3 (2+1+0) жүлде бұйырды. Соңғы төрт ко­мандаға қарағанда Ұлыбританияның туы биікте жиі желбіреген еді. Олар 10 (1+4+5) медальға иелік етті. Алайда алтын­ның аздығынан Тұманды Альбион елінің өрен­дері жалпы есепте жетінші орынды қанағат тұтты.

Америкалық Райан Краузер балға лақтырудан қатарынан үшінші Олим­пиадасында қарсылас шақ келтірмеді. Нидерландық Фемке Бол Парижде то­лық медальдар жиынтығын жиып ал­ды (4х1 400 аралас эстафета – алтын), (4х1 400 эстафета – күміс, 200 метр­ге жүгіру – қола). Сы­рық­пен секіруші грекиялық Ар­ман Дюплантис (6,25 метр) пен 400 метрге кедергілер арқы­лы жүгірген аме­рикалық Синди Маклафлин-Леврон әлемдік рекордты (50,37 секунд) жа­ңартты. Жюльен Альфред (100 метр) Сент-Люсияға, Летсиле Тебого (200 метр) Ботсванаға төртжылдықтың басты додасының алғашқы алтынын сыйлады.

Кезінде Пәкістанның көгалдағы хоккей­шілері аталған жарыстың жеңім­пазы атанғаны көзіқарақты оқырманның есін­де болар. Ал жекелеген спортшылар арасынан тұңғыш Олимпиада чемпионы атану бақыты найза лақтырушы Аршад Надимге бұ­йырды. 4х400 метрлік эстафетада АҚШ құрамасы мәре сызығын бірінші болып қиып өтті. Жеңімпаз команданың сапында 16 жастағы Куинси Уилсон өнер көрсетті. Оның есімі Олимпиада чемпио­ны атанған ең жас жеңіл атлет ретінде спорт шежіресіне жазылды.

Аталған жарыста 43 мемлекеттің өкілдері олжаға кенелді. Өкінішке қарай, Па­рижде таратылған 145 медальдың бір­де-біреуі Қазақстан спортшыларына бұйырмады. Кезінде жеңіл атлеттер жарысында Ольга Шишигина алтын, Дмитрий Карпов қола және Ольга Рыпакова толық жүлде жиынтығын жеңіп алып, бар­ша жанкүйерді қуантқан еді. Қазір жерлестеріміз не жүгіре, не секіре, не темір-терсекті алысқа лақ­тыра алмайтындай дәрежеге жетті. Өкі­нішті-ақ!

 

Жүзуде де АҚШ алдына жан салмады

Жүзуде 37 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл жарыста да АҚШ-тың асығы алшысынан түсті. Олар 28 (8+13+7) жүлде олжалады. Түрлі тәсіл ар­қылы түрлі қашықтыққа жүзген Калеб Дрессел, Кэтл Ледеки, Торри Хаск, Кейт Дугласс, Рейган Смит және Гретчен Уолш екі реттен өз елдерінің ән­ұранын шырқатты. Жал­пы есепте екін­ші орынды еншілеген Аустралияның қор­жынында 19 (7+9+3) жүлде бар. Франция (4+1+2), Канада (3+2+3) және Мажарстан (3+1+1) ТОП-5 команда қатарына қосылды. Аустралияның аруы Молли Грейс О’Каллаган мен канадалық Саммер Макинтоштың үш мәрте мерейі үстем болса, қытайлық Пань Чжаньлэ, ұлы­британиялық Джеймс Гай, швециялық Сара Фредрика Шёстрём, аустралиялық Ариарн Титмус пен Кейли Маккиоунның екі рет жұлдызы жанды.

Париж Олимпиадасының басты қа­һарманы ретінде франциялық Леон Маршанның есімі аталды. Оған ешкімнің де дауы жоқ. 22 жастағы Тулузаның тумасы 200 метрге баттерфляй мен брасс және 200 бен 400 метрге кешенді әдістермен жүзуде жеңімпаз атанса, 4х100 метрлік эстафеталық сайыста үшінші орынды еншіледі. Барлығы – 4 алтын мен 1 қола. Францияның бас шаһарында өткен бай­рақты бәсекеде Маршанның алдына ешкім түсе алмады. Бұған қоса Леон 200 метрге кешенді жүзуде төрткүл дүниенің теңдессізі Майкл Фелпстің рекордын 0,17 секундқа жаңартты. Ал медальдар саны жағынан Юйфэй Чжан бәрінен озды. Түрлі қашықтықта бақ сынаған 26 жастағы Қытай спортшысы 1 күміс пен 5 қоланы еншіледі. Барлығы – 6 жүлде.

2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпия ойын­дарында Дмитрий Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуде айды ас­панға бір-ақ шығарып, елімізге бас жүлде әперген еді. Оған дейін спорттың бұл түрінде бірде-бір отандасымыздың бағы жанған жоқ еді. Парижде біз Әділбек Мусинге сенім арттық. Бірақ Баландиннің ерлігін қайталауға қанда­сымыздың шама-шарқы жетпеді.

 

Өзге сайыстарда кімдер озды?

Олимпия ойындарында велоспорттан – 22, күрес түрлерінен – 18, байдарка мен каноэ есуден – 16, нысана көздеу мен дзюдодан – 15, спорттық гимнастика мен академиялық есуден – 14, бокстан – 13, семсерлесуден – 12, ауыр атлетика мен желкенді спорттан 10 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Осы спорт түрлерінде табысты өнер көрсеткен командалардың жалпы есепте жоғарылауына жақсы мүм­кіндік туындайды. Дамыған мемлекеттер осыған айрықша мән береді.

Кезінде велоспортта Алек­сандр Винокуровтың даңқы дүркіреді. Ол 2000 жылы Сиднейде күміс алса, 2012 жылы Лондонда алтын медальды мойнында жарқыратты. Ал оның ізбасары Алексей Луценко Парижде қалың топ­тың арасында қалып қойды. Осы орайда елімізде «Астана» деп аталатын кәсіпқой велоклубтың барын естеріңізге салайық. Мемлекеттік бюджеттен оған қыруар қаражат жұмсалып келеді. Аталған команда мүшелерінің жалақысы өзге спорт түрлері өкілдерінің түсіне де кірмеген. Сол клубтың сапында өнер көрсеткен бірқатар легионер әр жылдары «Тур де Франс» пен «Вуэльта» секілді мәртебесі жоғары жарыс­тарда топ жарды. Бірақ одан Қазақстанға келіп-кетері жоқ. Отан­дық велоспортты дамыту дұрыс жолға қойылса, осындай бейшара күйге түспейтін едік. Ал онда бізге «Астана» клубын қаржыландырудың не керегі бар? Әлде бұл тек ақшаны оңды-солды шашу ма? Алдағы уақытта ел спортын бас­қа­рып отырған азаматтар осы мәселеге назар аударса екен.

Велоспортта Франция (3+3+3), Нидер­ланд (3+3+1), Аустралия (3+2+3), АҚШ (3+2+1), Ұлыбритания (2+5+4), Жаңа Зе­ландия (2+2+1) және Бельгия (2+0+3) құ­рамалары жақсы нәтиже көрсетті. Жеке­леген велошабандоздар арасында 27 жас­тағы жасыл құрлық жүйрігі Харри Лаврейсеннің шоқтығы биік болды. Ол үш алтын олжалады. Бельгиялық Ремко Эвенепул мен нидерландық Рой ван ден Берг екі реттен дараланды.

Ескек есуден нәтижелеріміз жылдан-жылға төмендеп барады. Желкенді спорт елімізде жоқтың қасы деуге болады. Семсерлесуде аяқ алысымыз жаман емес. Францияның бас шаһарында жігіт­теріміз барын салып айқасты. Алай­­да соның өзі үздіктер қатарынан көрінуге жеткіліксіз болды. Спорттық гимнастикада ілгерілеу бар. Бұған дейін Әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында сан мәрте дараланған Нариман Құрбанов Парижде жерлестеріне медальдың сың­ғырын естіртті. Нысана көздеуден үзіліп қалған дәстүрімізді Александра Ле мен Ислам Сәтбаев жалғады. Олар қолаға қол созды. Қазақстанда академиялық есу мен желкенді спорттың даму барысы тым баяу.

Ауыр атлеттердің қазіргі жай-күйі жан­ға батады. 2005–2016 жылдар аралығында еліміз әлемдегі көшбасшы ко­ман­д­а­лардың бірі әрі бірегейі еді. Рес­пуб­ликалық федерацияның тізгінін Қай­рат Тұрлыханов ұстап, кеңесші бапкер ретінде Түркиядан Энвер Түркі­лери шақырылған тұста отандық зілте­міршілер толағай табысқа қол жет­кізді. Олимпия ойындары мен дүниежүзілік додаларда тау көтерген толағайлар түрлі түсті медальдарды «кү­реп» алды. Кейін­нен басшылар Тұрлыхановты орны­нан алды. Соған налыған Түркілери еліне кетті. Олардың ел спортына сіңірген талай жылғы ерең еңбегі ескерілмеді. Есім­дері аталған азаматтармен бірге қа­зақ ауыр атлетикасының басынан бағы ұшты. Содан кейін-ақ жұлқынып тұрған жерлестеріміз бірінен кейін бірі допингпен ұсталып, түрлі мерзімге спорттан шеттетілді. Сондай келеңсіздіктер салдарынан кезінде даңқы төске өрлеген Қазақстанның ауыр атлеттері Париж Олимпидасының бірде-бір жолдамасына иелік ете алмады.

Жоғарыда аталған спорт түрлерінен Париж Олимпиадасының ТОП-5 командасы: ескек есуден – Жаңа Зеландия (4+0+0), Аустралия (3+1+1), Германия (2+2+2), Қытай мен Чехия (2+0+0). Сена жағалауында ескекші Лиса Кэррингтон (Жаңа Зеландия) үш қашықтықта алдына жан салмады. Сөйтіп, ол Олимпиададағы алтындар санын 8-ге жеткізді. Джексика Фокс (Аус­тралия), Якоб Шопф (Германия) және Алиша Хоскин (Жаңа Зеландия) екі мәрте сондай көрсеткішке қол жеткізді.

Нысана көздеуден – Қытай (5+2+3), Оңтүстік Корея (3+3+0), АҚШ (1+3+1), Ита­лия (1+2+1), Ұлыбритания (1+1+0). Мер­гендердің «майданында» Шэн Лихао (Қытай) екі рет теңдессіз деп та­нылды.

Спорттық гимнастикадан – АҚШ (3+1+5), Жапония (3+0+1), Қытай (2+5+2), Филиппин (2+0+0) және Бразилия (1+2+1). Әдемілік пен әсемдікке негізделген бекзада өнерде Симона Байлз (АҚШ) және Дайки Хасимото мен Синносукэ Ока (Жапония) жасындай жарқылдап, бас жүлденің үшеуін өз қоржындарына салды.

Академиялық есуден – Нидерланд (4+3+1), Румыния (2+3+0), Ұлыбритания (2+2+4), Жаңа Зеландия (2+2+1), Ир­ландия, АҚШ және Германия (1+0+1).

Ауыр атлетикадан – Қытай (5+0+0), Болгария мен АҚШ (1+0+1), Индонезия, Болгария және Грузия (1+0+0). Аса ауыр салмақта сынға түскен грузиялық зіл­темірші Лаша Талахадзе үш дүркін Олимпиада чемпионы атанып, түр­киялық Наим Сулейманоглу мен Халил Мутлу, грекиялық Пиррос Димас пен Акакиос Какиашвилис және қытайлық Люй Сяоцзюньнің көрсеткішін қайта­лады. Егер бұл дүлей күш иесінің жасы енді ғана 30-дан асқанын ескерсек, Қап тауы қабыланы 2028 жылы Лос-Анджелесте жоғарыда есімі аталған саңлақтардан озуы мүмкін.

Семсерлесуден – Жапония (2+1+2), АҚШ (2+1+1), Оңтүстік Корея (2+1+0), Гонконг (2+0+0) және Франция (1+4+2). Нояндар сайысында Ли Кифер (АҚШ) мен О Сан Ук (Оңтүстік Корея) екі жаттығу бойынша жеңіске жетті.

 

Боксқа да, күреске де көңіліміз толмады

Бокс пен күрес – елімізде халықтың ерекше құрметі пен зор сүйіспеншілігіне бөленген спорт түрлері. Тәуелсіздік алған кезден бері Олимпиадада ең көп олжаға кенелген – былғары қолғап шеберлері. 1996-2021 жылдар аралығында жуан жұды­рықты жігіттеріміз 22 жүлде (7 ал­тын, 7 күміс, 8 қола) алды. Оған қыз­дардың табысын қосыңыз. Ең үздік бокс­шыға тиесілі Баркер кубогін үш мәрте төбемізге көтердік. Бірақ кейінгі екі Олимпиададағы көрсеткішіміз еш сын көтермейді. Токиода қос қоланы қанағат тұтсақ, Парижде бір күміс пен бір қола жеңіп алдық. Бокстың дамуына барынша жағдай жасалып, миллиондаған қаржының құйылып жатқанын ескерсек, жерге кіріп кететіндей масқара жағдай.

Салыстырмалы түрде алсақ, Өзбекстан бес алтын алып, командалық есеп­те жеке-дара көш бастады. Осыдан сегіз жыл бұрын Рио-де-Жанейрода да олар алдына жан салмаған еді. Францияға Қырғызстаннан бір ғана боксшы барып, соның өзі финалға дейін жетті.

Грек-рим күресінде Иран мен Жа­пония құрамалары керемет нәтиже көрсетті. Парсы елі пехлевандары 2 алтын, 1 күміс және 1 қоланы олжалады. Күншығыс елінің өрендері бас жүлденің екеуін өз қоржынына салды. Үшінші орында – Куба. Бостандық елінің балуандары 1 алтын мен 2 қоланы еншіледі. Қырғызстанның өзі үш қола алды. Қазақ елі «классиктерінің» абыройын Демеу Жадыраев құтқарып қалды. 35 жастағы ардагер балуанның бұл күмісін барша жанкүйер алтынға балады.

Еркін күресте Жапония құрамасы 2 алтын мен 1 күміс олжалап, жалпы­командалық есепте көш бастады. Екінші және үшінші орында – Грузия мен Өзбекстан. Қап тауы қырандарының 1 алтыны мен 1 күмісі, «ала тақиялы» ағайындарымыз 1 алтыны мен 1 қоласы бар. Бесінші сатыға Болгария мен Бахрейннің балуандары жайғасты. Бұл елдің беткеұстарлары бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Ал қазақ­тарға жалқы жүлде де бұйырмады.

Әйелдер күресіндегі алты алтынды Жапония мен АҚШ өзара бөлісті. Күншығыс елінің сұлулары төрт салмақта топ жарса, екі алтынды америкалықтар иеленді. Ал Қазақстанның бірде-бір бұрымдысы Парижде бой көрсеткен жоқ. Себебі олардың барлығы да іріктеу сындарында сүрінді. Бұл жағдай да жанымызға батты.

Дзюдошылар додасында Жапония (3+2+3), Франция (2+2+6), Әзербайжан (2+0+0), Грузия (1+2+0) және Бразилия (1+1+2) балуандарының бағы жанды, Қазақстан да көштен қалған жоқ. Елдос Сметовтің алтыны мен Ғұсман Қыр­ғызбаевтың қоласы арқасында жетінші орынды иелендік. Осы жарыста бойы 204 см, салмағы 150 кг тартатын Тедди Ринер Олимпиаданың бесінші алтынын мойнында жарқыратты. Оның үшеуін «Қонжық» жекелеген сайыста жеңіп алса, екеуін командалық бәсекеде еншіледі. Одан бөлек, Ринердің тағы екі қоласы бар.

 

Тағы кімдер озды?

Қалған спорт түрлеріне келер болсақ, Қытай суға секіру (8+2+1), үстел теннисі (5+1+0), бадминтон (2+3+0), синхронды жүзу (2+0+0) және теннистен (1+1+0) өткен жарыстардың жалпы командалық есебінде алдына жан салмады. Оңтүстік Корея садақ ату (5+1+1) мен таеквондода (2+0+1), Ұлыбритания үшсайыс (1+0+2) пен батутта секіруде (1+0+0), Сербия мен Испания ватерполда (1+0+0), Франция мен Испания волейболда (1+0+0), Бразилия мен Швеция жағажай волейболында (1+0+0), Дания (1+0+1) мен Норвегия гандболда (1+0+0), АҚШ пен Жаңа Зеландия гольф­та (1+0+0), Қытай мен Германия көркем гимнастикада (1+0+0), Франция мен Жаңа Зеландия регбиде (1+0+0), Мысыр мен Мажарстан қазіргі бессайыста (1+0+0), Испания мен АҚШ футболда (1+0+0), Канада мен Жапония брейк-данста (1+0+0), Германия ат спортында (4+1+0), Жапония скейтбордингте (2+2+0), АҚШ баскетболда (2+0+0), Нидерланд көгал­дағы хоккейде (2+0+0), Польша құзға өрмелеуде (1+0+1) және Франция серфингте (1+0+1) ең үздік нәтиже көрсетті.