• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 23 Тамыз, 2024

Ақтық сапар алдындағы сөз

238 рет
көрсетілді

Ораздың Жаркентке қандай жұмыспен бара жатқанын ешкім білмеді. Кеше ғана Қапал уезінен оралған болатын. Енді, міне бүгін Алатаудың қарлы шыңдарын асып бес жүз шақырымдай жерге салт атпен сапар шекпекші. Бір-екі күн Сарыөзек, Қоғалыға тоқтамақ...

Кемел ТОҚАЕВ,

 «Соңғы соққы» кітабынан 

ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ ғылымы мен білімі үшін өте жемісті кезең болды. Қазақ зиялылары барлық салада қалам тербеп, елдің көзі ашық, көкірегі ояу болуына күш салды. Бірі әдебиеттен, енді бірі математика мен медицинадан еңбектер жазды. Баршасының түпкі мақсаты – қазақ даласына жаһан ғылымын әкелу болды. Өзге елдермен терезесі тең болуы үшін, өздері де бар ыждаһатымен ғылымның бірнеше саласын меңгеруге тырысты. Солардың бірі – Алаш арысы Ораз Қиқымұлы Жандосов болатын.

...Ымырт қараңғысында Қордайдың қоңыр желімен кең тыныстап тұрған әйгілі Кенен Әзірбаев пен Ораз Жандосов ұзақ әңгімелесті. Олар елдің, жердің жай-күйі хақында алуан-алуан әңгіме қозғады. Ораз сөз соңында «Кенеке, сонау бір жылдары елден жырақ кетіп, қырғыз бауырларды паналап жүрген кезіңізде бұлбұлға мұң айтып, сағыныш өртеген шерлі әніңіз құлағымнан кетпейді. Сіз ақынсыз ғой, тауға да, тасқа да, сылдырлап аққан бұлаққа да үн қосып, сырласа аласыз. Туған жерден жырақ, алыс бара жатқан менің күнім не болар екен? Қайдам, қара бастың қамын ойласақ, оның ретін табуға болар. Бірақ еңсесін көтеріп, есін енді жинай бастаған елдің басына тағы бір қырсық тап болмаса етті деп қорқамын. Мұның ауқымы адамдар арасындағы керістен, бақталастықтан аулақ жатқан тәрізді. Тамыры тереңде ғой деймін. Қазақтың зиялы азаматтарына қатты шүйліккендеріне қарағанда, бұл әдейі жасалып жатқан қараниет науқан ба деген ой келеді», деп өзінің жер аударылып бара жатқанын айтты. Сөзіне қарағанда, Жүсіпбектердің басына туған күн төніп тұрғанын айтқысы келсе де, жанашыр жақынының көңілін бұзған жоқ. Жарты сөзден жай ұғатын Кенен Ораздың қайда бара жатқанын, соңы немен аяқталарын сезсе де білдіргісі келмейді.

(Ораз сонарда, 1935 ж)

Ұлтының ертеңі үшін жалындап қызмет етіп жүрген Оразды қапсыра құшақтап, көзінің жасын білдірмей сүртіп алды. Ертеңіне Кенен мен Ораз ел-жерді аралап, тіптен Қордайдан асып, қырғыздың Тоқмағына дейін жетеді. Ағылда-тегіл жыр болған Кененнің дауысы сапардың сәні еді. Қиқымұлының жанарынан еліне деген қимастықты кез келген адам баласы аңғарары сөзсіз еді. Туған елімен кездескен бұл сапардың соңында тебірене теңселіп Ораз сөз алды:

– Ал ағайын, пейілдеріңе ризамын. Лайым, дәм тартып, қайта көрісуге жазсын. Кенен секілді ақыны бар ел – бақытты. Кенеке, тағы бір әніңізді естиін, шырқап жіберіңізші, содан соң бақыл болсын айталық, – деп ақтық сапарға аттанар адамша құлақ түре тыңдап тұрған елдің көзіне еріксіз жас ұялатты. Кенен қолына домбырасын алып:

«Оразжан, серкесі едің Жетісудың,

Жасыңнан талаптанып оқу қудың.

Ер ағаң алдыңдағы Тоқашқа еріп,

Екеуің Жұбанышпен қатар тудың.

Қош-аман бол, Оразжан!

Биіктеп самолетпен аспанға ұштың,

Бұл қалай, арба мініп Тәшкен көштің?

Қордайдың асуынан асырып сап,

Қасымда алпыс жігіт қош айтыстым.

Қош-аман бол, Оразжан!»

Қос алыптың соңғы рет кездесіп, бақұлдасуы осылай болып еді.

(Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы О. Жандосов Бүкілресейлік Орталық атқару комитет сессиясында. Мәскеу, ақпан 1936 ж.)

Кеңес өкіметі кезінде тұңғыш рет ақындар айтысын өткізген, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі ұйымдасқан, бүгінде Ереуілтөбе атанып кеткен Қарқара жеріне тұңғыш ескерткіш белгі жасатқан қайраткер және қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тұңғыш директоры болған жалынды күрескер, ұлт қайраткерінің барсакелмес сапарға аттануы осылай болып еді. Бұл туралы Кенен Әзірбаев бірнеше естеліктерінде тебіреніп жазды.

Ораздың балалық шағы, жігіттік кезі, мемлекет және қоғам ісіне белсене атсалысқаны хақында Кенен жалпы көлемі 500 жолдық поэма арнаған екен. Өкініштісі, ол шығарма ешқайда басылмай, тағдыры белгісіз болады. 

Кененнің ұстазы, әйгілі ақын Жамбыл Жабаев та Ораздың отбасы, өскен ортасы хақында ой жүгіртіп, жүрегінен жыр төгеді:

«Қара болсаң, қара бол, ханнан аулақ,

Кедейдің сөзін айттың, дауын даулап.

Қара қылды қақ жарып жүрсең егер,

Бағың өсіп кетерсің, отың лаулап!»

Ораз Жандосов 1929 жылғы 1-маусымнан бас­тап Халық комиссары қызметінен төмендетіліп, құрылуына атсалысқан Қазақ университетіне қарапайым оқытушылық қызметке жіберіледі. Оған да мойымай ол көптеген зерттеу лекцияларын жүргізіп келді. «Қазақстанды зерттеу қоғамын» басқара жүріп, еліміздегі кітапхана ісінің де дамуына атсалысты.

1931 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасын ұйымдастырды әрі тұңғыш директоры болды. Киелі қарашаңырақтың тізгінін өз қолына алған аз уақыттың ішінде қазақ оқырмандарын кітапханаға тарту мақсатында қыруар шаруа атқарды. Дегенмен, Оразды бұл орында да көп тұрақтатпай әртүрлі шаруашылық-науқандық жұмыстарға жіберіп отырды.

(Ораз Жандосов – Қазақстанды зерттеу қоғамының жетекшісі. 1929-1930 жж.)

Күшпен ұжымдастыру жылдарында кеңестік билік Оразды Алматы облысының Қастек пен Қордай аудандарына және Әулиеата облысының Сарысу ауданына уәкіл етіп тағайындады. Сол кезде де жергілікті жерлерде қалыптасқан ауыр жағдайларды, республика басшылығына қаймықпай шындықты ашық айтып отырды. Сөзімізге дәлел ретінде Жандосовтың 1933 жылы Сарысу ауданының жай-күйі туралы айтқанын келтірсек: «Ауылдарды аралаған кезімде, мен ондаған күн бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан, тірі қалған әйелдер мен жас балаларға ешкім көмек көрсетпейді. Таңданарлықтай болса да, әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғалары түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқ жинайды және жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген аң терілері де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда жапаннан екі жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, терісін алу үшін атылған иттердің қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. №5 ауылда тамақтанбаудан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді. Кейбір аңшы семьялары шошқа етін жеуде және шошқа етімен тамақтанушылар өздерінің «күнәларын» жасыруға тырысса да, мұның өзі халыққа ешқандай жағымсыз әсер ете қоймайды». Осылайша, ол ашаршылық кезіндегі небір адам шошырлық қасіретті оқиғаларды биліктен қаймықпай жариялап отырды.

Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып жүрген 1934 жылдың 6 қаңтарында Алматы облысының пар­­тия конференциясында ол былай дейді: «Бұрынғы басшылықтың саяси қателіктеріне байланысты туындаған қиын­дықтарды жою үшін күресу қажет. Ол үшін жергілікті жерлердегі ескі басшылықтың жібер­ген қателіктерін сынаудан қашпауымыз қажет. Біз­дің міндет – жоға­ры жылдамдықпен, қарқынды жұмыс істеу».

Конференциядан соң Л.Мирзоянның қолдауымен ол қайтадан партия органдарына жауапты қыз­меттерге тартыла бастайды. 1933 жылы Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Дәл осы тұста Ораз Жандосов Жамбыл мен Кененге көптеп көмектесіп, Жаркенттегі өлкелік ұйғыр мәдениетін ұйымдастырып, Дүнген музыка театрына көмегін де аяп қалмайды.

(Кенен Әзірбаевтың «Оразжан» атты әнінің нотасы, өңдеген Б. Қыдырбек)

Ораз Қиқымұлы жөнінде тарихшы ғалымдар іргелі зерттеулерін жариялап жүр. Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді бүгінгі таңда  ҰҚК Алматы қалалық архивінде Ораз Жандосовтың ІІІ том тергеу материалдары сақтаулы тұрғанын айтады.

Тергеу материалдарында Жандосовты қамауға алу туралы прокуратураның 1937 жылы 31 шілдеде бе­рілген №94 ордерлі үйіне тінту жүргізілгенде, ол Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы Түрген ауылында тұрған. Және сол үйде жары Фатима мен балалары болған.

Тергеуалды тінту барысында аса маңызды құжат­тар­ға байланысты тізім жасалған. Ол тізімде:

1) Жабық жәшік. Жандосовтың көрсетуі бойынша оның ішінде жеке архиві, түрлі материалдар, құжаттары, алған хаттары сақталған.

2) БК (б) П ОК 1935 жылғы 18 қаңтардағы жабық хаты бар екендігі көрсетілген.

Осы орайда айта кетейік, тінту кезінде 9 дәптерге жазылған «Теміртас» атты қолжазба аудармасын да белсенділер алып кеткен. Бүгінде зерттеушілер жоғалған «Теміртасты» көркем туынды болуы да мүмкін деген пікірлер айтады.

Ұлтым деп ұрандап, жұртым деп жалындаған Ораз қай кезеңде, қандай шаруаға кіріссе де елінің мүддесін алдыңғы қатарға қойып отырды. Бастапқыда бізге белгісіз болып келген сот тергеу материалдары егемендік алып, еңсемізді тіктеген соң ақтаңдақ беттер айқындала бастады. Қиқымұлының тарихи ерліктері зерттеушілер арқылы нақты дәлелденіп жатыр.

Мысалы, ол 1916 жылғы көтерілістің 10 жылдығына байланысты жазған мақалалары мен хаттарында былай дейді: «1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының алдына ел болып қалу немесе өшу туралы мәселе қойды»,  деп биліктен тайсалмай, көп ұзамай басына үйірілер қара бұлттан қаймықпай жазады.

Академик Мәмбет Қойгелді Ораз Жандосовтың осы пікірін сол кездегі екінің бірі бара бермейтін ерлікке теңейді. Негізінен Ораз көтерілістің түп-тамыры тереңде екенін меңзеп, Исатай мен Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстарының өзара сабақтас және көтерілістердің түпкі мақсаты отарлық езгіден құтылу екендігін айтады.

Ерліктерінің тағы бірі, сол кездегі Верный қаласының атын Алматы деп ауыстырылуына аянбай тер төккені еді.

«Қазақ коммунистерінің арасында екі топтың барлығы маған белгілі. Олардың біреуіне – Сәдуақасов Смағұл, бұрынғы жер жөніндегі комиссар Сұлтанбеков, Мыңбаев және Жандосов тағы басқалар басшылық етеді. Екінші топтың жетекшілері: Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұрмақов, Тоқтыбаев Кәрім, Тоғжанов жатады. Бірінші топ ұлтшылдардың қатарына жатады, екіншісінің де біріншіден пәлендей айырмасы жоқ… Өйткені қазақ халқының мүддесін қорғау кезінде, мысалы жерге орналастыру мәселесі жөніндегі тартыс кезінде екі топ та бірігіп кетті», деп Елдес Омаров НКВД-ның тергеушісіне берген ж­ауабында ашық айтады. Міне, өздеріңіз байқағандай, қай жағдайда болсын, Ораз Жандосов есімі Алаш қайраткерлерінен әсте бөлінген емес, бөлінбейді де.

Сіздердің назарларыңызға архив материалдарын тағы да тізіп шығуға болар еді, дегенмен оның орнына біз Ораздың адами келбетіне тоқталғымыз келді. Сондықтан да замандастарының естеліктерін келтіруді жөн санадық.

Жұбайы Фатима Жандосова: «Мәскеуде, Кузнецкий мост көшесінде және біздің Лихобордағы саяжайымызда Ораз көптеген қазақ студенттерінің және жұмыспен келген Түркістан республикасы қызметкерлерінің пірі сияқты болды», деп тебірене жазады.

Сәбит Мұқанов қайраткермен таныстығы жөнінде «Жетісу» газетінің 1969 жылғы 28 ақпан күнгі санында былай жазады: «Түркістандық екі облыстың қызметкерлері Орынборға 1925 жылдың көктемінен келе бастады. Ол кезде мен рабфактың студентімін, «жоғары» аталатын қызметкерлермен араласым аз, сондықтан түркістандықтарға да оншалық жұғыса қойған жоқпын, бірақ «анау – анасы, мынау – мынасы» дегендердің ішінен Ораз Жандосовты да көріп жүрем. Жүзін көргенге дейінгі ұғымымда ол жасы егде тартқан адам болуға тиісті еді. Ал көргенде қарасам, жас шамасы менен аз-ақ қалқыңқыдай немесе қатардай, сымбатты, сұлу жас жігіт. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейді ғой қазақ. Ал Ораз Жандосовпен жылы, жарқын сөйлесудің сәті 1927 жылдың жазында түсті. Сол жазда мен қызмет бабымен Қызылжардан Қазақстан орталығы Қызылордаға ауыстым. Кәсібім – журналистік. Қызылордада осы қызметті атқаруым керек».

Мұқанов аталған мақаласында Ораз Жандосов­тың «Еңбекші қазақ» газетінің партия тұр­мы­сы және әдебиет бөлімдеріне басшы болуына ерекше ықпал еткенін де жасырмайды. 

Жазушы Ғабит Мүсірепов өз қолымен арабша жазған естелігінде (ҚР ОМА, 1864 қ., 1-тізбе, 251 іс., 1 бет): «Ораз өте орнықты, сергек ойлы, кең құлашты нағыз мемлекет адамы болатын. Қазақстанның талай таршылыққа ұшыраған кездерінде ол торыққан емес. Өмір ылғи молшылық емес, кейде бар, кейде жоқ, бірақ Ораздың алдынан наразы болмай кетуші едік. Алдына жұмыспен келгенде, шешпей жіберген емес. Ұсақ-түйекте жұмысы жоқ. Оған кіріп-шыққаннан кейін жігерлене түсуші едік», деп Жандосовтан көрген жақсылығын жазады.

«Жақсының жақсы деген аты қандай, әр сөзі мың алтынға татығандай» деп қазыналы халқымыз айтқандай, Ораз Жандосовтың әрбір сөзі мен іс-әрекеті халық жадында мәңгі сақталары анық. Жоғарыда біз сіздерге ұлт қайраткерінің саналы ғұмырындағы санаулы оқиғаларды келтірдік. Ораз жөнінде қазақтың маңдайалды қайраткерлері тек қана жақсы естеліктер мен пікірлер білдірген.

Ұлттық кітапхананың тұңғыш рет тізгінін қолына алып, жан-жақты ізденісінің арқасында бірнеше жылдың ішінде республикаға мәшһүр кітапхана етуі – табанды еңбекпен қоса, қайтпас қайраткерліктің жемісі.

Ораз Жандосовтың атына берілген көшелер, даңғылдар, мектептер, мемлекеттік мекемелер аз емес. Ұлт қайраткерінің есімі жадымызда сақталсын деп, 2020 жылдың қазан айында Ұлттық кітапхананың 110 жылдығы қарсаңында «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың есімі берілді.

1937 жылдың көктемінен бастап Жандосовтың басына қою қара бұлт үйірілді. Қазақстан Ком­партиясының І сьезінде «екіжүзді жаулар» қатарына жатқызылады.

Қазақтың бағына туған тұлға 1938 жылдың 2 нау­рызында жасырын түрде атылды.

Ұлты үшін опат болған Ораздай асыл ерді халқы әсте ұмытпайды, ұмытуға да хақысы жоқ.

 

Мақаланың аудионұсқасын QR-код арқылы тыңдауға болады:

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

Ұлттық кітапхана Ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы