Мәншүк! Осы бір есім қазақ үшін қандай қастерлі болса, қаһарман қыз туралы түсірілген көркем туындылар да дәл солай қымбат, құнды. Майдан даласында қыршыннан қиылған жауқазын-тағдырға өнер тілінде қойылған сондай ұлы ескерткіштің бірі де, бірегейі – Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы дастан» фильмі десек, артық айтпағанымыз.
Рас, бүгінге дейін Мәншүкке арналып түрлі фильм түсіріліп, сандаған көркем дүние таспаланды. Қаһарман қыздың қайтпас қайсар ерлігін көрсететін алуан туынды жазылды. Бірақ мойындау керек, режиссер Мәжит Бегалиннің кинотуындысындағы басты кейіпкер – Мәншүк бейнесіне еніп, бүгінде өзі де аңызға айналған Наталья Орынбасарованың биігіне жеткені жоқ. Өз дәуірінің ғана емес, жаңа ғасырдың да құбылысына айналған құнды картинаның феномені неде?
Әрине, ең әуелі фильм айналасынан топтасқан шығармашылық одақтың мықтылығында. Сенбесеңіз, түсірілім тобының тізімі, яғни фильм титрына көз жүгіртіп көріңізші. Сценарист – Андрей Кончаловский, режиссер – Мәжит Бегалин, оператор – Әбілтай Қастеев деп басталып, негізгі рөлде ойнайтын әртістер – Иван Дмитриев, Никита Михалков, Наталья Орынбасарова, Виктор Авдюшко, Нұржұман Ықтымбаев, Олеся Иванова, Кәукен Кенжетаев, Иван Рыжов, Юрий Саранцев, Фарида Шәріпова сынды кіл мықтылармен жалғасып кете беретін туындының сірә да осал шығуға хақысы болмаса керек-ті.
Ерлік дастанының екінші жеңісі – ол әлбетте басты рөлдегі әртіс Наталья Орынбасарова. Шын жүйріктердің басын бір туындыда ұйыстыра білген айтулы фильмнің сценарийін атақты Андрей Кончаловский арнайы Наталья Орынбасароваға лайықтап, актрисаның бар мүмкіндігін ескеріп жазғанын бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан болса керек, экранда жасындай жарқыраған бойжеткен естен кетпес ерекше рөл тудыра білді. Тіпті қыршыннан қиылған қызының өлмес бейнесін сомдаған актрисаны экраннан көрген Мәншүктің анасы Әмина Мәметова майдан даласынан оралмаған перзентімен қайта қауышқандай Натальяны қайта-қайта құшақтап, көз жасына ерік берген деседі. Өнер иесінің қызына қатты ұқсайтынын айтып, кәдімгідей толқыпты. Бұл туралы актрисаның өзі: «Мәншүк рөлін – шығармашылық жолымдағы ең бір ауқымды, жемісті һәм табысты рөлдерімнің бірі десем де болады. Өйткені бұл рөлді жұбайым Андрей Кончаловский мен үшін, менің барлық мүмкіндігімді ескеріп жазып шықты. Мен де өзіме артылған жауапкершіліктің салмағын жіті сезіндім. Фильмнің барынша шынайы шығуына мән беріп, режиссермен көп кеңестім. Тіпті костюм суретшілерінің «етіктің ішінен бәрібір кадрда көрінбейді ғой, шұлық кие сал» дегеніне көнбей, бәрі шынайы болсын деп шұлғау орадым. Сол секілді Мәншүк қолданған қару-жарақтың барлығын игеруге, үйренуге барымды салдым. «Максим» зеңбірегі жан досыма айналды. Оны шашып, қайта жинауды, майлауды бәрін-бәрін түсірілім алаңында жүріп үйрендім. Түсірілім соғыстан қатты зардап шеккен ел – Беларусь жерінде өтті. Қан тамған топырақтың үстінде жүріп фильм түсіру де бізге сұрапыл соғыстың шын қасіретін сезіндіргендей болды, рөлімізді жүрегіміз қан жылап жүріп ойнадық. Фильмде пулеметті сүйреп келе жатқан кадр бар. Сонда оның салмағы 64 кило екен, ал мен ол кезде небәрі 47 кило едім. Жалпы, мен өнер жолын таңдаған кезде: «Наташа, сен хас сұлу емессің, сондықтан жолыңдағы барлық бәсекені шеберлігіңмен жеңуің керек», деп өз-өзіме іштей талап қойғаным бар. Осы мақсат маған өнердегі жолымның жарқын болуына көп септесті. Ал Мәншүк – бағымды ашқан рөлдерімнің бірі» деп өз естелігінде түсірілім сәттерін еске алыпты. Актрисаның ағынан жарыла ақтарылатынындай, «Мәншүк туралы дастан» – тек бір ғана қаһарман қыздың өмірбаяндық кескіндемесі емес, майдан даласында ерлік көрсеткен барша бойжеткеннің жиынтық бейнесі.
Иә, Мәншүк бейнесі актриса қоржынындағы қомақты рөл болғанымен, Наталья Өтеуліқызын ең алғаш даңқ шыңына шығарған фильм – Андрей Кончаловский түсірген Ш.Айматовтың «Алғашқы мұғалім» фильмі болатын. Дәл осы рөлі үшін әртіс небәрі 20 жасында, яғни 1966 жылы Венецияда өткен халықаралық фестивальде Вольпи алтын кубогін иеленді. Сол сәтте Батыс елдері сарапшыларының өзі іштен тынып, «бұл фантастика» деген екен. Міне, фильмдегі алғашқы жұмысымен-ақ кино әлемін дүр сілкіндірген өнер иесі Мәншүк рөлін де бейнелілік биігінде шебер кескіндеп шықты. Оған – аталған фильм һәм уақыт дәлел.
Фильмнің үшінші табысы – туынды режиссері Мәжит Бегалиннің өзі де майдан даласында болып, қанды қырғынды көзімен көріп қана қоймай, Мәншүкпен бірге 100-ұлттық атқыштар дивизиясында жауға қарсы соғысқандығы дер едік. Бұл туралы жазушы, кинодраматург Дмитрий Снегин: «Мәжит Бегалинмен әңгімеміз ауыр күндерді еске алумен өрбитін. Себебі біз екеуміз Мәншүк қаза болған жерде шайқастық. Бізде ортақ естелік көп еді. Екеуміз үшін де майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қазақ қызының жауға қалай қарсы тұрғанын көрсету – парыз деп білдік» деп жазады естелігінде.
Парызы мен мақсатына адал болған режиссер араға жылдар салып, кәсіби білімін жетілдіріп, ақыры «Мәншүк туралы дастанды» таспалайды. Фильм түсірілімі 1967 жылы басталып, 1969 жылы туындының толық аяқталғаны сүйіншіленгенімен, тек бір жыл өткеннен кейін ғана, яғни 1970 жылы 16 қазанда Мәскеуде таныстырылымы өтеді. Жаумен алысқан Мәншүк пен оның майдандастарының соғыстағы бір күні көрсетілген картина осылайша үлкен экранға жол тартады. Алғашында «Мәншүктің соңғы күні» деп аталды. Бірақ сценарийді ұзақ талқылаудан өткізген түсірілім тобы фильм мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізіп, «Батырдың соңғы күні», «Кейіпкердің бір күні», «Біздің Мәншүк» деген бірнеше атау береді де, соңында ұсынылған атаулардың арасынан киностудия «Мәншүк туралы дастанды» таңдап алады.
Әу баста Мәншүк өмірін балалық шағынан бастап толықтай қамтуды мақсат еткен сценаристің еңбегі кейін жоғары жақтың талабымен біраз күзеліп, фильм деректі материалға негізделмеген кейіпкердің соғыстағы жалпылама және рәміздік сипатын ғана көрсете алды. Әйткенмен бұл фильм «Мәншүк бей-несін шынайы жеткізе алмады» деген жаңсақ пікір тудырмаса керек. Керісінше түсірілім тобы қаһарман қыздың бойындағы мақсатшыл, талапшыл, батыл әрі адал Мәншүктің бейнесін жан-жақты көрсетті, ол мақсатты Наталья Орынбасарова да өз деңгейінде кәсіби шеберлікпен алып шықты. Оған дәлел – «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік кеңесі Мәжит Бегалиннің режиссерлік жұмысына «Кинематографиялық ойлаудың тұтастығы, деректі оқиғалардың үйлесуі, көркем бөлшектердің экспрессивтілігі, жеке тұлғаны, лаконизмді және ұрыс көріністерінің ішкі шиеленісін ескере отырып, актермен жұмыс істеуіне дейін шебер орындалған» деген жоғары баға берген. Міне, осылайша, «Мәншүк туралы дастан» көрерменімен қауышты. Содан бері арада 55 жыл өтсе де, классикалық картина құндылығын жойған жоқ, керісінше әлі күнге дейін киносүйер қауым қызыға тамашалайтын бірегей туындылардың қатарында.