Елімізде қала негізін құраушы ірі кәсіпорындар төңірегінде «Шағын және орта бизнес белдеуін» құру бойынша жұмыс басталды. Өнеркәсіп алпауыттарының өз өңірлерінен шыққан жеткізуші кәсіпорындармен серіктестігі бұған дейін де байқалатын, бірақ ерікті форматта еді. Енді бұл кәсіби түрде қолға алынғалы отыр. Елішілік құндылықтарды дамыту бағдарламасы, әсіресе моноқалаларда шағын және орта кәсіпкерліктің түтінін түзу ұшыруды көздейді.
Жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз деген ойды былтыр Мемлекет басшысы Жолдауда айрықша атап өткен болатын.
«Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз», деді Президент.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов те жыл соңына дейін ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен жасалатын оффтейк-келісімшарттарының санын кем дегенде екі есе арттыруды тапсырған еді. Талап бойынша ірі кәсіпорындар айналасында ШОБ белдеуін құру және олармен ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу міндеті бекітіледі.
Алдағы уақытта ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасасау мәселесі заң жүзінде міндеттелмек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өткен жылы моноқалалардағы өндіріс көлемі 18,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – жалпы республикалық көрсеткіштің 40 пайызы. Жалпы алғанда, моношаһарлардағы кәсіпкерлік белсенділік былтыр оң нәтиже көрсете алды деуге негіз бар. 20 қаланың барлығында дерлік жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны артқан. Ондай кәсіпорындар саны 8,5 пайызға көбейіп, 100,2 мыңға жетіпті. Компаниялардың көбеюі бойынша Жаңаөзен (12,9 мың) мен Теміртау (11,5 мың) қалалары алда.
«ШОБ белдеуі» шеңберінде алпауыт кәсіпорындардың шағын бизнес нысандарымен ынтымақтастық орнатуы кішігірім компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін жаңа өткізу нарықтарының есігін айқара ашады. Министрліктің мәліметінше, сәуірдің бас кезінде елімізде қалақұраушы кәсіпорындар, ірі ұлттық холдингтер және ШОБ арасында 24,5 млрд теңге сомасына 20 ұзақмерзімді келісім жасалған. 47,3 млрд теңгеге 13 офтейк-келісімшартқа қол қойылған. Жалпы, 2023 жылы моноқалалардағы кәсіпорындардың сатып алу сомасы 1,8 трлн теңгеге таяған. Оның тек 27,8 пайызын импорттық жеткізулер иеленген, қалған 72,2 пайызы – елішілік құндылықтар бағдарламасы аясында жүзеге асырылған сатылымдар.
Бұл ретте әйгілі «ERG» компаниясының қажетті тауарларды жеткізіп беру бойынша отандық өндірушілермен 20 млрд теңгеден астам сомаға офтейк-келісімшарт жасасқанын, сонымен қатар «Қазақтелекомның» 1 млрд теңгеден астам сомаға «ЭлтексАлатау» ЖШС-мен сымсыз цифрлы приставкалар жеткізіп беру бойынша мәміле жасасқанын айта кетсек болады.
ШОБ белдеуінің шарапатын былай тізбелесек болады:
ШОБ табысы артады
Ең бірінші кезекте ірі компаниялар жергілікті жеткізушілерге тұрақты тапсырыс беретін болады. Бұл шағын компаниялардың табысы мен қаржылық орнықтылығының артуына серпіліс сыйлайды. Сонымен қатар бұл өндірістік қуаттылықтың кеңеюін ынталандыруы мүмкін.
Жаңа жұмыс орындары құрылады
Тұрақты келісімшарттар және өндіріс көлемінің ұлғаюы қосымша еңбек ресурстарын талап етеді, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп болады. Жаңа жұмыс орындарының ашыла бастауы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, азаматтардың өмір сапасын жақсартады. Өнімдер мен қызмет сапасын күшейтеді.
Ірі компаниялардың талабына сай болу үшін ШОБ өз қызметтері мен тауарының сапасын көтереді, бұл өз кезегінде стандарт деңгейінің жалпы өсіміне әсер етеді. Сонымен қатар жаңа технологиялар мен құрылғыларға инвестиция салу қажеттілікке айналады. Сөйтіп, өндірістік процестер модернизациясы жүзеге асады.
Инновацияға жол ашылып, инфрақұрылым жақсарады
Ірі компаниялармен ынтымақтастық орнату ШОБ-тарды алдыңғы қатарлы тәжірибелер мен инновацияларды енгізуге икемдейді. Қызметкерлерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру басымдыққа айналып, елдегі кәсіби дағдылардың жалпы деңгейін жоғарылатады.
Дамушы ШОБ-тардан түсетін салық түсімдерінің артуы мемлекеттің әлеуметтік инфрақұрылымға (мектеп, балабақша, аурухана, жол) инвестиция жасауына мүмкіндік береді. Сәйкесінше, өмір сапасы да жақсара түседі және халықтың әл-ауқаты артады.
Сонымен бірге, макроэкономикалық әсер де болмай қоймайды. Сарапшылар оның өзін екіге бөліп, жіктейді. Әуелгісі – экономиканың әртараптануы: жергілікті жеткізушілер үлесінің көбеюі экономиканы әртараптандырып, импортқа тәуелділікті төмендетеді. Бұл үдерістің орнықты қалыптасуы экономиканы сыртқы алаңдаушылық пен дағдарыстарға мейлінше төзімді етеді.
Екіншісі – бәсекеге қабілеттіліктің жоғарылауы. ШОБ дамуы ішкі нарықтағы бәсекені ұлғайтып, түпкілікті тұтынушы үшін бағаны төмендету мүмкіндігін де алға шығарады. Ал халықаралық нарықтағы отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті болуы экспорт үлесін арттырады және елдің сауда балансын күшейтеді.