Дәл қазір елімізде кассациялық соттардың моделін жетілдіріп, жалпы сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесі өзектілігін жоймай тұр. 2016 жылы сот жүйесіне жасалған реформа бүгінде өміршеңдігін жоғалтып алды. Яғни сот ісін жүргізу мәселесінде арыз-шағым мен наразылықтар артып, қарама-қайшы тұстар қордалана бастады. Мұндай жағдай саладағы заңнаманы қайта қарап, кассациялық сот моделін мейлінше жетілдіруге мәжбүрлеп отыр.
Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 8 маусым күні өткен Астана халықаралық форумының Пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ел ішінде әділдік, заң үстемдігі, теңдік және әділ сот төрелігі қағидаттарын енгізу үшін реформа жүргізуге бағытталған тиісті шараларды қолға аламыз. Заң мен тәртіпке негізделген менің ұстанымым – айқын. Бұл – «Жаңа Әділетті Қазақстанды» құрудың берік негізі», деген еді.
Өткен сессияның соңына қарай Парламент Президенттің осы сөзінің дәлелі ретінде сот жүйесін роформалауға қатысты қос заң жобасын күн тәртібіне қойып, оның бірі қабылданып, Мемлекет басшысының да алдына барды. Яғни «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға биылғы 5 шілде күні Президент қол қойған. Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған. Ендігі мәселе – Парламенттің алдағы сессиясында тәуелсіз кассациялық соттарға қатысты заңнамалық құжаттарды жетілдіру.
Жалпы, қалай болған күнде де сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір де күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты. Мәжіліс депутаты, Палатадағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ кассацияның бүгінгі моделі азаматтар мен заң қоғамдастығы өкілдері тарапынан сынға ұшырап отырғанын жасырмады.
«Азаматтық және қылмыстық iстер бойынша кассациялық өтiнiшхаттарды алдын ала қараудың тәртiбi мен шарттары әртүрлi. Азаматтық істер бойынша судья азаматтардың өтінішхаттарын алқалы қарауға беру туралы шешім қабылдайды. Қылмыстық істер бойынша тек 2023 жылдың шілдесінен бастап кассациялық өтінішхаттарды алқалы алдын ала қарауға көшу жүзеге асырылды. Бірақ бұл тәртіп те жетілдірілмеген, себебі бір «үштік» судьяларды тапсырады, ал екінші «үштік» судьялар істі мәні бойынша қайта қарайды және өз әріптестерін қолдамауы мүмкін, бұл процеске қатысушылардың наразылығын тудырады. Мұндай шағымдар тек әкімшілік әділет бойынша жоқ, өйткені онда «жаппай кассация» жұмыс істейді», дейді Үнзила Шапақ.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы бастапқыда Жоғарғы сотта қылмыстық және азаматтық істер бойынша істерді алдын ала қарауды алып тастауды ұсынды. Барлығы «жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түсуге тиіс.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жоғарғы сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдастығымен дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша консультациялар раундын, яғни кездесулер өткізді. Қорытындысында елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құру туралы дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды,
Бұл заңның жобасы аса ұзақ талқыланбады. Яғни қорытындылар алу кезінде көп кедергі болмаған сияқты. Себебі сот жүйесін реформалау ісінде уақыт күттірмейтін мәселелер де жоқ емес еді. Оның зардабын алдымен сотқа ісі түскен халық көбірек тартып, кейінгі жылдары өңірлерден Жоғарғы сотқа бағытталған арыз-шағымдар көбейе түскен.
Енді қабылданған заңдағы өзгерістерге байланысты Жоғарғы соттың рөлі өзгермек. Еліміздегі заңгерлер қауымы тәуелсіз кассациялық соттарға мүмкіндік беретін бұл жүйе ең алдымен халық үшін тиімді екенін алға тартқын-ды.
Жалпы, әкімшілік істерге экстерриториялық соттылық енгізіліп отыр. Яғни кейбір істі өзге өңірдің сотының қарауына жіберуге болады. Мұндай тәртіп бұған дейін азаматтық істе қолданылған. Енді әкімшілік іске енгізіліп отыр. Сот жүйесін бұлай реформалау жайдан-жай қолға алынып отырған жоқ. Кейінгі жылдары әкімдікпен соттасқан қарапайым тұрғындардың соттан жеңіліп қалуы жиілей түскен. Яғни шағым көп. Енді шағымданушы сот пен жергілікті биліктің арасында ымыраластық бар деп күдіктенсе, істі басқа қаланың сотының қарауына жібере алады. Аймақты арнайы жүйе автоматты түрде өзі таңдайды. Ал тәуелсіз кассациялық сот азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істер бойынша тек Астанада құрылмақ. Кассациялық сотқа апелляциядан әділдік таппай, тауы шағылғандар шағымдана алады.
«Талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықты енгізу ұсынылды. Бұл да мемлекеттік органдардың, әсіресе жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тиімді әсер етеді. Жергілікті жерлердегі әкімдіктердің соттарға қысым көрсететіні ешкімге құпия емес», дейді Үнзила Шапақ.
Әрине, «сот жүйесін реформалау сот төрелігінің әділеттілігін қаншалықты қамтамасыз етеді?» деген заңды сұрақ туытыны рас. Дегенмен бұл сұрақтың жауабын уақыты келгенде алармыз. Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды қайта іске қосу қажеттігін осы кезге дейін бірнеше рет атап өткен. Депутат Үнзила Шапақ саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару қажеттігін айтып қалды.
«Жоғарғы сот жартыжылдық негізде мемлекеттік органдардың қызметіне олардың әкімшілік актілеріне немесе іс-әрекеттеріне шағымдану туралы талап-арыздарды сотта қарау нәтижелері бойынша белгіленген проблемалар мен кемшіліктерді анықтау тұрғысынан талдау жасайды.
Өткен жылы мемлекеттік органдарға қойылатын талаптардың қанағаттандырылуы 63%-ға жетті. Ұтылудың тұрақтылығы мемлекеттік органдардың әлі де сот практикасын ескере отырып, әкімшілік қызметтің біркелкілігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамайтындығын көрсетеді. Сонымен қатар сот практикасы азаматтар мен бизнес тарапынан негізделген шағымдарды тудыратын жергілікті атқарушы органдардың жұмысында жүйелі бұзушылықтардың бар екендігін көрсетеді. Азаматтар жүгінген кезде әкімшілік рәсімдер жүргізілмейді.
Осыған байланысты, ӘРПК-ні әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі жаңа міндетпен толықтыруды ұсынылады», деген Мәжіліс депутаты бірқатар шетелде бұл ереже әкімшілік рәсім қағидаттары деңгейінде бекітілгенін атап өтті. Айталық, Армения, Әзербайжан, Грузия елдерінің сот жүйесі осындай тәртіппен жұмыс істейді екен.
Бұл азаматтарға құқықтық қатынастардың белгілі бір саласындағы дауларды шешу тәжірибесін басшылыққа алуға мүмкіндік беріп, осылайша соттағы шағымдар санын азайта түспек.
Сот жүйесін реформалауға қатысты айта кетерлік келесі бір жайт – сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға байланысты істер. ӘРПК-ні қабылданғаннан кейін мұндай істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
«Атқарушылық іс жүргізу туралы заң сот орындаушысының әрбір әрекетіне шағымдану құқығын береді. Бүгінде мұндай құқықты борышкерлер асыра пайдаланады. Борышкер сот орындаушысының бағалаушыны тағайындау және тарту жөніндегі әрекеттеріне дау айтады. Мүлікті сауда-саттыққа беру жөніндегі іс-әрекеттерге, содан кейін сауда-саттықтың өзіне, сауда-саттық хаттамасына және т.б. бір атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысының іс-әрекеттеріне ондаған рет шағым жасалуы мүмкін, салдарынан орындау бірнеше жылға кешіктіріледі.
Сот орындаушылары бұзушылықтарды растайды және келіседі. Жоғарғы соттың мәліметтеріне сүйенсек, сот орындаушыларымен істердің 55%-дан астамы олардың заңсыз әрекеттерін растаумен аяқталады», деген Мәжіліс депутаты сол себепті мұндай даулар бойынша әділет органдарының рөлін күшейтіп, оларға сот орындаушыларының қаулыларының күшін жою құқығын беру орынды деп санайды. Бұл атқарушылық іс жүргізуді жедел орындауға мүмкіндік беретін көрінеді.
Қалай десек те, алдағы сессияда Парламент сот жүйесін реформалау мәселесінен айналып өтпесі сөзсіз. Оның үстіне кейбір депутаттар Жоғарғы соттың келер жылы құрылатын тәуелсіз кассациялық соттардың шешімін өзгерте алатын құқыққа ие болуының әділетті емес екенін алға тартып отыр.