• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2015

Сайлау халықаралық талапқа сай өтті

347 рет
көрсетілді

  Кеше Саясат.орг интернет порталының  шеф-редакторы Бауыржан Төлегеновтен  сайлауға қатысты пікірін сұрап білген едік. – Таңнан бергі бақылауымызға қарағанда, сайлаушылар өз учаскелеріне белсенді түрде ағылып келіп жатыр. Жұрттың көңіл-күйі де көтеріңкі деуге болады. Кейбір сайлау учаскелерінде алғаш болып дауыс бергендерге лайықты сый-кәде де көрсетілуде. Негізі, біз сайлау науқанын сырттай байқаушы болғандықтан, елдік шараның қалай атқарылып жатқанына жіті қарап отырмыз. Ондағы байқағанымыз, күні бойы ешбір сайлау учаскесінде заң немесе тәртіп бұзушылық орын алған жоқ. Бұдан көретініміз, сайлау науқаны өте жақсы ұйымдастырылған. – Сіздердің редакция­ларыңыз сайлау науқанына қалай қатысып, қандай шараларды атқарды? – Біздің портал Қазақстанның ішкі саясатымен қатар, шетелдік саяси науқандарды да үнемі назарда ұстап, әлеуметтің оған деген көзқарасы мен түрлі пікірлерін жарыққа шығарып отырады. Бүгінгі сайлау компаниясын өткізу туралы осы жылдың ақпан айының ортасында жасалған ұсыныстан бастап, бұл елдік шараға белсенді түрде атсалысып келеміз. Әрине, әуелі отандық белгілі саясаткерлерден әлеуметтің аужайы мен өздерінің сайлауды кезектен тыс өткізу туралы ұсынысқа деген пікірлерін сұрап білдік. Расын айту керек, бұл ұсынысты саясаттанушылар мен жалпы халық түгел дерлік қызу қолдады деуге негіз бар. Ол туралы біздің порталдағы белгілі тұлғалардың сұхбаттары мен жеке мақалаларынан оқып, білуге болады.

Белсенділік танытуға бар жағдай жасалған

Алматы қаласының тұр­ғын­дары Қазақстан Республика­­­сы­ның кезектен тыс президенттік сайлауына белсенділікпен қатысты. БАҚ өкілдерінен құралған топ әсем қалаға қыдырып келіп, жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берген қазақстандықтармен де тілдесіп, қаладағы сайлау нүктелерінде өз азаматтық міндетін атқарған азаматтармен кездесті. Алматы қалалық сайлау комиссиясының құрамында 8 аудандық сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Олардың барлығында 513 сайлау учаскесі тіркеліп, әр учаске өз аймағындағы тұрғындармен тығыз жұмыс істеді. Саяси науқанға қала бойынша 3600-ден астам адам жұмылдырылған. Қала бойынша қалыптасқан әрбір сайлау комиссиясында 7 адамнан бар. Олар әртүрлі партия мен тәуелсіз қоғамдық ұйымдардан, халықаралық байқаушы мен қоғамдық байқаушылардан тұратын топтан жасақталды. Қала бойынша жүзге тарта шетелдік байқаушылар келіп, олар өздері белгілеген сайлау учаскелерінде міндеттерін тыңғылықты атқарды. Олардың қатарында Еуроодақ, Азия және ТМД елдерінен келген, сондай-ақ, ЕҚЫҰ мен АҚШ-тан келген өкілдер бар. Алматы қаласы бойынша сайлау комис­сиясының өкілдері кезектен тыс өткізілген Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың баршасына тең жағдайдың жасалғаны мен сайлауалды үгіт-насихат шараларына барынша жағдай туғызылғанын тілге тиек етеді. Сайлау күні қалада орналасқан барлық сайлау орындарында полициялық күзет пен қоғамдық қолдаушылар тобы белсенді жұмыс істеді. Дауыс беруге келген әр азаматқа өзінің құқығы айтылып, оның бұл үдерісте атқаратын рөлі түсіндірілді. Халықаралық және тәуелсіз байқаушыларға сайлау үдерісін толықтай бақылау мүмкіндігі жасалып, мемлекеттік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері бұл үдерістің өту барысын тікелей назарда ұстады. *** Талант РАМАЗАНОВ, Қазақстан Республикасындағы Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының мүшесі: – Қазақстан Президентін сайлау жоғары деңгейде өткеніне кәміл сенеміз. Науқан барысында біздің байқаушылар тобы нағыз кәсіби біліктілік танытты. Біз бірнеше апта бойы байқаушыларымызды жауапты іске жете дайындадық, іс барысында сайлау заңдылықтары мен халықаралық нормалардың сақталуын қадағалауға бейімдедік. Қорытындысы бүгін көз алдымызда: біріншіден, сайлаушылар жаппай дауыс беруге қатысты, екіншіден, сайлаушылар байқаушыларға арқа сүйей отырып, сайлаудың жан-жақты өтеріне көз жеткізді. Өйткені, біздің байқаушыларымыз дауыс беруде, бюллетеньдерді санауда, сайлау учаскелерін тексеруде ұқыптылық танытты. Сайлауды бақылайтын республикалық қоғамдық комиссияның мүшелері науқан барысында зор жауапкершілікті мойнына алды. Біз өз өкілдерімізге сайлауалды дайындық пен оның өтуі әділ, таза және де демократиялық тұрғыда болуын қадағалауды үнемі қайталай айтып, міндеттерін айқындап бердік. Сайлау үдерісіне жөн-жосықсыз араласпайтынымызды, тек заң бұзушылық байқалғанда ғана сайлау учаскесі төрағасының назарына салатынымызды да ескерттік. Қазақстан Республикасындағы Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының атқарған бұл жұмысы Қазақстан тарихында болашаққа жол бастаған оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жаңа параққа жазылатыны мені мейлінше марқайтады. Онда біздің байқаушыларымыздың маңдай тері, адал еңбегі бар. Владимир ТЕЛЬНОВ, Қазақстан Республикасындағы Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі: – Сайлау аясындағы еріктілердің белсенділігі, меніңше, қазақстандық азаматтық қоғамдық институттардың пісіп-жетілгенін көрсетті дер едім. Біздің комиссия өз міндетін ойдағыдай орындап шықты деп мақтанышпен айта аламын. Біздің байқаушыларымыз жақсы дәріс алды, еліміздің барлық сайлау учаскелерінің жұмысына белсенді қатысты. Бюллетеньдер салынған жәшіктерді ашудан бастап қорытынды дауыс санына орай хаттама толтыруға дейінгі барлық жұмысқа қатысты. Қоғамдық комиссия тек сайлау болған күні ғана жұмыс істемегені анық. Ауқымды іс науқанның алғашқы күнінен бастау алған. Әсіресе, сайлау үдерісінде заңдылықтар мен халықаралық стандарттарға сәйкес зор ұйымдастыру жұмысы атқарылғанын ерекше сезіммен атап өткім келеді. Бүкіл елімізде сайлау учаскелері сайлау алдындағы дайындық кезеңінде де, одан соң да ауқымды іс атқарды. Демократиялық даму жолында мемлекет үшін маңызды азаматтардың сайлау құқы шарттарын жүзеге асырудың барлық талаптары орындалды.