• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 29 Тамыз, 2024

Ақындар ардақталған күн

313 рет
көрсетілді

Ақын, тұң­ғыш рәмізтанушы, тәуелсіз Қазақстанның жоғарғы органдарында баспасөз қызметі­нің қалыптасуына ерен еңбек сіңір­ген медиаменеджер, баспа ісін ұйымдастырушы, тіл қайрат­кері Ербол Шаймерденов есімін республика халқы жақсы біледі. Тірі болса, биылғы мамыр айында ­70 жасқа толар еді. Рақымсыз ­ажал оны 59 жасқа қараған ша­ғында алып кетті.

Ербол Шаймерденовтің 70 жылды­ғын жерлестері С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапха­на­сында мамыр айында атап өткен. Дәл сол уақытта ақынның мерейтойы Аста­на қаласында үлкен мемлекеттік шара ретінде аталып, туған жеріне қалам­дас достары мен зиялы қауым өкіл­­де­рі келе алмаған еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өткен апта­да сенатор Нұртөре Жүсіп бас­таған бір топ қоғам қайраткері, ақын-жазушылар Қызылжар өңіріне, ақын­ның туған жеріне келді. Делега­ция құ­ра­мында көрнекті жазушы Қуаныш Жиенбай, филология ғылымдарының док­торы, ақынның досы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Тұрсын, қаламгердің жары Күләш Шай­мер­де­нова, әуесқой композитор Құдиярбек Ағыбаев, айтыскер ақын Рауан Қайдар және Ерекеңнің бір топ туысы болды.

Осы топтың қатысуымен С.Мұқа­нов атындағы облыстық ғылыми-әмбе­бап кі­тапханасының үлкен залында зиялы қауым өкілдері­нің кезде­суі ұйым­дас­тырылды. Оны облыс­тық мә­де­ниет басқармасының басшысы Санат Әубәкіров ашып, қонақтарды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атынан құттықтап, сәт-сапар тіледі. Қонақтар арасынан сөйлеген жазушы Қуаныш Жиенбай Ерекеңнің адамгершілік қыр­­ларына тоқталды. ҚазМУ-да бірге оқы­ғанын, Ержұман Смайыл, Сүлей­мен Мәмет сынды тұлғалармен достық қарым-қатынастарын еске алды. «Ербол бізден жас болса да, салмақты ойымен, парасатты мінезімен нағыз сырбаз еді. Ол жастайынан көзге түсіп, әде­биетте де Ә.Нұрпейісов сияқты тым тал­ғампаз корифейлердің өзін ерте мойын­датты», деді. Сенатор Нұртөре Жүсіп бү­гінгідей алмағайып заманда Ербол ағадай кемеңгер адамдар болса, еліміз­дің ертеңіне жауап іздеп, стратегиялық мақ­­саттарымызды айқындауға белсене қатысар еді деп оның өмірден бей­мезгіл өткенін өкінішпен ауызға алды. Ақын­ның адамгершілік қырларына тоқталып, ­қам­қорлығын көргенін жеткізді. Жасан­­ды интеллект қарыштап дамып келе жат­­қан бүгінде Ербол Шаймерденовтің жи­на­­ған даналықтары, әсіресе қазақ афо­ризм­дері компьютер бағдарлама­ла­ры­на түгел енгенін қалайтынын айтты. Соны­мен бірге Ербол Шаймерденов тәуел­сіздіктің елең-алаңында Алматыда жа­­­зыл­ған «Без правых и левых» деген кітап­тың тұсаукесерін Мәскеуде ұйым­дастырғанын еске алды. «Сондай тамаша ұйымдастырылған тұсаукесерді өз басым содан бері көргенім жоқ», деп ақтарылды Н.Жүсіп.

Ақынның курстас достарының бірі Құдайберген Тұрсын Ербол Шай­мер­де­новтің студенттік жылдарда бірден көзге түсіп, Ержұман Смайылмен қатар белгілі тұлғаға айналғанын айтты. «Екеуі де біздің курсымыздың ақылы мен сабыры, барлық жақсы істің ұйытқысы болған еді», деді ол. Құдиярбек Ағы­баев өзі кәсіпқой композитор болмаса да, Е.Шаймерденовтің бірнеше өлеңіне ән шығарғанын қосты. «Оның байыпты жырлары әнге сұранып тұратын. Туған қаласы туралы «Город мой родной» деген өлеңіне орысша да ән шығардым. Артынан қазақша «Қызылжарым» деген ән де өмірге келді», деді ол.

Белгілі айтыскер ақын Рауан Қайдар осы кешке арнаған толғауын орын­­дап берді. Ал жергілікті зиялы қауым өкілдері арасынан журналист Жарас­бай Сүлейменов пен ғалым Зарқын Тайшыбай өздерінің Ербол Шаймер­де­нов туралы ойларын ортаға салды. Ақынның жары Күләш жеңгеміз жыр кешіне қатысқан жандарға алғыс айтты.

Келесі күні астаналық қонақтар ақын­ның туған ауылы Жаңажолдағы Сәбең кітапханасында тағы бір тамаша жыр кешіне қатысты. Ол артына бірнеше жыр жинағын қалдырған, Саттар Сейітқазин, Сағат Әшімбаев, Тұманбай Молдағалиев сынды ақын-жазушылармен жақын араласқан журналист Тоқтар Зікіриннің 75 жылдық мерейтойы еді. Осыдан екі жыл бұрын қатерлі індет өмірін үзіп кеткен Тоқаң сезімді жырларымен республикаға бір­шама танымал болды. «Дәм-тұзым таусылғанша татып жеген, Адам боп қалуды мен мақұл көрем. Өткіземін әр сөзді ой-електен, Жазылып жатқандайын ақырғы өлең», деп жырлаған әлеуметтік лириканың шебері Тоқтар Зікіриннің өлеңдерінен сезімді селт еткізетін өрнекті жырларды көп табуға болады.

Әкесіз өскен Тоқаң Қарағандының коо­ператив институтын бітіріп, ұзақ жыл­­ өз мамандығы бойынша қызмет атқарған. Бірақ ақын жүрек әдемі жыр­ға елегізіп, ақыры оны қаламгерлікке әкеледі. Алдымен облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің Шал ақын, Тими­рязев аудандарындағы арнаулы тілшісі ретінде еңбек етіп, өткен ғасырдың 90-жылдарынан Петропавл қаласына орнығып, зейнетке шыққанша облыстық газеттің беделді журналистерінің бірі бол­ды. Бала мінезді Тоқтар Зікірин жас-кәріге бірдей жағып, салмақты, сабырлы, байсалды мінезінен айнымаған. Бұл туралы жыр кешінде сөйлеген жандардың бәрі де жүректерінен ақтарылды. Соның ішінде құрдасы, бала кезден бірге өскен досы Жарасбай Сүлейменов, әріптестері Нұрсайын Шәріп, Нәзира Құрманкина, Қошан Қали, ақындар Дәстен Баймұқанов, Марал Оспанова, тағы басқалар айтты.