• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2024

Оқу жылына дайындық ойдағыдай

95 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында биылғы оқу жылында барлығы 75 976 оқушы мектепке барып, олар 458 мектеп пен 21 колледжде білім алады. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымына 17 мыңнан аса балдырған барады.

Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 7 351 жеткіншек аттаса, оны бітірушілер саны 3 875 оқушыны құрайды. Осыған қарап, мектепке келетін балалардың саны екі есеге өскенін көреміз. Бұл негізінен солтүстікке көшіп келген қандастар мен жұмыс күші артық аймақтардан қоныс аударушылар есебінен артып отыр. Сондай-ақ 76 мыңға жуық оқушының 33150-і қазақ баласы. Бұл – барлық оқушының 44 пайызы. Халық саны бойынша облыста жергілікті халықтың үлесі 38 пайыз болғанымен, оқушылардың үлесі 44 пайызға жеткені қуантады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын қазақ балаларының саны – 8 108, яғни 48 пайызды құрайды.

Бір жағынан, бұған қуанғанымызбен, келесі сандар жүректі ауыртады. Мә­селен, мектепке баратын барлық қазақ бала­сының 44,4 пайызы, яғни 14 728 жет­кіншек орыс тілінде оқиды. Соның ішінде Петропавл қаласының өзінде 10 105 қазақ баласы орысша білім алады. Мұның себебі көп. Біріншіден, баласының орысшаға жақсы екенін ескерген ата-аналар өзі де орысша сөйлейтін болған соң орыс мектебіне береді. Оларды баласының ертең мемлекеттік тілден мақұрым қалар болашағы алаңдатпайды. Екіншіден, орысша берген білім сапалы деген таптау­рын пікірдің әсері әлі де күшті. Көптеген білімді деген ата-ананың өзі солай ойлайды. Үшіншіден, ертеден орыс мектебінің көптігі, сондықтан тұрғылықты мекеніне жақын ата-аналарды көп ойлантпай, баласын соған бере салуға да себеп болып отыр.

Бір кезде ата-аналармен балаларын қазақ мектебіне беруге біршама жұмыс жүргізілді. Бірақ оның соңын кейбір орыс тілді пысықайлар «ата-аналарды баласын қазақ тіліне беруге мәжбүрлеп жатыр» деп шулатып, көлеңкесінен қорқып отырған базбір басшылар оны «ата-аналардың еркіне қол сұғуға болмайды», деп дереу тыйған еді.

Бүгінгі таңда облыс бойынша басқа этнос өкілдерінен 257 жеткіншек қазақ мектептеріне барады. Облыста барлығы 461 мектепке дейінгі ұйым, 86 балабақша бар. Соның 9-ы мемлекеттік тілде болса, араласы – 42. Сондай-ақ шағын орта­лық­тардың саны – 347, оның ішінде мем­лекеттік тілде білім беретіні – 119, араласы – 35. Қазір мемлекеттік тілде білім мен тәрбие беретін балабақшалар санын көбейту үлкен міндет екені айқын. Бұл мәселе мемлекеттік саясатты іске асырып отырған облыс басшыларын ойлантуы керек. Ұлттың жарқын болашағы тек экономикалық жетістіктерде емес, ұр­паққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру екенін үнемі ескеруі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл – Балалар жылы» деп жария­ла­ғанда: «Балалар – мемлекетіміздің жар­қын бола­шағының кепілі», деп айтқан еді. Сондықтан Солтүстік Қазақстан облы­сының басшылары бұл мәселеге түбегейлі назар аударғаны дұрыс.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауындағы талабына сәйкес елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асты. Қазір облыста 2 700 оқушыға арналған 4 жаңа мектеп салу қарастырылған. Былтыр Петропавл қаласының «Береке» және «Орман» шағын аудандарында 600 орындық 2 мек­теп­тің құрылысы басталды. Бұл мек­тептердің құрылысына Ұлттық қордан 4 млрд 184,4 млн теңге бөлініп, оны игерген соң биыл құрылысты аяқтауға тағы да 5 млрд 387,3 млн теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін «Жайлы мектептердің» құрылысы аяқталуға тиіс. Қазір 600 орын­дық «Орман» мектебі құрылысына 193 адам және 9 техника жұмылдырылған. Орындалған жұмыстардың жалпы көлемі шамамен 75%-ды құрайды. Ал «Береке» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы былтыр наурызда басталды. Қазір бұл нысанның құрылысында 97 адам және 9 бірлік техника жұмыс істейді.

Облыстық білім саласының сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Таласбаеваның айтуына қарағанда, бұл нысандарды пайдалануға беру биылғы 30 желтоқсанға дейін жос­парланған. «Қазір оларға білім алушылар контингентін қалыптастыру, педагогтер мен мектеп директорларын іріктеу бойын­ша жұмыстар жүргізіліп отыр. Сондай-ақ бізге биылғы бірінші жартыжылдықта былтырғы жаңғыртылған мектептерді ішінара зерттеу тапсырылған еді. Сол­түстік Қазақстан облысы бойынша былтыр 83 мектеп жаңғыртылған. Соның ішінде 42 мектепке сараптама жасалып, олардың сапасы талапқа сай екені анық­талды», деді ол.

Сонымен бірге «Жас өркен» шағын ауданында – 600 орынға, «Копай» шағын ауданында – 900 орынға арналған «Жайлы мектеп» салу жоспарланған. Олардың құрылысы келесі жылы аяқталмақ.

Облыста үш жекеменшік мектеп бар. Оның біреуі – Петропавл қаласындағы орыс шіркеуінің бір көріпкелі С.Радонеж­кийдің аты берілген мектеп. Екеуі – Қызыл­жар ауданының орталығы Бескөл ауылында. Оның біріншісі – «Бескөл мек­теп-колледжі», екіншісі – «Қызылжар Абай орта мектебі» деп аталады. Облыста аралас мектептерді қысқарту туралы әзірге ешқандай жоспар жоқ.

Биыл 53 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде 2,7 млрд облыстық бюджеттен – 3,4 млрд теңге бөлінген. Күрделі жөндеулер негізінен ғимараттардың төбелерін бекіту, терезе блоктарын ауыстыру, жылу мен электр жүйесін жаңғырту, ішкі және сыртын әрлеу жұмыстарын қамтыған. Барлық жұмысты оқу жылы басталғанша аяқтау жоспарланған. Жылу маусымына дайындық та назардан тыс қалған жоқ. «Биыл 1,6 млрд теңгеге 86 қазандық пен оған қа­жет жабдықтар сатып алынып, оны іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 98,1 мың тонна көмірге 1,5 млрд теңге бөлінді. Қазір оны мектептерге тасымалдап жа­тыр­мыз», деді облыстық білім басқар­масы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылы­ның бір ерекшелігі – шет тілі тек 3-сыныптан бастап оқытылады екен. Сонымен бірге жаңа оқу жылында 3-сыныптан бастап еңбек сабағы мен бейнелеу өнері оқытылады.

Біз Т.Протопоповадан «Жақсылық жаса!» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының ба­рысы туралы сұрағанымызда, ол жал­пы облыс бойынша әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған 11 мыңға жуық отбасының мектепке баратын балалары қамқорлыққа алынғанын айтты. «2024 жылға бюджеттен бұған 1 млрд 480 мың теңге қарастырылған. Қазір осы көмекті алуға ата-аналардан күн сайын дерлік өтініштер түсіп жатыр. Олардың көбі мектеп формасы мен аяқкиім сатып алуға мұқтаж екенін айтады. Көмек көлемі – әр балаға 43 407 тең­геден. Биыл қамқорлыққа мұқтаждар қата­рына бұрыннан атаулы әлеуметтік кө­мек алатындармен бірге тасқын судан зардап шеккен отбасылар қосылды», деді ол.

Бүгінге дейін 6 498 отбасының балалары 281,6 млн теңгенің көмегін алған. Қазір бұл жұмыс одан әрі жалғасып отыр. Мәселен,балаларды мектепке тасы­малдауға 147 автобус қызмет көрсетеді. Сондай-ақ шалғай ауылдағы мектептерде математика, ағылшын тілі, психолог, физика пәндерінің мамандары жетіспейді. Білім басқармасы мен жергілікті әкімдік жыл сайын бұл тарапта жұмыс істеп, алыс елді мекендегі білім ошақтарына барып, жұмыс істеймін дейтін мұғалімдерге әлеуметтік жеңілдіктер көрсетеді.

Былтырдан бастап барлық бастауы­ш сынып оқушылары тегін тамақ­пен қам­тамасыз етілді. Биыл да сол үрдіс жал­ғасып, 37 мың оқушыны тамақтан­дыруға 3,8 млрд теңге қарастырылған. Тамақ сапасын тексеру үшін әрбір мек­тепте ата-аналардың қатысуымен бракераждық комиссия құрылған.

Мектептердің материалдық-техни­калық базасын жақсарту да назардан тыс қалмаған. Биыл 47 пән кабинеті сатып алынып, оның ішінде 38 физика, химия, биология кабинеттері ауылдық мектептерді жаңғырту мақсатында беріл­ген. Жалпы, биыл мектептердің материал­дық-техникалық базасын жақсартуға бөлінген қаражат 6,4 млрд теңгені құраған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы