Өскеменге Шығыс Қазақстан өңірімен іргелес Ресей Федерациясының Алтай аймағынан бірқатар байқаушылар тобы келген болатын. Барнаул қаласынан келген халықаралық байқаушылар Президент сайлауын бақылау барысында аталған саяси оқиғаның еліміздің ынтымағы мен бірлігін тағы бір паш етіп жатқанын ерекше атап өтті. Біз ТМД байқаушылар миссиясының өкілі Петр Фризенді сөзге тартқан едік.
– Мен облыс орталығында таңертеңнен бері бірқатар сайлау учаскесін араладым. Барлық учаскелердегі ұйымдастырушылар қызметі, ондағы дауыс үдерісін жүргізуге жасалған жан-жақты дайындық маған ерекше әсер қалдырды. Екіншіден, біз сайлау учаскелеріндегі комиссия өкілдерінің сайлауды өткізуге тыңғылықты дайындықтары барлығын байқадық. Олармен әңгімелесу барысында қандай да бір көңіл толмаушылық, көздеріне түскен құқық бұзушылықтар туралы сұрадық. Ондай келеңсіз оқиға тіркелмеген екен. Кандидаттардың сенімді өкілдерімен де сөйлестік. Олар да дауыс беру үдерісі барлық заң талаптарына сай өтіп жатқанын атап өтті.
Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындарында үлкен бірлік, ұйымшылдық бар екенін байқадым. Өйткені, таңертең сайлау учаскелерінің алды толып тұрды. Халық кезек-кезегімен дауыс беріп жатты. Бұл қазақстандықтардың өз келешектеріне жауапкершілікпен қарайтынын, азаматтық тұрғыдан белсенді екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, бүкіл отбасымен, бала-шағасымен келіп жатқан тұрғындарды көргенімде, Қазақстан Республикасының Президентін сайлау елдегі маңызды оқиғалардың бірі ғана емес, салтанатты мерекелерден де кем түспейтінін аңдадым. Көптеген учаскелерде концерт ұйымдастырылып, сауда-саттық алаңдары жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, сайлауда мерекеде жүргендей жақсы әсер алдық. Халық жайдары, көңілді кейпімен бізге де қуаныш сыйлады.
Жазып алған
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».