• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2015

«Сайлау әділ әрі ашық өтті»

554 рет
көрсетілді

– дейді ТМД байқаушылар миссиясының өкілі Игорь Орлов Қызылорда облысы бойынша сайлау үдерісін қарайтын 3 мыңнан астам байқаушы тіркелген. Саяси науқан барысында олар барлық заңдылықтың сақталғанын қадағалады. Өңірдегі сайлау учаскелерін аралап, саяси науқанның өту барысын назарда ұстады. Бұл ретте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясының өкілдері де науқанның бел ортасында жүргенін айта кету керек. Біз аталған миссияның өкілі, Ресейдің Ленинград аймағы бойынша Орталық сайлау комиссиясының бас маманы Игорь Орловтан пікір сұрадық. – Игорь Владимирович, ең алдымен, кезектен тыс президенттік сайлауға дай­ын­­дық барысына қандай баға бересіз? – Бұл менің Қазақстанға тұңғыш сапарым. Алғашқы сапарым сайлаумен байланысты болып, ТМД бай­қаушылар миссиясының өкілі ретінде жұмыс іс­тегендіктен Қазақ­станның құқықтық-нор­мативтік ак­тілері мен «Сайлау туралы» Заңын толық оқып шықтым. Заңда барлығы түсінікті жазылып, сайлау барысының жай-жапсары анық көрсетілген екен. Қызылорда облысына келгеннен кейін ондаған сайлау учаскелерін аралап шықтым. Одан бөлек, қалалық және облыстық сайлау комиссияларының жұмысымен де таныстым. Ешқандай дайындықсыз отырған учаске көрмедім. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысындағы сайлау учаскелері дауыс беруге тыңғылықты дайын болды. – Ал сайлау барысы қалай өтті? – Барлық жұмыс пысықталып, әркім өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен атқарған жерде кемшілік болмайды. Сондықтан, облыс бойынша сайлау барысын бақылаған кезімде ешқандай келеңсіздік көрмедім. Комиссия мүшелері өте сауатты жұмыс атқарды. Ал байқаушылар сайлау барысына тікелей араласпай, тек бақылап қана отырды. Халықтың сайлауға белсене қатысқанын байқадым. Қай учаскеге бармасақ та, сайлаушылар молынан болды. Бұл халықтың өзінің және елінің тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетсе керек. – Сайлау учаскелерінде немесе басқа да орындарда белгілі бір үміт­керге ба­сым­дық беріл­генін байқа­мадыңыз ба? – Жоқ. Үш үміткерге теңдей жағдай жасалған. Жалпы, сайлау кезінде ақпарат құралдарында болсын, басқа да үгіт-насихат жұмыстарында болсын, белгілі бір үміткерге басымдық беріл­генін көрмедік. Ал сайлау учаскелерінде үгіт қағаздары да бірдей, талапқа сай орналасқан. Қысқасы, үміткерлердің бәріне тең мүмкіндік берілген, жағдай жасалған. – Ешқандай заңсыздық байқамадым дейсіз ғой... – Байқамадым. Өзі байқаушы деген ерекше миссия ғой. Біздің басты міндетіміз дауы­с беру кезінде орын алған заңсыздықтарды дер кезінде анықтап, жоюға атсалысу. Ал осы жұмысым барысында мен ондай келең­сіздіктермен жолықпадым. Және сол үшін қуаныштымын. – Өзге байқаушылармен пікірлесе алды­ңыз ба? Олар не дейді екен? – Халықаралық немесе республикалық байқаушылармен пікір алмасқан жоқпын. Дегенмен, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданындағы сайлау учаскелеріндегі байқау­шылармен сөйлестім. Олар да сайлаудың әділ, ашық және барлық талаптарға сай өтіп жатқанын жеткізді. Ешбір заң бұзушылықтың орын алмағанын айтты. Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.