• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2015

Ауылдықтар дауыс берді

359 рет
көрсетілді

Аудандағы Бірлік, Теңдік ауылдары жуырда болған су тасқынынан енді ғана ес жиып, үй-жай, қора-қопсыларын жөндеуде. Көктем сайын келетін табиғат апатынан олар біраз қиындықтар көрді. Қазір жағдай орнықты, облыс, аудан әкімдіктері тарапынан барлық көмек, қолдау көрсетілуде. Қазір су шайып кеткен жолдар жөнделуде. Су тасқыны салдарынан жарамсыз болып қалған Ащысу өзенінен өтетін көпір қалпына келеді деп отыр. Біз хабарласқан су тасқынынан зардап шеккендердің бірі, көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Гүлсім Манзулова осы ауылда 30 жылдан бері тұрады екен. – Соңғы рет 2013 жылы табиғаттың тосын мінезіне тап болған едік. Бұл жолы кешке қарай үйдің ішіне кірген су еденді көтеріп кетті. Абырой болғанда ауыл тұр­ғындары дін аман. Ауданмен байланыс үзілген жоқ. Қазір гуманитарлық көмек, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жет­кізілді. Бәріміз де аман-есенбіз. Бір кісі­дей болып бала-шағамыздың бола­ша­ғы үшін барып дауыс бердік, – дейді Гүлсім апай. Ауыл әкімі Ғалым Әменовтің айтуынша, су тасқыны кезінде ауыл тұрғын­дары аман, мал шығыны болған жоқ. Гүл­сім айтқан, су кірген үйлер де жөн­деледі. Қазір бұл мәселе қолға алынған. Ауылға Тараздан, Назарбаев зият­керлік мектептерінен көмек көрсеті­ліпті. «Жас Отан» жастар қанаты келіп, ақсақал­дар­дың үй жайын, қора қопсыларын тазартып, ағаштар егіпті. Тасқынның да беті қайтқан. «Біз Президент сайлауы өтетін күнге дайындалдық. 2015 жылдың 26 сәуірі есімізде жақсылық күн болып қал­сын деп ырымдадық», – дейді ауыл әкімі. Теңдік ауылында 358 сайлаушы бар екен. Ауылдықтар ертеңгілік жақсы көңіл күймен келіп дауыс беріпті. «Та­биғат апаты айтып келмейді. Ғұмыр бойы осы жерде тұрамыз. Ел мен жер, ауыл өзіміздікі. Үкімет, әкімдік ауылға қарай­ласып жатыр», – дейді ауылдық азаматтар. Біз телефон арқылы хабар­лас­қан Нескен Мәлкова апамыз бен Әлім­жан Әбішев атамыз ауылдастарының жас-кәрісі бар еліміздің болашағы үшін бұл маңызды шараға мән беріп дауыс бергендерін, алдағы жақсы күндер­ге сенім білдіретіндерін жеткіз­ді. Шалғай­дағы бөлім­шелерге екі кісі атпен барып, малшы қауымның да сайлаудан тыс қалмауын қамтама­сыз етіпті. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».  Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.