Өзім бала кезден 2-топтағы мүгедекпін. Тағдырдың жазуы солай шығар. Дегенмен, осындай қиыншылыққа мойымай, салым суға кетпей, өмір сүруге ұмтылып, қоғамнан өз орнымды табуға тырыстым. Сондай үлкен арманның жетегінде жүріп спортқа келдім. 2008 жылдан бастап паурлифтингпен кәсіби түрде шұғылданамын. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіліп жатқанын айтқым келеді. 2009 жылы ең алғаш рет шетелге шығып, Малайзия елінде өткен Азия ойындарына қатыстым. Сол жолы ешқандай жетістікке жете алмасам да бұл жарыс мені қанаттандырды. Өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Спорт арқылы биік белестерді бағындырып, елімнің атын шығара алатыныма сендім. Бір жылдан соң Азиялық Олимпиада ойындарына барып, қола жүлдемен оралдым. 2013 жылы Азия чемпионатында күміс жүлде иелендім. Лондонда өткен Паралимпиада ойындарына қатысып, үздік спортшы атандым. Аз ғана уақыттың ішінде халықаралық спорт шебері атағын қорғап шықтым. Мұның бәрі айтқанға оңай болғанымен, іс жүзінде көп еңбекті қажет ететін дүние. Міне, осы тұрғыда мемлекетіміз бізге зор қолдау көрсетіп келеді. Шетелде болатын жарыстың барлығына жіберіп, қаржылай көмек көрсетіп отыр. Оның сыртында алаңсыз жаттығу жасау үшін жағдайымызды жасауда. Мысалы, жақында ғана жаттығуға қатынау үшін бізге арнайы автокөлік берілді. Бұдан бөлек, паралимпиадашыларға арналған жаттығу залы ашылады деген де жоспар бар.
Соңғы жылдары еліміз мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша қолдап келеді. Оларды қайта даярлап, кәсіпке үйретіп, жеңілдетілген несиелер беріп, кәсіпкерлікпен шұғылдануына жағдай туғызып жатыр. Біз секілді адамдарды тағдырдың талқысына тастамай, қайта барынша қамқорлық танытып, қоғамға қажетті азамат ретінде қалыптасуымыз үшін аянып қалып жатқан жоқ. Осының барлығы мемлекеттің қамқорлығы. Сондықтан, мен бүгін таң сәріден тұрып, өзімнің азаматтық міндетімді орындау мақсатында сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым. Осындай саяси додаға еліміздің бір азаматы ретінде атсалысып, мемлекетіміздің кемел келешегін жасауда өз орның бар екенін сезіну де бір бақыт.
Кәбира АСҚАРОВА,
Азия чемпионатының
күміс жүлдегері.
Қызылорда облысы.