Қаламгерлік жол адам қолымен жасалып, үйрену арқылы келетін өнер емес. Задында, Тәңірдің сыйы болған ақсүйек өнер – ұлтқа берілген байлық. Ал жеке талант қандай мамандық игерсе де, «алмас қылыш қын түбінде жатпайтыны» талассыз ақиқат.
Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Көшпенділер» трилогиясымен ұлттық рухты асқақтатқан Ілияс Есенберлин есімі Алашқа аян. Ата-анадан ерте қалып, балалар үйінде өскен жазушы отызыншы жылдардың ортасында Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсіп, оны 1940 жылы аяқтап, алғашқы еңбек жолын Жезқазған кенішінен бастайды. Кез келген жазушының алғашқы жолы поэзиядан бастау алып жататыны шындық. Ілияс Есенберлин де 1945 жылы тұңғыш жыр жинағын шығарып, ізін суытпай тағы үш поэзиялық еңбегін өмірге әкеледі. Әйтсе де, шынайы суреткердің жазушылық даңқы «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары арқылы аспандай көрініп, алқалы қаламгерлердің тіліне ілігеді. Цензура қатаң тұста отаршылдыққа қарсы қылыш сермеген хан Кененің бірегей бейнесін жасаған дегдар жазушы қазақ рухының шідерден босанып, жаңаша ойлауына едәуір үлес қосты. Азаттық жолында қасық қанын пида еткен аузы дуалы билер мен айбарлы батырлардың тұлғасын көркем кестелеген ол елдің тарихи жадына түрен салды. Сол арқылы кейінгі буындағы жазушылардың тың тақырыпқа қалам сілтеуіне ықпал етті. Осылайша, Қазақ тау-кен институтының түлегі 1968 жылы «Айқас» романы үшін абырой биігіне шығып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Кәкімбек Салықов – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Қаламгердің есімі инженер ретінде ғана емес, исі қазаққа ақын болып танылды. Салқам мінезді жырлардың иесі Салықовтың өнерде қанат қағуына ақын атасы Молдахмет Тырбиев көп еңбек сіңірген деседі. Үкілі Ыбырайдың шәкірті болған алғыр атасының шапанының етегіне оралып жүріп, ән-күйге сусындап өскен жас талант алғаш домбыра тартуды үйренеді. Мектепте оқып жүрген шағынан жыр тудырып, ақын бала атана бастайды. Ән айтып, серілікті серік еткен есті тентек дарын, оқуында озат болып, мектепті күміс медальмен аяқтайды. Содан соң-ақ барлық шығармашыл жастар секілді Алматыға барып, журналист болуды армандаған бала шәкірт атасы Молдахметке асқақ арманын жайып салады. Атасы сәл ойланып, «балам, мен де ақынмын. Бірақ ақын болуға мамандық алудың қажеті жоқ. Қазақта ақын бар, ән айтатын, жазатын да адам бар. Бірақ Қаныш Сәтбаев сияқты инженер жоқ. Ол да Баянауылдан келіп, Жезқазғанды байытты. Мына қазақ тауының баурайы толған қазба байлық. Соны зерттейтін адам керек. Сен сол Қаныш оқыған оқуға бар» деген кеңес береді. Ақыры зәулім үміт пырағына мінген бала Алматыға емес, Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтына аттанады. Оны 1955 жылы аяқтап, Жезқазған кенішіне қатардағы маман болып қызметке орналасады. Қаламгердің жалынды жастығының жиырма жылы Жезқазғанда өтіп, шахтадағы қарапайым кен шеберінен, басшылық қызметке дейін өседі.
Кәкімбек ақынның тағы бір ескере кетер қыры – қайраткерлік жолы. 1984 жылы Өзбекстан компартиясы ОК бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін, автономиялық республиканың қордаланып қалған проблемаларын шешуге ден қояды. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне мән беріп, халықтың тұрмысын жақсартуға күш салады. Ерен жанашырлығы үшін сол елдің адамдары ақынды жақсы көріп, құрмет тұтады. Кәкімбек Салықов мұнан соң да Кеңес одағы Жоғарғы кеңесінің Экология комитетінің төрағасы секілді лауазымды қызметтер атқарады.
«Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далама сыймай кетем.»
Жезкиіктей еркіндікті, әділет пен бостандықты қалаған ақын жүрегінен туған осы әнге елтімейтін қазақ жоқ шығар. Бейне бір жезкиік дегеніміз – сол тұстағы қазақтың күйі секілді, рухының көрінісі іспетті.
Қалам иесінің алғашқы жыр жинағы 1970 жылы «Сыр» деген атпен жарық көрсе, «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі», «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов», «Бәйкен Әшімов» және Фазыл Кәрібжанов туралы «Заман сыры» атты көлемді поэмалары жырсүйер қауымның жүрегінен орын алды. Кәкімбек Салықов шығармашылығы сері Сәкеннің жалғасындай ұлттық қоңыр суретімен, дала мінезді үнімен қазақ поэзиясының алтын қорына қосылды.
Алтай мен Атырау арасындағы шалқар даланы ерен пафоспен жырлаған арғымақ тұрпатты ақын, Қазақстанның Еңбек ері, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің геология факультетін бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтын да оқыған. Тәмам түркінің намысын жыртып, жігерін жаныған отты жырлар ақынның атын аспандатып, халықтың сүйікті ұлына айналдырды.
«Дала қандай! Даладағы ат қандай!
Нөсер шөпке белшесінен батқандай.
Құйғытсам бір дала, қала болады-ау
Көз алдымда аунап бара жатқандай!»
«Арғымақтар» атты тұңғыш жыр жинағымен-ақ поэзияға түрен салған дарабоз дарынның «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы шет тілдерге аударылып, адамзаттың қарым-қабілетін, алып күші мен құдіретін көрсеткен шығарма ғасыр ұрпақтарына айрықша әсер етті. Ал 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабы Алтайдан өріп әрісі Америкаға, берісі Шумерге дейін жеткен Түркі өркениетінің түбірлі тамырын тарақтап, Ұлы ұлыстың ұрпағы екенімізді айғақтады. Алып ескерткіштерді қазып, түбін адақтаған салмақты кітап қолдан-қолға жетіп, жастар санасына төңкеріс әкелді. Олжас Сүлейменов қаламынан туған жауһарлар мұнымен толастап қалған жоқ. Тілтанушы ғалымдыққа бет бұрған ақын кейіннен «1001 сөз», «Сөз коды» сынды этимологиялық сөздіктер жазып, адамзат жаратылысының алғашқы ұғым тудырушы мәніне ден қойды. Сонымен қатар ақынның қаламынан туған сценарийлер арқылы «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз маусым», «М.Әуезов туралы сөз», «Үндістан сазы», «Жастық шақ заставасы», «Ақырғы аманат» т.б. фильмдер түсіріліп, көрерменге жол тартты. Талант – Тәңірден. Өзге мамандықты игерсе де, алып тұлға ішкі жанартауын лаулатып, ұлттың мерейлі қайраткері, қазақтың біртуар Олжасына айналды.
Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) есімі өлеңсүйер қауымға жақсы таныс. Мінезді шайыр Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін тәмамдап, одан соң Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсында білім алады. Алғашқы өлеңдерімен-ақ әдеби ортаны жалт қаратып, жалынды өрнектерімен көзге түседі.
«Көремін де бордай тозған даламды,
Көремін де жындай қозған қаламды.
Зар илеймін... О, ел-ана, жазғырма –
Рухани қарыны ашқан балаңды!»
Иран-Ғайып – нені жырласа да, жан сөлін сығып айтатын ақын. Жүрегі зар мен мұңға бөккен жолбарыс дауысты қаламгер «Жүрек жырлайды» атты тұңғыш жинағымен бірге «Жеті қазына», «Түннің көзі», «Өмір өлең», «Дүниежарық», «Сөз патша» секілді жыр кітаптары арқылы дала жанын, қыр арманын атырапқа жайды. Бір өзі бүкіл қазақтың тілімен сөйлей білді. Ал театрларда жиі сахналанып, шетелдерде қойылып жүрген «Қорқыттың көрі», «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Киелі күнә», «Хан-Абылай-Сабалақ», «Махамбет» атты драмалық дастандары ақынның үлкен табысы деуге болады.
Бір ғана қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде өзге мамандықты түгескен қаламгерлер жетіп артылады. Дәрігер мамандығын алған Чехов, Даль, әскерилер Толстой, Куприн бейнесі – сөзімізге дәлел, пікірімізге тұздық. Алдағы уақытта да бұл лек өз жалғасын табары даусыз.