ПЕТРОПАВЛ. 27 сәуір. Ардагерлер, жастар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестік жетекшілері, халық қалаулылары, сайлау белсенділері атынана орталық алаңға жиналған 10 мыңға жуық адам «Президенттің жеңісі–мемлекет тұрақтылығының кепілі!» атты жеңімпаздар форумына қатысып, салтанатты жағдайда аталып өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Орталық алаң мерекедегідей безендіріліп, президенттік сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жеткен Н. Назарбаевты қолдаған плакаттар мен ұрандар ілінді.
Жиынды аймақ басшысы Ерік Сұлтанов ашып, облыс тұрғындарын саси шараның ашық, еркін және демократия талаптарына сай өтуімен құттықтап, ел дамуының маңызды кезеңіне жол ашылғанын жеткізді. «Конституциялық құқықтарын кеңінен пайдаланған солтүстікқазақстандықтар сайлау учаскелеріне бір кісідей келіп, топтасқандықтың, ұйымшылдықтың жоғары үлгісін танытты. Тізімдегі сайлаушыларды 97,71 пайызы өз таңдауларын жасап, жерлестеріміздің 98,33 пайызы қазіргі Президентімізге зор сенім артты. Бейбітшілік пен татулық үшін өз таңдауларын білдірді», - деді өз сөзінде Ерік Хамзаұлы.
Жеңімпаздар форумында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, тыл ардагері Құдайберген Қалиев, «Тайынша-Астық» ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский, Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас директоры Қуаныш Бишімов, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімше хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов, жас журналист Нұргүл Оқашева, тағы басқалары сөйлеп, сайлау Қызылжар өңірі тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымы мен саяси көзқарасын айғақтап бергенін, халықаралық заң нормаларында сай өткен маңызды науқанға қатысты ешқандай бұрмалаушылықтардың болмағаны шетелдік бақылау миссия өкілдері тарапынан да қуатталғанын мәлімдеді. Сайлауда жастар да азаматтық ұстанымен ерекшеленіп, отан алдындағы жауапкершіліктерін іс жүзінде көрсете білді.
Форум «Қызылжар» «FRT Думан KZ», «Самғау», «Забияки» секілді танымал өнер топтары мен әнші-жыршылардың концерттік бағдарламасына ұласты. Әсем әуен көпке дейін Қызылжар аспанында қалықтап тұрды.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: egemen.kz