КӨКШЕТАУ. 27 сәуір. «Көкшетау» мәдениет сарайында «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен жеңімпаздар форумы өткізілді. Мерекелік іс-шараның шымылдығы «Достар» триосының орындауындағы «Қазақ елі осындай!» әнімен ашылды. Зал патриоттық рухты асқақтатар әнге тік тұрып қосылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жиынды жүргізушінің: «Қымбатты достар! Кеше ғана біздің елімізде тарихи маңызды оқиға – Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтті. Мұнда барша қазақстандықтардың үлкен сеніміне ие болған біздің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үздік шығып, жеңіске жетті. Бұл – біздің жеңіс!», – деген сөздері зәулім сарайды «Алақай» дауысқа бөледі.
Одан кейін төрге ілінген экраннан Елбасы еңбегінің тәлімді жолдарынан үзінділер, Қазақстанның табысты қадамдары, әлемдік абыройы бейнеленген көріністер, ақмолалықтардың кешегі сайлаудағы белсенділігін айшықтаған түсірілімдер көрсетілді. Ән-би әуезі, қуанышты құттықтаулар көңіл қайнарын тасытып тұрды.
Сөз Қазақстан Республикасы Президентінің сенімді өкілі, Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі облыстық штаб төрағасының орынбасары Серік Аяғановқа берілді. «Кешегі 26 сәуір күні біз Тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тағдыршешті саяси маңызды таңдауымызды жасадық. Мен жерлестерімді үміткеріміздің сайлаудағы лайықты әрі біз күткен жеңісімен құттықтаймын. Бұл жеңіс болашағымызды, тәуелсіз Қазақстанның болашағын айқындайды. Бұл баршамыздың, қазақстандықтардың ортақ жеңісі. Осы орайда, ақмолалықтарға Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің басым дауысын, яғни, 98 пайызға жуық дауысын бергеніне ризашылығымды білдіремін. Біздің бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын! Біздің қуатымыз – бірлікте! Елбасымен бірге жаңа жеңістерге жете берейік!»,-деді ол.
Жеңімпаздық форумдары облыстың барлық аудандарында да өткізілді.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz