Күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде жүріп аңғармаймыз, бірімізге асыл іні, бірімізге таудай аға бола білген Талғат Батырханұлы Пошимовтің бұл өмірден өткеніне де бір жыл толыпты.
Қарапайым ауыл баласы, сол кездегі М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Шымкент қаласындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады.
Білім беретін мектептегі ұйымдастырушылық қабілетін байқаған өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы 1991 жылы басқармаға қарасты «Облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындайды.
1992 жылдан бастап осы спорт мектебінің директоры қызметін атқарған Серік Адамұлы Төкеев 2000 жылы Ұлттық штаттық құрама командалары дирекциясының басшысы болып тағайындалуына байланысты орнына оның орынбасары, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының кандидаты Талғат Батырханұлы бекітіліп, дайындаған спортшылары әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізе білді.
Осы жылдар аралығында спорт мектебінің спортшылары Азия чемпионаттары, жазғы Азия ойындары, әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпия ойындарында олжа салып, жүлдемен оралды.
2000 жылы Аустралияның Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиадада еліміздің Ұлттық құрама командасының сапында Талғат Батырханұлы басқаратын спорт мектебінің алты бірдей түлегі жасындай жарқылдады. 57 кило салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шебері небәрі 20 жастағы түркістандық Бекзат Саттарханов жазғы Олимпия ойындарының чемпионы атанса, еркін күрес шебері Геннадий Лалиев 4-орынды, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Оразалиев 5-орынды иеленді.
Осы спорт мектебінен түлеп ұшқан талантты түлектің бірі – Отырар ауданының тумасы, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ересектер арасында үш дүркін (2001,2003, 2005) Азия чемпионы, бүгінде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Құрал Орынбасарұлы.
2004 жылы Грекия астанасы Афинада өткен жазғы Олимпия ойындарында спорт мектебінің еркін күрес бөлімінен түлеп ұшқан Геннадий Лалиев күміс жүлдеге ие болса, 2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен жазғы Олимпиада аламанында былғары қолғап шебері Еркебұлан Шыналиев қола медаль еншілеп, еліміздің мерейін үстем етті.
Сондай-ақ 2010 жылы Сингапур елінде тұңғыш рет өткізілген жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпия ойындарында таеквондо шебері Нұрсұлтан Мамаев күміс медаль иеленді. Талғат Батырханұлының басшылығымен дайындалған спортшылар арасында, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО және Еуропа жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әлемнің «Үздік жаттықтырушы» атағын екі рет иеленген Мырзағали Айтжанов, былғары қолғап шеберлері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шеберлері, әлем чемпиондары Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиев, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Вячеслав Ню, Сергей Копытов және бірнеше спорт саңлағын атауға болады. Бүгінде осы аталған спортшылардың бәрі спорт саласында қызметтерін абыроймен атқарып жүр.
Ойшылдар елінде дүниеге келген Талғат Батырханұлы Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облысындағы спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан санаулы мамандардың бірі еді. Бұған дәлел Талғат Пошимов басшылық еткен жылдары спорт мектебі 5 рет облыстың «Үздік спорт мекемесі» атағына ие болды.
Қазақта «Орнында бар оңалар» деген аталы сөз бар. Бүгінде Талғат Батырханұлымен жан жары Замира жеңгей тәрбиелеген 4 ұл-қыздан 7 немере өсіп келеді.
Келешекте ел спортын тізгіндеген басшылар білікті маманның дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесін лайықты бағалайды деген үміттеміз.
Көзі тірісінде ағамызбен қызметтес және дәмдес болған барлық бауырларға 2024 жылдың 14 қыркүйек күні, сағат 13.00-де Шымкент қаласы, «Нұрсәт» шағын ауданы «Сейітжан қари Есжанұлы» мешітінде құран оқылып, жылдық асы берілетінін хабарлаймыз.
Аға-іні, әріптестері