Ауыл – ұлттың қара шаңырағы
Кеңес дәуірінде халқымызды ауылдан ұзатпай, мәдениеттен, өркениеттен оқшау қалдырды. Соны өзіміз де бастан өткердік. Тіпті мектеп оқушылары ақысыз қара жұмыс істеді. Ауыл мен қала арасына көзге көрінбейтін өткел қойылды. Қысқасы, сол заманға бүгінгі күннің биігінен қарасам, көп нәрсеге көңілім толмайды.
Қазір жасым сексенді алқымдап қалды. Сонда да «Egemen Qazaqstan» газетінің әр санын қалдырмай оқимын. Талай алыптың қолтаңбасы қалған басылым заманға сай жаңаша түрленген. Оқырманға ой салар салмақты материалдар жиі жарияланады. Осы газетті оқып отырып, қазір ауыл мен қала мәдениеті жақындай түскенін аңғарамын. Бұрын шалғымен шөп шауып, арбамен отын тасыған ауыл тұрғындарының қасында қалалықтар әлдеқайда мәдениетті көрінетін. Қазір бәрі өзгерді.
Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің: «Әр ауылдан бір азамат шығып, туған жерін көркейтуге күш салса, ауыл ажарлана түседі», деп айтқаны бар еді. Қалада кез келген спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Ал ауылда ондай жағдай болған жоқ. Ауыл балалары бойындағы қабілеті мен өнерін өздері ұштады. Кейбір талантты жастар орыс тілін білмегеннен қоғамнан шеттеп қалды. Мәселен, біз әскерде болғанда орысшаны жетік білмегендіктен, қатты қиналдық. Содан намысқа тырысып, сол қиындықты жеңуге тырыстық.
Әскерден оралғаннан кейін Шалкөде ауылдық округіне қарасты Талас (Қошқар) ауылы Шоқан Уәлиханов атындағы сегіз жылдық орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып орналастым. Ағаштан салынған ескі мектеп. Жағдайы сын көтермейді. Спорт құралдары мүлдем жоқ. Оқушылар ескі бас киімнің ішіне шөп тығып, доп жасап ойнап жүр. Спорт алаңы да салынбаған. Бір жағынан, дене тәрбиесі пәнін ешкім сабақ деп есептемейді. Содан бірден жұмысқа кірістім. Алдымен оқушыларды ұқыптылыққа, тәртіпке үйреттім. Дене тәрбиесінде спорт киімін киюді талап еттім. Еркін күрестен спорт шебері едім. Соны пайдаланып, күрес үйірмесін аштым. Балаларды дайындайтын орын болмағандықтан, мектептегі ағаш шеберханасының еденіне сабан төсеп, сонда дайындалдық. Сөйтіп, аудандық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық.
1983 жылы мектебіміз он жылдыққа айналып, екі қабатты жаңа ғимаратқа көшті. Оқушылар саны 300-ге жетті. Дегенмен, мектептің спорт залы толық жабдықталған жоқ. Әріптесім Қаhарман Рақымбеков екеуміз апталап жүріп, спортзалды бір қалыпқа келтірдік. Күрес үйірмесінің жұмысын одан әрі жандандырдық. Бізге аудандағы қазақ күресінің жаттықтырушысы Бекболат Бірбаев ақыл-кеңесін беріп отырды. Аядай ғана елді мекенде ауыл спортын дамытуға жалғыз мен ғана емес, көптеген азамат үлес қосты.
Қазір ел еңсесі биік. Ауылда болсын, қалада болсын көздің жауын алар заманауи спорт кешендері жеткілікті. Жастарға спорттың кез келген түрімен айналысуға мүмкіндік мол. Кейде осы спорт сарайлары біздің жас күнімізде болғанда ғой деп армандаймын. Әрине, уақытты кері қайтара алмаймыз. Ауыл – ұлттың қарашаңырағы. Бастысы, осыны ұмытпайық.
Нұрлан ӘКІМБАЙҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз, «Ы.Алынсарин» төсбелгісінің иегері
ТАЛДЫҚОРҒАН
Отан отбасынан басталады
Мен Ұлыбританияның Эдинбург қаласында дүниеге келдім. Бүгінде №39 С.Қожықов атындағы мемлекеттік мамандандырылған лицейде оқимын. 3-4 жасымнан бастап әкем мен анам да, атам мен әжем де менің әртүрлі бағыттағы ынтамды қолдап, дамытуға тырысты. Бір атап өтерлігі, отбасымның әр мүшесі түрлі саладан хабардар және соған байланысты маған қолдау көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Мәселен, атам құрылысшы, негізгі хоббиі, яғни қолы бос кезіндегі алданышы – сурет салу. Атам маған сурет салуда көп кеңес береді. 2023 жылы қазан айында Ұстаздар күніне ұйымдастырылған Алматы қалалық «Бейнелеу» байқауында 200-ден астам оқушы арасынан 2-орын алдым.
Ал би және киім стилі жағынан анамның қабілеті айтарлықтай. Хореограф ұстазым биден үй жұмысы жаттығуларын тапсырғанда анама жүгінемін. Мысалы, биылғы Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған республикалық «Queen of Dance» би байқауында 1-орын жеңіп алдым.
Әжем – физик-математик. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Мені кішкентай кезімнен арифметикаға, өсе келе математикаға баулыды. 2019 жылы РФММ математикадан ұйымдастырған халықаралық «Mathematics Without Borders» олимпиадасында 3-орын, ал биылғы cәуір айында өткен Алматы қаласы мектептері арасындағы математикадан «Алтын сақа» олимпиадасында да 3-орын иелендім. Әрине, алда бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге талпынатын боламын. Сөз ретінде айта кетейін, әжем тек математик қана емес, дәмі тіл үйіретін түрлі тағам дайындайтын аспаз да.
Әкем – профессор, аттары әлемге әйгілі Кэмбридж, Глазго, Хэриот-Ватт университтерінде білім алған. Бүгінде ғалым, университетте оқытушы. Маған зерттеу жұмысының маңызды екенін түсіндіреді. Каникул кезінде өзіме қызық тақырыпқа қатысты ақпараттар жинап, зерттеуге тырысамын. Әрине, әлі үйренерім көп, зерттеуде жетістіктерге қол жеткіземін деген үмітім бар. Әкем айтады, ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы мемлекетіміз тез дамиды деп. Сондай-ақ әкеммен бірге спорт тақырыбында көп сөйлесеміз. Қолымыз боста бірге отырып ютюбтан бокс көреміз. Қыз балаға бокс не керек деп ойлауларыңыз мүмкін. Маған Мұхаммед Әли қатты ұнайды. Өйткені ол – тек боксшы ғана емес, еліндегі әділеттілік үшін күрескен адам. Мен де елімізде әділеттіліктің қазіргіден де тереңдеп, бекем орныққанын қалаймын, осы іске өз үлесімді қоссам деп армандаймын.
Қазір тіл білу – өте маңызды. Әкем қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін біледі, ал анам қазақ, орыс, ағылшын және поляк тілдерінде еркін сөйлейді. Тіл үйрену жағынан ата-анам маған үлгі. Қазір ана тілім – қазақ тілімен қатар, орыс тілінде еркін сөйлеймін. Ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Тәуелсіз еліміз үшін қазақ тілінің маңызы өте жоғары, сондықтан оған отбасындағы тәрбиеден бастап мемлекеттік деңгейде мән берілуі керек деп есептеймін. Мен қазақ тілінде кішкентай кезімнен атам айтатын ұлтымыздың ұлы тұлғалары туралы әңгімелерден үлкен әсер аламын.
Сабақтан, үйірме жұмыстарынан шаршап келгенде анамның: «Қазір қиналсаң, өскенде жемісін жейсің. Жақсы маман болсаң, Отаныңа жақсы қызмет етесің», деп айтқандары санамда жаңғырады. Әп-сәтте сергіп сала беремін. Ал хатымның соңында отбасымды жанымдай жақсы көретінімді, отбасы мүшелері мен үшін үлгі екенін атап көрсетсем деймін.
Айару ТАНЕКЕНОВА
АЛМАТЫ