Этностар тығыз орналасқан аймақтардағы ауыл жастарымен тікелей жұмыс істеу – маңызды мәселе. Оларға кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру, креативті идеялардың жарыққа шығуына ықпал ету – ел жастарын қолдауға бағытталған ілкімді жобалар санатында. Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Алматы қаласында «Jastar Generation-2024» халықаралық лагері өтіп, талапты жастар ортақ тәжірибе алмасу алаңында тоғысты.
Осымен екінші мәрте шымылдығын түрген танымдық лагерь биыл халықаралық мәртебе алып отыр. Ел аймақтарынан, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан секілді бауырлас мемлекеттерден келген жүздеген жас үш күн қатарынан Алматы іргесіндегі «Арман дала» лагерінде бас қосып, уақытын тиімді өткізді. Жоба аясында қатысушылар әр салада жетістікке жеткен табысты адамдармен пікір алмасып, бағдарлама қонақтары кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара қонақтарының қатарында Алматыдағы ЮНЕСКО аймақтық кеңсесінің директоры және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстандағы ЮНЕСКО өкілі Әмір Пирич, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина, Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері Александра Ле және Назым Қызайбай, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Президенті Рауан Кенжеханұлы, тележүргізуші Амината Уэдраого, кәсіпкер Бейбіт Әлібеков қатарлы танымал адамдар бар.
Жобаның ресми ашылу салтанатын ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жастарға табыс тілеп, Президент көмекшісі Руслан Желдібайдың халықаралық жастар лагерінің қонақтарына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде құрылым жетекшісі қатысушыларды үздіксіз ізденістерін тоқтатпауға шақырып, «Ассамблея жастары» тарапынан көптеген ауқымды іс атқарылып жатқанын атап өтті.
«Адамды шырқау биікке жетелейтін – білім мен еңбек. Осы жерге келген көпшілігіңіз – бірқатар табысқа, жетістікке жеткен азаматсыздар. Жастар бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісім мен ұлттық бірегейлікті нығайтуда сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Отанға деген сүйіспеншілікті, халық бірлігін бекемдеуді, Қазақстан халықтарына ортақ құрметпен қараудың үлгісін насихаттап келесіздер. Қазір еңбек етем, білім алам деген адамға жол ашық. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, тек елімізде ғана емес, Орта Азия елдерінің жастарымен ортақ идеялар аясында ынтымақтасып, еліміздің беделін биіктетесіздер деп сенемін», деді М.Әзілханов.
«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, жастарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік тілді этносаралық тіл мәртебесінде дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен әскери патриоттық мәдениетті ілгерілету бірлестік алға қойып отырған негізгі міндеттерге кіретінін мәлімдеді.
«Бүгінгі іс-шараға келген жастардың дені – ел аймақтарындағы жастар бірлестіктерінің жетекшілері мен белсенді азаматтар. Сондай-ақ қатарымызға биыл көрші елдерден делегат жастар келіп отыр. Біз оларға еліміздің тарихын, бай мәдениетін, жастарымыздың ынтымақ-бірлігін паш етеміз. Бүгінде «Ассамблея жастары» қанатында 9 мыңнан аса жас көшбасшы бар. Олар – күнделікті қоғамдық жұмыстарға атсалысып, ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген мемлекетшіл жандар. Белсенділеріміз мемлекеттік қызмет құрылымдарында, мемлекеттік институттарда, ғылым, мәдениет, экономика, бизнес, спорт секілді барлық жетекші салада бой көрсетіп жүр. Дәстүрлі лагерьдің мақсаты – өңірдегі жастар проблемасына, олардың талап-тілектеріне құлақ асу әрі бір мақсатқа жұмылдыру. Бізге ортақ алаң ұсынып, іс-шараның әсем Алматыда өтуіне мұрындық болған Алматы қаласының әкімдігіне алғыс білдіреміз», дейді Т.Джумурбаев.
Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков Алматы ел жастарының ең көп шоғыры орналасқан мегаполис екенін, шаһарда жастар санатындағы 700 мыңнан аса азамат еңбек етіп, білім алатынын, биылдың өзінде қалада жастарды қолдауға арналған 8 комьюнити орталық есік ашқанын атады.
Алматыдағы ЮНЕСКО аймақтық кеңсесінің директоры Әмір Пирич мәдениетаралық диалогті дамытуда жастарға үлкен сенім артылатынын айтып, Орталық Азия елдері жастарының мәдени ынтымақтастық орнатуы беделді ұйымның ғылыми және әлеуметтік жобаларына қолжетімділік тудыруға серпін беретінін жеткізді.
Жоба қатысушылары іс-шара аясында өткен шеберлік дәрістер мен мотивациялық кездесулер өздеріне шабыт сыйлағанын айтады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дәстүрлі жобаның ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.
АЛМАТЫ