• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 17 Қыркүйек, 2024

Экономикалық байланыстарды тереңдететін игі қадам

89 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцтің қатысуымен «Қазақстан-Германия» бизнес форумы өтті. Форум басталғанға дейін олар энергетика, машина жасау, логистика, тау-кен металлургиясы және ауыл шаруашылығы салаларындағы қазақ-герман бірлескен жобаларына арналған көрмені тамашалады.

Президент арнайы сөзін Герма­ния­­ның Федералдық канцлері Олаф Шольц пен осы елдің ірі бизнес өкілдеріне аталған форумға қатысқаны үшін ризашылық білдірумен бастады. Мемлекет бас­шысының айтуынша, Канц­лердің ресми сапары қазақ-герман қатынастарында маңызды кезең басталғанын білдіреді әрі өзара ықпалдастықты тереңдету үшін мол мүмкіндікке жол ашады.

– Елдеріміз арасындағы тығыз дип­ломатиялық қарым-қаты­нас­тар кең ауқымды эконо­микалық байланыстардың дамуына ықпал ететін негізгі фактор саналады. Германия дүниежүзіндегі ірі әрі ең дамыған экономикалардың бірі ретінде өндіріс, технология, жасыл экономика және инновация салаларын­да әлемдік стандарттарды ай­қындайды. Неміс өнімі өзі­нің ерекше сапасымен және сенімділігімен баршаға мәлім, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр екіжақты тауар айналымы 41 пайызға ұлғайып, 3,9 млрд долларды құрады. Герма­ния­­дан келетін тікелей инвести­ция да едәуір артқан. Оның мөл­шері 64 пайызға өсіп, 770 млн дол­лар­ға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

– Біз жалпы құны 55 млрд доллар болатын 66 бірлескен инвестициялық жоба бойынша уағ­даластыққа қол жеткіздік. Гер­мания кәсіпорындары елімізге көбірек келіп, «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» деген ортақ бренд аясында жергілікті өнді­ріс­ті жолға қояды деп үмітте­неміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан білім мен инновацияға негізделген жаңа экономикалық парадигманы ілгерілетіп жатқанына назар аударды. Осы мақсатқа жету үшін еліміз түбегейлі экономикалық және әлеуметтік реформалар жүр­гізіп жатыр. Экономиканы либе­рализациялауды көздейтін мұн­дай шаралар, ең алдымен, әділ бә­се­ке­лестікті және кәсіпкерліктің ер­кін­дігін қамтамасыз етуге басым­дық береді. Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін Қазақстан жаңа инвес­тициялық циклді бастады. Оның аясында 2029 жылға дейін шетелден 150 млрд доллар тікелей инвес­тиция тарту жоспарланып отыр. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақ­тастықтың бірқатар перспективті бағытына тоқталды.

– «Аса маңызды шикізатты инвести­ция мен технологияға айырбастау» праг­матикалық формуласына сай табиғи ре­сурстарды өндіру және өңдеу ісін дамытуды ұсынамыз. Біздің минералды-ши­кізат қорымызда әлі барланбаған 5 мың­нан аса кен орны бар. Бұл кеніштердің құны триллиондаған долларға баға­лана­ды. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктестері маңызды шикізат сау­дасы бойынша консорциум құрып жатыр. Біз бұл бастаманың таяу арада нақты іске асуын асыға күтіп отырмыз. Бұған қоса HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыстарын жүргізу туралы жоспарын құптаймыз. Бұл жобаға салынатын инвес­тиция көлемі – 500 млн доллар. Еліміздің бай ресурс қоры өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды кеңейте түсуге мол мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы тағы бір перспек­тивті бағыт ретінде энергетика саласына тоқ­талды. Оның айтуынша, Қазақстан бар­ланған мұнай қорының көлемі жағынан Еуразия құрлығында екінші орында және әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуші ірі елдердің санатына кіреді. Ел мұнайының 70 пайызы Еуропа Ода­ғы­на жөнелтілетінін ескерсек, еліміз экс­порт мүмкіндіктерін ұлғайтуға, осылай­ша жаһандағы энергия ресурстары тапшы­лығының азаюына ықпал етуге дайын.

– Германияның мұнай-газ жабдықтары және қосалқы бөлшектері өндірісін еліміз­де локализациялау – негізгі басым­дық. Бір сөзбен айтқанда, неміс өндірісінің Қазақ­станға келгенін қалаймыз. Бұл отан­дық өнеркәсіп саласына озық техноло­гиялар­дың енгізілуіне септігін тигізер еді. Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері секторындағы әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Көптеген әлемдік ірі «ойыншылар» бұған көз тігіп отыр. Мысалы, немістің Svevind group компаниясы Қазақстанға 50 млрд доллар инвестиция салып жатыр. Бұл жобаның мақсаты – «жасыл» сутегін өндіріп, оны Еуропа нарығына сату, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Еур­а­зияның төрінде стратегиялық тұрғы­дан ұтымды орналасқан, ол еліміздің өңірдегі ең басты сауда және логистика орталығына айналуына мол мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы «Орта дәліз» қазіргі кезде Еуропа бағытындағы ең қысқа әрі сенімді бағдар саналатынына назар аударды. Аталған күрежол арқылы жылына 10 млн тоннаға дейін жүк жеткізуге бола­ды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-сат­тық­­­ты одан әрі жандандыра түсу үшін «Орта дәлізді» Трансеуропа көлік желі­сі­­­мен және Еуропа Одағының «Жаһан қақ­па­сы» бастамасымен ұштастыруды ұсынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Германиямен фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің келешегі зор деп санайды. Еліміз дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтары өндірісін белсенді түрде дамытып келеді. 2025 жылға қарай ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Президент Қазақстанда ауыл шаруа­шылығын дамытуға да мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп жатқанын айтты. Әлемдегі ірі бидай экспорттаушылардың бірі ретінде еліміз агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға, салаға жоғары технологиялар мен агротехнологиялық инновацияларды енгізуге мүдделі.

– Қазақстан Еуразиядағы жетекші ақпараттық технологиялар орталығына айналуды көздейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанды цифрлық технологияларды енгізу жағынан үздік 30 елдің қатарына қосты. Біз ғылыми-зерттеу жобалары, стартаптар, техникалық білім беру және тренингтер ұйымдастыру, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы жаңа IT-жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықты барынша кеңейтуге ұмтыламыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Астана» халықара­лық қаржы орталығы герман компанияларына жаңа серіктестік құру мүмкіндіктерін іздеуге көмектесе алатынын айтты.

– Қазір АХҚО инвестициялар, инновациялар және қаржы қызметтері тоғысқан бірегей өңірлік орталыққа айналды. Франкфурт, Лондон, Дубай, Нью-Йорк және Сингапурдағы жетекші халықара­лық қаржы орталықтарының барлық артықшылығын мұнда да пайдалануға болады. Біздің Орталық инвестиция тарту үшін салық, виза және еңбек сая­саты жағынан бұрын-соңды болмаған қолайлы шарттар мен жеңілдіктер ұсынады. Әр инвесторға жеке қолдау көрсетіледі. Британия заңнамасына негізделген әділ сот жүйесі жұмыс істеп тұр. «Астана» халықаралық қаржы орта­лығында 80 елден 3 мыңға жуық компания тіркелген. Соның 20 компания­сы – германиялық. Олардың саны жуық арада тағы да өседі деп үміттенеміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тын­дылай келе, бүгінгі кездесу айтарлықтай нәтиже беріп, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету үшін маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Олаф Шольц қатысқан бизнес форум аясында төмендегідей қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті:

Қазақстан Республикасы Өнер­­кә­сіп және құрылыс министрлігі мен Гер­ма­ния экономикасы Шығыс комитеті ара­сын­дағы Техникалық реттеу саласын­дағы ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Германия бастамаларының Жол картасы. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Svevind Energy компаниясы арасындағы «Жасыл сутегі» жобасына байланысты зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. ҚР Экология және табиғи ресурс­тар ми­нистрлігі, ҚР Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі мен «Siemens» жауапкер­ші­лігі шек­теулі серіктестігі арасындағы өзара түсі­ністік туралы стратегиялық меморандум. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Siemens Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім. ҚР Көлік ми­нистрлігі мен «SKYHANSA» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі арасындағы Халық­аралық жүк және жолаушылар әуе­жайының құрылысы бойынша жобаны бірлесіп іске асыру жөніндегі негізгі келісім. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «HORSCH Maschinen GmbH» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «KfW Bankengruppe» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «CLAAS Global Sales GmbH» арасындағы ынты­мақтастық туралы келісім. «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК және ГФР Геоғылымдар мен табиғи ресурстардың федералдық институты (BGR) арасындағы ниет туралы меморандум. «Қазақстан даму банкі» АҚ мен Deutsche Bank арасындағы мандаттық хат. «Qazaq Kalium Ltd.» АҚ және KfW Bankengruppe, Euler Hermes Group арасындағы «Батыс Қазақстан облы­сындағы «Сәтімола» кен орны базасын­дағы калий тұздары мен бор қышқылын өндіретін байыту-өндірістік кешенін салу» жобасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум. «Агромашхолдинг» АҚ және Amazonen-werke h. Dreyer Se & Co.Kg. ара­сындағы Қостанай облысында «Condor» сепкіштерін бірлесіп өндіру бойынша жобаны іске асыру жөніндегі келісім.

Сондай-ақ Германия Федеративтік Республикасы делегациясының сапары шеңберінде екі елдің түрлі орталық және жергілікті мемлекеттік органдары, бизнес құрылымдары арасында 23 құжатқа қол қойылды.