• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 09:15

Жалған есеп – қауіпті құбылыс

79 рет
көрсетілді

Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, эко­но­ми­калық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында жалған ақпар беру ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды баға­лауға кедергі келтіріп отырғанына ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы арнайы комиссияның 2 млн ірі қара және 3 млн-нан астам уақ малдың санда бар, санатта жоқ екенін анықтағанын айтып, мұның бәрі мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық деп мәлімдеді.

Ауыл ша­руа­шы­лы­ғын­­­дағы көз­бояу­шы­­­­лық, яғни жалған есеп беру – кешегі кеңес заманынан бері келе жатқан теріс құбылыс. Шынтуайтында, жоспарлы эко­номикаға негізделген одақта қосып жазу жалған даңқ шығару және құрметті атақ пен марапат алу үшін қажет болды. Жыл сайын «отан қамбасына миллиард пұт астық тапсырғаны үшін» еліміз бен өңір басшылары «Социа­листік Еңбек Ері» атағын алып, омырауларына «Орақ пен балға» алтын медалі мен Ленин орденін қоса тағып жатты. Мұндай жоғары марапатқа қосып жазудың «құдіретімен» «100 биеден 100 құлын алған» жылқышылар мен «100 саулықтан 130-140 қозы өргізген» шопандар, орақ науқанында 15-20 мың центнер астық бастырған комбайншылар және өз кәсібі бойынша «рекордтық көрсеткіштерге» қол жеткізген тағы басқа жұмыс­шы­лар да ие болды. Ал еліміз тәуел­сіздік алып, нарықтық эконо­ми­каға көшкеннен кейін қосып жазу, Президент айтқандай, мемле­кет­тік бюджеттен субсидия ретін­де қыруар қаржы алу үшін қолда­ны­латын амалға айналды.

«Өкінішке қарай, агро­­­­өнер­­кәсіп кешеніндегі нақты жағ­дайды бұр­малап көрсететін қосып жазу бұрыннан бар. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысына осы өткір проблема жайлы баян­дауды жөн көрдім. Президент тиісті тапсырма берген соң санда бар, санатта жоқ мал мен өнімді есептен шығару жөніндегі комиссия құрылып, жұмысқа кірісті. Нәтижесінде, 2 млн ірі қара мен 3 млн-нан астам уақ малға қоса, 3 млн тон­­на сүт қосып жазылғаны әш­ке­реленді. Осындай фактілер өсімдік шаруашылығында да бар. Ондағы нақты жағдайды анықтау жұмысы осы жылдың үшін­ші тоқсанының соңына дейін аяқталуға тиіс. Қосып жазу­­ды жою бізге сала жұмысын сауат­­ты жоспарлауға мүмкіндік бере­ді», деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Мал санын қосып жазуға, әсіресе жеке қосалқы шаруа­шылықтары бар ауыл тұрғындары үйір болып шықты. Себебі олар дербес статистикалық есеп берумен айналыспайды. Мұның өзі үй шаруашылығы секторындағы төрт түлікті санау әдісі дұрыс жасал­мағандықтан, статистиканы бұрмалауға мүмкіндік беріп отырғанын көрсетті. Осыған орай министрлік жеке қосал­қы шаруашылықтардың өндір­ген өнімінің есебін жүргізу және мемлекеттік қолдау алу үде­ріс­терін цифрландыруға кірісті.

АШМ биыл фермерлерге төмен­детілген мөлшерлеме бо­йын­ша несие беруге мем­ле­кет­тік қаржы институттарын субсидиялауды іске асыра бас­та­ғаны да қосып жазуды жоюға оң ықпалын тигізетіні анық. Бұл тетік көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын несиелеу және лизингті қаржыландыру кезінде қолданылды. Осы орайда Президент биылғы Жол­дауында екінші деңгейдегі банк­терді агроөнеркәсіп кешенін несие­лен­діруге тарту үшін оларға да субсидия бөлу тәжірибесін қолдануды тапсырғаны шаруаларды айналым қаражатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығындағы сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қосып жазуды болдырмауға жол ашады. Кейінгі 20 жылда мемлекетіміздің аграрлық саясаты тұрақсыз болып, субсидия беру ережесі 57 рет өзгеруі салдарынан ауыл шаруашылығы бюджет қаражаты ең көп жымқырылатын саланың біріне айналды. Деген­мен қосып жазудың алдын алып, түп-тамырына балта шабуға қолданыстағы заңнаманы қайта қарау да қажет.

Өйткені «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» Кодекстің 497-бабында: «Мемлекет­­тік статистиканың тиісті органда­рына анық емес бастапқы ста­тистикалық деректерді ұсыну ескерту жасауға әкеп соғады; Мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына бастапқы статистикалық деректерді бел­гіленген мерзімде ұсынбау жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адам­дарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 14, орта кәсіп­керлік субъектілеріне – 20, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш мөл­ше­рінде айыппұл салуға әкеп со­­ғады; Осы баптың бірiншi ­және екінші бөлiктерінде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер жеке тұлға­­ларға – 14, лауазымды адам­дарға, коммерциялық емес ұйым­­­дарға, шағын кәсiпкерлiк субъек­­­­тiлерiне – 20, орта кәсіп­керлік субъектілеріне – 40, ірі кә­сіпкерлік субъектілеріне 150 ай­­­лық есептік көрсеткіш мөл­ше­­рінде айыппұл салуға әкеп соғады», деп көрсетілген.

Жалған есеп беруге әккіленіп алған жеке және заңды тұлғалар мұн­дай жеңіл жаза түрлерін шыбын шаққан құрлы көрмейді. «Дәнік­­кеннен құныққан жаман» демек­ші, олардың алдау жолымен мемлекет қаржысын жым­қы­­руына жол бермеу үшін заң тала­бын қатайтқан жөн. Бұл ретте кеңес заманында қосып жазу әкім­шілік құқық бұзушылық емес, қыл­мыстық құқық бұзу­шы­лық саналып, қатаң жаза бел­гіленсе де, осы теріс құбылыс тыйыл­мағанын еске­ру – тарихтан тағылым алу бол­мақ.

Тағы бір назар аударарлық мәселе – елімізде жалған есеп­ беру­мен қатар, азайтып жазу сын­­ды теріс құбылыс та бар. Бұл да – жеке қосалқы шаруа­шы­­­лық­тардағы мал басын шектеген кеңес зама­нында туындап, әлі күнге жалғасып келе жат­қан келеңсіздік. Сондықтан ауыл тұрғындарының қолында нақ­ты қанша мал бар екенін әкімдер де, статистика органдары да анық білмейді десек, қате­леспейміз. Бұл сөзімізге дәлел де бар. Былтыр қыста мұз қатуына бай­ланысты Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында үйір-үйір жылқы тебіндей алмай, аштан қырылған. Соның санын анық­тауға барған министрлік өкіл­дері өлексесі табылған 67 бас жыл­қы­ның сәйкестендіру нөмі­рі бол­ма­ға­нына байланысты олардың иесі кімдер екенін біле алмаған.

Байтақ дала төсінде еркін жор­­тып жүрген киік санын анық­­­та­ға­ны­мызбен, ауыл тұр­ғын­дары­ның ен­шісіндегі төрт түлік санын дәл білмейтініміз – парадокс. Кем­ші­­лікті түзету келесі жылы өткізі­ле­тін ауыл шаруашылығы санағы барысында ескерілсе, құба-құп. 

Соңғы жаңалықтар