• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Қыркүйек, 2024

Орталық Азия – Германия: Тұрақты ұстаным, сенімді серіктестік

122 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің екінші кездесуі өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осынау айтулы іс-шараға арнайы келген Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Олаф Шольцті, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевті жылы ұшырай қарсы алды.

Байланысты нығайтатын басымдық

Саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқаны және өңірлік кооперацияға қолдау көрсеткені үшін Федералдық канцлер Олаф Шольц пен Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына ризашылығын білдірді. Президент былтыр қыркүйекте Берлинде басталған жоғары деңгейдегі диалог тұрақты және сенімді сипатқа ие болғанын атап өтті.

– Бұл Орталық Азия мемлекеттері мен Германияның өңірлік стратегия­лық серіктестікті жан-жақты дамыту­ға мүдделілігі мен ұмтылысын айғақтай­ды деп санаймын. Біздің кездесуіміз бірлескен жұмысты қорытындылап қана қоймай, кооперацияны одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттарын айқындауды мақсат етеді. Бүгін са­у­да, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім-ғылым сияқты салаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Сындарлы пікір алмасулар елдерімізге пайда әкелетін шешімдер шығаруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірін­ше, осы күні «Орталық Азия – Гер­мания» форматындағы көпжақты ынты­мақтас­тық тарихында жаңа кезең басталады.

– Германияның әлеуметтік-эко­но­ми­калық, ғылыми-техникалық тұр­ғы­дан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвес­тициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Біз Германия­ның өңіріміздегі барлық мемлекетпен теңқұқылы серіктестікті дамытуға ниет танытқанын жоғары бағалаймыз. Оған Германияның социал-демократия­лық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты дәлел бола алады, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз «Табысты Орталық Азия – табыс­ты Қазақ­стан» формуласына сай «Орталық Азия плюс» форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмты­латынын жеткізді. Сондықтан әлем­нің ең дамыған мемлекеті әрі Еуропа одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен кең ауқымды серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық.

Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

– Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 млн долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.

– Германияға энергетикалық ресурс­тардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды, оның ішінде Германияға аса маңызды материалдарды жеткізу көлемін ұлғайтуды басты бағыттың бірі деп санайды.

– Қазақстан Германия компания­ларын сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Өңірдегі кенді бастапқы және қайта өңдей отырып, «шикізатты технология­ға айырбастау» қағидаты бойынша серіктестік орнатуды ұсынамыз. Бұл орайда «HMS Bergbau» компаниясының Шығыс Қазақстан облысында литий­ді игеру және өңдеу бойынша инвес­ти­циялық жобаны іске асыруын құптаймыз. Оның құны 500 млн доллардан асады. Біз еліміздің аумағында бағалы және түсті металдардың кен орнын барлап, игеру үшін германиялық инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Еуропалық серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстанның Технология­лық болжау орталығы базасынан Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құрған жөн деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Бұған қоса көлік-логистика сала­сындағы байланысты нығайту мәселесіне де баса назар аударылды.

– «Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан перспективасы зор. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 млрд еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент «жасыл» энергияға көшу және су ресурстарын сақтау мәселелеріне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселе­сінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келе жатқанын айтты.

– Қазақстан қазір Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады. Біздің пікірімізше, қордың қызметі өңірдегі орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етеді. Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөніндегі бастама өте өзекті. Бұл бастаманы бүгінгі кездесуге қатысушылардың бәрі қолдайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылым-білім саласындағы байланыстың дамуын маңызды міндет ретінде атап өтті. Қазақстан Президенті Германияның ғылым-білім қауымдастығын жасанды интеллект, цифрландыру және «жасыл» технология сияқты перспективті бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Сонымен қатар халықаралық қауіп­сіз­дік пен тұрақтылықты нығайтуға баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі геосаяси жағдайда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері көпжақты ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде ұдайы назарда болатынын атап өтті.

– Елдеріміз санқырлы форматта, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз алдағы уақытта да әлемде баламасы жоқ осынау әмбебап ұйымның терроризммен, экстремизммен, заңсыз көші-қонмен және климаттың өзгеруімен күрестегі, сондай-ақ бітімгершілік пен қарусыздандыру ісіндегі күш-жігерін толықтай қолдауға ниеттіміз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау үдерісіне де белсене атсалысуға дайын. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық. Орайлы сәтті пайдалана отырып, 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған Қырғыз Республикасы­на табыс тілеймін. Қырғызстан Орта­лық Азияда және одан тысқары жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жиында айтылған барлық ұсыныс қабылданатын Бірлескен декларациядан көрініс табатынына сенім білдірді.

Саммитте ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

 

Өңіраралық экономикалық кооперацияға тың серпін береді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, ГФР Канцлері және Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық канцлер Олаф Шольцке, Орталық Азия ел­дері­нің президенттері мен неміс ком­панияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия – Германия» форматындағы екінші кездесу санқырлы серіктестікті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті. Қазақстан Президентінің айтуынша, жан-жақты пікір алмасулар мемлекеттер басшыларының ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растайды.

– Германия мен өңірдегі мемле­кеттердің арасындағы байланысқа ұдайы дәнекер болып келе жатқаны үшін Германия экономикасы Шығыс комитетіне ерекше алғыс айтамын. Германия – экономикалық және технологиялық инновация саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. Бұл елдің өнімдері өзінің сапасымен әйгілі. Ал Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті орасан зор әрі өзара тиімді серіктестікке мол мүмкіндік ашатын аймақ. Орталық Азия – Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан технологияны трансферттеу, өндірісті локализациялау және қосылған құны жоғары өнім шығару ісінің орталығы бола алады. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі салада ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Аса қажетті шикізатты игеру, энергетика, көлік және логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы мен ақпараттық технология сияқты салалардағы кооперацияны одан әрі нығайтудың перспективасы мол, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кездесуге қатысушылар достық және сындарлы сипатта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылауға мүмкіндік алғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев идея мен тәжірибе алмасу өңірдегі мемлекеттердің жан-жақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы ашық және мазмұнды диалог үшін кездесу қатысушыларына алғыс айтты.

– Біздің жан-жақты талқылаулары­мыз Орталық Азия мен Германия арасын­дағы экономикалық ынтымақтас­тық­­тың түрлі салада мол әлеуетке ие еке­нін көрсетті. Өңіраралық экономика­лық кооперацияға тың серпін беретін ауқымды мәселелерді қарастырдық. Оның ішінде инфрақұрылым мен энергетикадан бастап технология мен инновацияға дейінгі салалар қамтылды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында айтылған Экономикалық кеңес құру туралы ұсынысты қолдады. Аталған орган неміс инвестициясын тартуда және Орталық Азия мемлекеттері мен Гер­мания арасындағы өзара ықпалдастық­тың орнықты институционалдық базасын қалыптастыруда белсенді рөл атқара алады.

Жиында ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Прези­денті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, сондай-ақ «Siemens Energy AG» компаниясының басқарма төрағасы, Германия экономикасы Шығыс ко­митеті төрағасының орынбасары Кристиан Брух, «KNAUF Gruppe» компаниясын басқарушы серіктестердің өкілі Александр Кнауф, «Ernst Klett AG» компаниясының бас атқарушы директоры Филипп Хаусманн, «DB E.C.O. Group» компаниясының атқарушы кеңесінің төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия жөніндегі жұмыс тобының өкілі Нико Варбанофф, «Siemens Healthineers AG» компаниясының басқарма төрағасы Берндт Монтаг, «CLAAS Group» төрағасы Ян-Хендрик Мор сөз сөйледі.